Баянауыл ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 2017 жылғы 21 қарашадағы № 125/19 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 30 қарашада № 5713 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-3) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 06 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, Баянауыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Баянауыл ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережесі бекітілсін.

      2. Баянауыл аудандық мәслихатының (V сайланған кезектен тыс ХLІV сессия) 2015 жылғы 06 наурыздағы "Баянауыл ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау жөнінде Ережесін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 27 наурызда № 4393 болып тіркелген, "Баянтау" аудандық газетінде 2015 жылы 10 сәуірде жарияланған) № 258/44 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Алып тасталды - Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 08.12.2023 № 79/10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы А. Айтуганова
      Аудандық мәслихатының хатшысы Т. Қасен

  Баянауыл аудандық
мәслихатының 2017
жылғы 21 қарашадағы
№ 125/19 шешімімен
бекітілді

Баянауыл ауданының Құрмет
грамотасымен наградтау туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленген және ауданның Құрмет грамотасымен ( бұдан әрі - Құрмет грамотасы) наградтауға ұсыну және оны тапсыру тәртібін анықтайды.

      2. Құрмет грамотасымен ауданының экономика, әлеуметтік саланың, ғылым, мәдениет, білім берудің дамуына, ұлтаралық келісім мен өзара түсінушіліктің, әскери, сондай-ақ өзге де мемлекеттік қызметтің және аймақтағы қоғамдық қызметтің нығаюына қосқан жеке үлесі және айтарлықтай жетістіктерге жеткені үшін азаматтар наградталады.

      3. Аудандық мәслихатына Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынымдарды аудандық мәслихатының депутаттары, ауданының әкімі, аудандық бюджетінен қаржыландырылатын ауданнының атқарушы органдардың, ауданының аумағында қызмет жасайтын мемлекеттік орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, ауданының ауыл округтерінің әкімдері, ауданының қоғамдық және діни бірлестіктерінің алқалық органдары енгізеді.

      4. Белгіленген үлгідегі наградтау парағында наградталушының жеке басын, саладағы және берілген ұжымдағы жұмысының жалпы еңбек өтілін, оның нақты сіңірген еңбектерін, жұмысының сапасы мен тиімділігі туралы деректер мазмұндалады.

      Наградтау парағына кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мемлекеттік органның басшысы қол қояды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 08.12.2023 № 79/10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-тарау. Баянауыл ауданының Құрмет грамотасының сипаттамасы

      5. Құрмет грамотасының формасы:

      қазақ тілінде: Баянауыл ауданының Құрмет грамотасы;

      орыс тілінде: Почетная грамота Баянаульского района.

      Құрмет грамотасы қосымша жапсырмасы бар, сыртқы жағында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген және қазақ тілінде "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ" және орыс тілінде "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" жазулары бар көгілдір түсті папкадан тұрады.

      Қосымша жапсырма баспаханалық тәсілмен кеңейтілген түрінде қалың жылтыратылған қағаздан дайындалады. Қосымша жапсырманың сыртқы жағының жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы мен қазақ тілінде "Баянауыл ауданы" және төменгі бөлігінде орыс тілінде "Баянаульский район" жазулары бейнеленген.

      Қосымша жапсырманың ішкі жағының оң және сол жағында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген және сол жағында қазақ тілінде "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ" және оң жағында орыс тілінде "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" жазулары бар.

      Қосымша жапсырманың сол жағынан қазақ тілінде наградталушының тегін, атын, әкесінің атын және сіңірген еңбегін атап көрсету үшін арнайы орын белгіленген.

      Қосымша жапсырманың оң жағынан орыс тілінде наградталушының тегін, атын, әкесінің атын және сіңірген еңбегін атап көрсету үшін арнайы орын белгіленген.

3-тарау. Баянауыл ауданының Құрмет грамотасын тапсыру тәртібі

      6. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім аудандық мәслихат төрағасының және (немесе) аудан әкімінің ұсынысы бойынша Баянауыл аудандық мәслихатының сессиясында қабылданады.

      Құрмет грамотасына аудандық мәслихатының төрағасы және ауданының әкімі қол қояды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 08.12.2023 № 79/10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      7. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргізіледі. Құрмет грамотасын аудан әкімі және (немесе) аудандық мәслихат төрағасы немесе олардың тапсырмасы бойынша өзге тұлға тапсырады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 08.12.2023 № 79/10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау бойынша алдын ала қарастыру және ұсыныстарды дайындау үшін келіп түскен құжаттар аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, жоспар мен бюджет және әлеуметтік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясына жолданады.

      9. Наградтау бойынша материалдар Баянауыл аудандық мәслихатында сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады