"Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары" қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы қаулының мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін Астана қаласының аумағанды таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін жіберуді;
4) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
5) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде аумақтық әділет органына осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.М. Хорошунға жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Астана қаласының әкімі | Ә. Исекешев |
Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 7 қарашадағы № 108-2292 қаулысына қосымша |
Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жолаушы – жол жүру құжаты (билеті) бар және қалалық рельсті көлікте жүретін жеке тұлға;
2) қалалық рельсті көлік – қала шекарасындағы және қала маңы аймағындағы жолдармен жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік түрі (метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті, монорельсті көлік)
3) маршрут – көлік құралының бастапқы және соңғы пункті арасындағы жүру жолы;
4) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиісті рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралын иеленушi жеке немесе заңды тұлға.
3. Қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығындары субсидиялауға жатады.
4. Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын субсидиялау тиісті бюджеттен жүргізіледі.
2. Қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібі
5. Астана қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушыларды тасымалдау шығындарын субсидиялау үшін жергілікті атқарушы орган мен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушы арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жолаушыларды тасымалдау шарты (бұдан әрі – Шарт) жасалады.
6. Тасымалдаушы Шарт жасасқаннан кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жергілікті атқарушы органға кірістер мен шығыстардың ай бойынша бөлінген жылдық жоспарының жобасын бекіту үшін қажетті құжаттарды ұсынады, оны жергілікті атқарушы орган түскен күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде бекітеді.
7. Ай сайын, есептік айдан кейiнгi айдың 20-на дейiнгі мерзiмде, тасымалдаушы тапсырыс берушіге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) орындалған жұмыстар актiсi;
2) кірістер туралы есеп;
3) шығыстар туралы есеп.
8. Жергілікті атқарушы орган ұсынылған құжаттардың анықтығын тексереді, тасымалдаушының шығындарын субсидиялау сомасын анықтайды және төлем ведомості қалыптастырады.
9. Жергілікті атқарушы орган тасымалдаушының ағымдағы шотына тиесілі соманы аудару үшін төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына және бюджеттік бағдарламаға сәйкес аумақтық қазынашылық бөлімшеге төлеуге екі данада шот ұсынады.
10. Тасымалдаушы есептеу тарифін қалыптастыру кезінде кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізеді. Тасымалдаушының шығындарын субсидиялауға жіберілетін соманың көлемін айқындау мынадай көрсеткіштер негізінде жүргізіледі:
1) жолаушылар тасымалын орындауға кірістер;
2) жолаушылар тасымалын орындауға шығыстар.
11. Жолаушылар тасымалының шығыстарына мыналар кіреді:
1) қызметкерлердің еңбекақы қоры;
2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер;
3) электр энергиясына жұмсалатын шығындар;
4) майлау материалдарына жұмсалатын шығындар;
5) доңғалақ жұптарына пайдалану шығыстары;
6) жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығындар;
7) негізгі қорлардың амортизациялық аударымдары;
8) пошта-телеграф шығыстары, телефон станцияларын, диспетчерлік, радио, бейне және байланыстың басқа түрлерінің қондырғыларын күтіп-ұстау және пайдалану шығыстары;
9) есептеу техникасын күтіп-ұстау және пайдалану шығыстары;
10) баспахана жұмыстарына шығыстар;
11) қалалық рельсті көлік ғимараттарын, құрылыстары мен үй-жайларын күтіп-ұстау шығыстары, сондай-ақ жерге ақы төлеуге байланысты шығыстар;
12) аудиторлық қызметтер төлемі;
13) банк қызметі төлемі;
14) міндетті сақтандыру бойынша төлемдер;
15) кадрларды даярлау;
16) еңбекті қорғау шығыстары;
17) әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін ұстау бойынша шығыстар;
18) қалалық рельсті көлікпен жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асырумен байланысты несие бойынша шығындар.
12. Бір жолаушыны жол жүруге тасымалдаудың өзіндік құны (есептеу тарифі) қаражатты тасымалдауға жоспарланған жолаушылар санына бөлу арқылы айқындалады.
13. Қызмет көрсетудің өзіндік құнына енгізілген шығыстар құрамын анықтау Қазақстан Республикасының заңнамасына және бухгалтерлiк есеп саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
14. Шығыстардың жекелеген баптары бойынша нормативтер болмаған кезде есеп айырысу өнеркәсіп салалары бойынша бағалар өзгерісінің болжамды индекстерін ескере отырып, өткен кезеңдегі нақты деректерге сүйене отырып жүргізіледі.
15. Жылдың соңғы күнтізбелік айына бюджеттік субсидияларды төлеу болжамды деректер бойынша жасалған тасымалдау жөніндегі 20 желтоқсаннан кешіктірілмей ұсынылған есептің негізінде, нақты деректер бойынша жасалған есепті кейіннен беру арқылы келесі айдың 20-нан кешіктірмей мерзімінде жүзеге асырылады. Мәлімделген болжамды деректер нақты деректерден асып кеткен жағдайда, айырмасы тиісті бюджетке қайтарылуға жатады.