Су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 23 қазандағы № 448 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаментінде 2017 жылы 8 қарашада № 4358 болып тіркелді

      2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 116-бабына, "Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11838 тіркелген) сәйкес, Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Бекітілген жобалық құжаттамалардың негізінде Көмірші, Мұраталы, Текенсаз, Ақбейіт өзендерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылықта пайдалану режимі осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      3. "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының Алматы облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулының мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің Алматы облысы аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіровке жүктелсін.

      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы облысының әкiмi А. Баталов

  Алматы облысының әкімдігінің 2017 жылғы "23" қазан № 448 қаулысына 1 - қосымша

Су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылатын су объектілерінің тізбесі

Шараның атауы
 

Су қорғау аймағының ені, метр

Су қорғау белдеуінің ені, метр

1

Көмірші өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату

500-600

35-100

2

Мұраталы өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату

500-600

35-100

3

Текенсаз өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату

500-600

100

4

Ақбейіт өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату

500-600

35-100


  Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы "23" қазан № 448 қаулысына 2 - қосымша

Су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылықта пайдалану режимі

      1. Бұл режим Қазақстан Республикасының Су Кодексіне сәйкес су объектілерін санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жер үсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болғызбау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесiн сақтау үшiн әзірленді.

      2. Су қорғау белдеулерінің шегінде: 

      1) су объектілерінің сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататын (ластану, қоқыстану, сарқылу) шаруашылық қызметіне немесе өзге де қызметке; 

      2) су шаруашылығы және су жинайтын құрылыстар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылыстарын, айлақтарды, порттарды, пирстерді және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көлік инфрақұрылымдары объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін (гидродинамикалық су энергиясын) пайдалану объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға;

      3) бау-бақша егуге және саяжай салуға жер учаскелерін беруге; 

      4) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген қазіргі бар объектілерді пайдалануға; 

      5) жекелеген учаскелерді шалғындандыруға, егін егуге және ағаш отырғызуға арналған жерлерді өңдеуді қоспағанда, топырақ және өсімдік қабатын бұзатын жұмыстарды жүргізуге (оның ішінде жер жыртуға, мал жаюға, пайдалы қазбаларды өндіруге); 

      6) шатыр қалашықтарын, көлік құралдары үшін тұрақты тұрақтарды, малдың жазғы жайылым қостарын орналастыруға; 

      7) тыңайтқыштардың барлық түрлерін қолдануға тыйым салынады. 

      3. Су қорғау аймақтарының шегінде:

      1) су объектілерін және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланған объектілерді пайдалануға беруге; 

      2) ғимараттарға, құрылыстарға, коммуникацияларға және басқа да объектілерге реконструкция жүргізуге, сондай-ақ құрылыс, су түбін тереңдету

      және жарылыс жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбалар өндіруге, кәбіл, құбыр және басқа да коммуникацияларды төсеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен, уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, энергиямен жабдықтау және халықтың санитарлық- эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен келісілген жобасы жоқ бұрғылау, жер қазу және өзге де жұмыстар жүргізуге; 

      3) тыңайтқыштар, пестицидтер, улы химикаттар мен мұнай өнімдерін сақтайтын қоймаларды, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету, оларды жуу пункттерін, механикалық шеберханаларды, тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын төгетін құрылғыны, аппаратураларды пестицидтермен және улы химикаттармен толтыратын алаңдарды, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізуге арналған ұшу-қону жолақтарын орналастыруға және салуға, сондай-ақ судың сапасына кері әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға; 

      4) мал шаруашылығы фермалары мен кешендерін, сарқынды су жинағыштарды, сарқынды сумен суарылатын егістіктерді, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), сондай-ақ жерүсті және жерасты суларының микробпен ластану қаупіне себепші болатын басқа да объектілерді орналастыруға; 

      5) жүктелім нормасынан асырып мал жаюға, су тоғандарының режимін нашарлататын мал тоғыту мен санитариялық өңдеуге және шаруашылық қызметінің басқа да түрлеріне; 

      6) су көздеріндегі су кемерінен екі мың метрге жетпейтін қашықтықта орналасқан ауыл шаруашылығы дақылдары мен орман екпелерін улы химикаттармен авиациялық өңдеу және авиация арқылы минералдық тыңайтқыштармен қоректендіру тәсілін қолдануға; 

      7) концентрациясының жол берілетін шегі белгіленбеген пестицидтерді қолдануға, қардың үстіне тыңайтқыш себуге, сондай-ақ залалсыздандырылмаған көң қосылған сарқынды суды және тұрақты хлорорганикалық улы химикаттарды тыңайтқыш ретінде пайдалануға тыйым салынады. 

      Су қорғау аймағында мәжбүрлі санитариялық өңдеу жүргізу қажет болған жағдайда уыттылығы әлсіз және орташа тұрақсыз пестицидтерді қолдануға жол беріледі. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады