Қарағанды қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қарағанды қалалық мәслихатының 2017 жылғы 21 маусымдағы VI шақырылған XIV сессиясының № 172 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 5 шілдеде № 4297 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3 тармақшасына сәйкес Қарағанды қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Қоса беріліп отырған Қарағанды қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ереже бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау қаланың заңдылық және жергілікті өзін – өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға (төрағасы – Геннадий Иванович Ивченко) жүктелсін.

      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы С. Боранқұлова
      Мәслихат хатшысы Қ. Бексұлтанов

  Қарағанды қалалық
мәслихатының ХIV сессиясының
2017 жылғы 21 маусымдағы № 172
шешімімен бекітілген

Қарағады қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарағанды қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Құрмет грамотасы:

      1) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі, білім берудегі, спорттағы, әскери және мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау және қоғамдық қызметтегі қаланың тұрғындарын сауықтырудағы елеулі жетістіктері үшін;

      2) халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайту бойынша жемісті қызметті жүзеге асырғаны үшін марапаттау және ынталандырудың бір нысаны болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен Қарағанды қаласының дамуына қомақты үлес қосқан:

      1) азаматтар, мекеме, кәсіпорын және ұйымдардың қызметшілері;

      2) меншік нысанына қарамастан, еңбекте, қоғамдық-саяси қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық жүргізуші субъектілер ұжымдары, ұйымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдары;

      3) азаматтығы жоқ адамдар және шет мемлекеттердің азаматтары наградталады.

      4. Құрмет грамотасымен:

      1) наградтау сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған, сотталғандығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп таныған адамдар марапатала алмайды.

      5. Бір тұлға (ұжым, ұйым) бес жыл ішінде қаланың Құрмет грамотасымен наградталуға екі рет ұсыныла алмайды.

      6. Наградтау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне орайластырылады.

2. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі

      7. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынысты Қарағанды қаласы әкімінің аппаратына шараның өтетін күнінен кемінде жиырма күнтізбелік күн бұрын меншік нысанына қарамастан мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, шығармашылық бірлестіктер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жолдайды.

      Ұсыныста тегі, аты, әкесінің аты, атқаратын лауазымы немесе (ұйымның, ұжымның) ресми атауы көрсетіледі, нақты еңбек және шығармашылық еңбектері, қаланың дамуына қосқан үлесі баяндалған сипаттама беріледі. Ұсынысқа бірінші басшы қол қояды.

      Ұсынысқа кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі не ұйымның, мекеменің немесе шығармашылық ұжымның құрылтайшылық құжаттары қоса тіркеледі.

      Aталған деректерді уақытында немесе толық ұсынбағанда ұсыныс қаралмайды.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау үшін өзінің кандидатурасын өзі ұсынған азаматтардан түскен материалдар, қаралмайды.

      9. Келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және наградтау жөнінде ұсыныс әзірленуі үшін, құрамына Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары кірген наградтау жөніндегі Қарағанды қаласының әкімі жанындағы комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жолданады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      10. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешімді Қарағанды қаласының әкімі мен Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы (немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалар) Комиссияның оң қорытындысына сәйкес бірлескен өкім шығару жолымен қабылдайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      11. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты жағдайда наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Құрмет грамотасын Қарағанды қаласының әкімі және (немесе) Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы немесе олардың тапсырмасы бойынша өзге тұлғалар тапсырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      12. Наградтау бойынша материалдар Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында сақталады.

3. Құрмет грамотасының сипаттамасы

      13. Құрмет грамотасы көк түсті папкадан және ішіне салынатын айқарма беттерден тұрады. Папканың бет жағында 7х7 көлемінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және "Құрмет грамотасы" жазуы жазылған.

      Құрмет грамотасы А3 форматында дайындалады, 1 биг, қағазы жылтыр, тегіс 250 гр., түрлі-түсті басу, мемлекеттік символика – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бейнелеумен екі жағынан алтын түстес.

      Айқарма беттің ішкі сол жағында: ортада – желбіреген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының түрлі-түсті бейнесі орналасады.

      Айқарма беттің ішкі оң жағында: жоғарғы бөлігінің ортасында – алтынмен басылып, "Құрмет грамотасы" жазуы, жазудың астында, наградталушының тегін, аты, әкесінің аты, наградталушының еңбектерінің қысқаша сипаттамасы, "наградталады" сөзі бар, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтін орналасады. Қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі мәтіннің үстінде орналасады.

      Төменгі бөлігінде Қарағанды қаласы әкімінің және Қарағанды қалалық мәслихат төрағасының қолдары үшін мемлекеттік тілде мәтін орналасады, қол елтаңбалық мөрлермен расталады, қолдан кейін мемлекеттік тілде марапаттау күні көрсетіледі.

      Наградталушының тегі, аты, әкесінің аты жеке басты куәландыратын құжатына сәйкес көрсетіледі.

      Ұйым, мекеме немесе шығармашылық ұжымның атауы құрылтайшылық құжаттарға сәйкес көрсетіледі.

      Айқарма бет компьютермен терілген көлбеусіз қара түсті шрифтермен, принтерді пайдалана отырып толтырылады. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, айқарма бет қолмен, анық және түсінікті жазумен, түзетулерсіз қара түсті сиямен толтырылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 94 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады