Жаңаарқа ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 2017 жылғы 28 ақпандағы Х сессиясының № 10/83 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 30 наурызда № 4197 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жаңаарқа ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ереже бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың кезектен
      тыс X сессиясының төрағасы Н. Орынбасарова
      Аудандық мәслихат хатшысы К. Имантусупов

  Жаңаарқа аудандық мәслихатының
2017 жылғы 28 ақпандағы
кезектен тыс Х сессиясының
№ 10/83 шешімімен бекітілген

Жаңаарқа ауданының Құрмет грамотасымен
наградтау туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңаарқа ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ереже (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Құрмет грамотасы:

      1) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі, білім берудегі, ауыл шаруашылығындағы, спорттағы, әскери және мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау және қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктері үшін;

      2) халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайту бойынша жемісті қызметті жүзеге асырғаны үшін марапаттау және ынталандырудың бір нысаны болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен Жаңаарқа ауданының дамуына қомақты үлес қосқан:

      1) азаматтар, мекеме, кәсіпорын және ұйымдардың қызметшілері;

      2) меншік нысанына қарамастан, еңбекте, қоғамдық-саяси қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық жүргізуші субъектілер ұжымдары, ұйымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдары наградталады.

      4. Құрмет грамотасымен:

      1) наградтау сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған, сотталғандығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған адамдар марапаттала алмайды.

      5. Бір тұлға (ұжым, ұйым) бес жыл ішінде ауданның Құрмет грамотасымен наградталуға екі рет ұсыныла алмайды.

      6. Наградтау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне орайластырылады.

2. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі

      7. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынысты аудан әкімінің аппаратына шараның өтетін күнінен кемінде жиырма күнтізбелік күн бұрын меншік нысанына қарамастан мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті өкілі және атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, шығармашылық бірлестіктер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жолдайды.

      Ұсыныста тегі, аты, әкесінің аты, атқаратын лауазымы немесе (ұйымның, ұжымның) ресми атауы көрсетіледі, нақты еңбек және шығармашылық еңбектері, ауданның дамуына қосқан үлесі баяндалған сипаттама беріледі. Ұсынысқа басшы қол қояды және болған жағдайда мөрмен бекітіледі.

      Ұсынысқа кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі не ұйымның, мекеменің немесе шығармашылық ұжымның құрылтайшылық құжаттары қоса тіркеледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 22.09.2023 № 7/44 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау үшін өзінің кандидатурасын өзі ұсынған азаматтардан түскен материалдар қаралмайды.

      9. Келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және наградтау жөнінде ұсыныс әзірленуі үшін, наградтау жөніндегі аудан әкімі жанындағы комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жолданады.

      10. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешімді аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың төрағасымен (немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалар) Комиссияның оң қорытындысына сәйкес, бірлескен өкім шығару жолымен қабылдайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 22.09.2023 № 7/44 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      11. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты жағдайда наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Құрмет грамотасын аудан әкімі және (немесе) аудандық мәслихат төрағасы, немесе олардың тапсырмасы бойынша өзге тұлғалар тапсырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 22.09.2023 № 7/44 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      12. Наградтау бойынша материалдар аудан әкімінің аппаратында сақталады.

3. Құрмет грамотасының сипаттамасы

      13. Құрмет грамотасы папкадан және ішіне салынатын айқарма беттерден тұрады. Папка көк түстен дайындалады. Папканың бет жағында 7х7 көлемінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және "Құрмет грамотасы" жазуы жазылған.

      Құрмет грамотасы А3 форматында дайындалады, 1 биг, қағазы жылтыр, тегіс 250 грамм, түрлі-түсті басу, мемлекеттік символика – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бейнелеумен екі жағынан алтын түстес.

      Айқарма беттің ішкі сол жағында: ортада – желбіреген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының түрлі-түсті бейнесі орналасады.

      Айқарма беттің ішкі оң жағында: жоғарғы бөлігінің ортасында – алтынмен басылған, "Құрмет грамотасы" жазуы, жазудың астында, наградталушының тегі, аты, әкесінің аты, наградталушының еңбектерінің қысқаша сипаттамасы, "наградталады" сөзі бар, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтін орналасады. Қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі мәтіннің үстінде орналасады.

      Төменгі бөлігінде аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының қолдары үшін мемлекеттік тілде мәтін орналасады, қол елтаңбалық мөрлермен расталады, қолдан кейін мемлекеттік тілде марапаттау күні көрсетіледі.

      Наградталушының тегі, аты, әкесінің аты жеке басты куәландыратын құжатына сәйкес көрсетіледі.

      Ұйым, мекеме немесе шығармашылық ұжымның атауы құрылтайшылық құжаттарға сәйкес көрсетіледі.

      Айқарма бет компьютермен терілген көлбеусіз қара түсті шрифтермен, принтерді пайдалана отырып толтырылады. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, айқарма бет қолмен, анық және түсінікті жазумен, түзетулерсіз қара түсті сиямен толтырылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 22.09.2023 № 7/44 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады