"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес Арал аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса берілген Арал ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Арал аудандық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясының төрағасы |
Т.Бисембаев |
Арал аудандық мәслихатының хатшысы | Д.Мадинов |
Арал аудандық мәслихатының 2017 жылғы 8 қарашадағы № 111 шешімімен бекітілген |
Арал ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже
1. Жалпы ереже
1. Арал ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы осы ереже "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және Арал ауданының Құрмет грамотасымен наградтау тәртібін анықтайды.
2. Құрмет грамотасымен наградтау бойынша талаптар
2. Арал ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылым, мәдениет және білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және заңдылықты нығайту, қызмет көрсету саласындағы, жастарға тәрбие беру, дене шынықтыру мен спорттағы, әскери, қоғамдық және мемлекеттік және өзін-өзі басқару қызметтерін дамытудағы елеулі жетістіктері, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланысты нығайтудағы табысты жұмыстары, қайырымдылық қызметпен айналысатын және белсенді еңбегі мен қоғамдық – саяси қызметі үшін еңбектерін ардақтау белгісі ретінде аудан азаматтары наградталады.
3. Құрмет грамотасы:
1) ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте мерзімі өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар азаматтар;
2) сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған азаматтар;
3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған азаматтар;
4) ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған әкімшілік жазасы бар азаматтар наградталмайды.
4. Құрмет грамотасымен қайта наградтау жүргізілмейді.
5. Құрмет грамотасы келесі сипаттамаға сәйкес болуы қажет:
1) мұқабаның биіктігінің төрттен біріндей деңгейде ортасына қарай Қазақстан Республикасының Елтаңбасы орналасқан;
2) ортадан сәл төменірек: "Құрмет грамотасы" деген сөз жазылған;
3) оның бірінші бетінде Елтаңба салынған, ал ішкі беттері алтын түстес ұлттық өрнекпен бейнеленген;
4) ішкі бетіндегі жазулар қазақ және орыс тілдерінде жазылады.
3. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі
6. Құрмет грамотасымен наградтау туралы ұсыныс тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, білімі туралы, жұмыс орны мен атқаратын лауазымы, тиісті ұйымдағы сәйкес кәсібі немесе лауазымы бойынша саладағы жалпы еңбек өтілі, жетістіктері және наградтары мен құрметті атақтары туралы көрсетілген мәліметтер аудан әкімдігіне жолданады.
7. Құрмет грамотасымен наградтау туралы (тиісті ұйым басшысының қолы және мөрімен) ұсынысты еңбек, шығармашылық ұжымдары, аудандық өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер атынан олардың басшылары енгізеді және дұрыс енгізілген мәліметтер үшін жеке жауапкершілікте болады.
8. Құрмет грамотасымен наградтау үшін өз кандидатураларын өз бетімен ұсынған азаматтардан келіп түскен материалдар қаралмайды.
9. Құрмет грамотасымен наградтау бойынша келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және наградтау жөнінде ұсыныс әзірленуі үшін наградтау жөніндегі аудан әкімі жанындағы комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) жіберіледі.
Комиссияның оң қорытындысына сәйкес аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының (немесе олардың міндеттерін атқарушының) бірлескен өкім шығару арқылы Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім қабылданады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Арал аудандық мәслихатының 11.07.2024 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.10. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргізіледі. Құрмет грамотасын аудан әкімі немесе аудандық мәслихаттың төрағасы немесе олардың тапсырысы бойынша өзге тұлға тапсырады.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Арал аудандық мәслихатының 11.07.2024 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.11. "Арал ауданы әкімінің аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құжаттамалық және өзге де қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ Құрмет грамотасымен наградталған азаматтардың есебін жүргізеді.