Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2018 жылғы 23 ақпандағы № 70 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 7 наурызда № 16541 болып тіркелді.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме бекітілсін.

      2. "Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 300 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10720 болып тіркелген, 2015 жылғы 29 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушы
Р. Дәленов

  Қазақстан Республикасы
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 70 бұйрығымен
бекітілген

Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 90-6-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Әдістемеде Кодексте айқындалған ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) тауар – азаматтық айналымның объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет;

      2) тауар нарығы – тұтынушының тауарды сатып алудағы экономикалық, аумақтық және технологиялық мүмкіндігіне қарай айқындалатын тауар немесе өзара алмастырылатын тауарлар айналымының саласы;

      3) уәкілетті орган – бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) уәкілетті органның ведомствосы – бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;

      5) уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі – бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі.

      3. Осы Әдістеменің мақсаты уәкілетті орган ведомствосының және уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие, тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп пайызды құрайтын нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) белгілейтін монопсониялық төмен бағаны айқындауы болып табылады.

      4. Әдістемені уәкілетті органның ведомствосы және уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Субъект белгілеген монопсониялық төмен бағаны анықтау кезінде қолданады.

      5. Монопсониялық жағдайға ие Нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:

      1) осы баға монопсониялық жағдайға ие Нарық субъектісіне тауар өткізетін Нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша кіріс алуға мүмкіндік берсе;

      2) осы баға тауар өткізетін Нарық субъектісіне осындай тауарды өндіруге және өткізуге қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.

      Егер тауардың бағасы осы Әдістеменің 5-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып таныла алмайды. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Нарық субъектісіне белгіленген тауардың бағасы монопсониялық төмен болып танылмайды.

2-тарау. Тауардың монопсониялық төмен бағасын айқындау

      6. Субъектінің монопсониялық жағдайын анықтау мақсатында уәкілетті органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі тергеп-тексеру жүргізгенге дейін тиісті тауар нарығындағы Субъектінің үлесін Кодекстің 176-бабының 1-тармағына сәйкес айқындайды.

      7. Уәкілетті органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Субъектінің тауарға монопсониялық төмен баға белгілеуінде көрініс тапқан Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар белгілерінің болуын көрсететін деректерді анықтау үшін тауар нарығындағы тауар өндіру (өткізу) бағалары мен көлемінің серпініне, оның ішінде:

      1) Субъектінің тауарды монопсониялық жағдайы жоқ Нарық субъектілеріндегі деңгейден төмен баға бойынша сатып алуына;

      2) сатылатын тауарға сұраныс болған кезде өндіру (өткізу) көлемінің қысқаруына және тауарды өткізетін Нарық субъектісі (лері) (бұдан әрі – Сатушы) қуаттарының толық пайдаланбауына;

      3) Субъектінің арандатушылығы салдарынан Сатушы (лар) қызметінің шығынға ұшырауы себепті оның (олардың) нарықтан кетуіне талдау жүргізеді.

      8. Субъектінің тиісті тауар нарығындағы монопсониялық жағдайы, сондай-ақ Субъектінің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар белгілерінің болуын көрсететін деректер анықталған жағдайда уәкілетті органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарады.

      9. Тергеп-тексеру арқылы Субъектінің монопсониялық төмен бағаны белгілеу фактілерінің болуын/жоқтығын айқындау қажет.

      10. Монопсониялық төмен бағаны белгілеу фактілерін анықтау мақсатында уәкілетті органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Сатушының және (немесе) оның бәсекелестерінің Субъектінің бағаларын қолдануға негізделген шығынға ұшырау фактісін белгілейді.

      11. Осы Әдістеменің 5-тармағында көзделген талаптарды айқындау үшін уәкілетті органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі талдау жүргізеді, оның ішінде:

      1) Субъектінің және Сатушының қаржылық-шаруашылық қызметіне;

      2) Субъект пен Сатушы тауарының өндірістік және толық өзіндік құнына, оның ішінде оның серпініне;

      3) Субъектінің және Сатушының тауар бағасының серпініне;

      4) Субъектінің және Сатушының тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;

      5) Субъектінің және Сатушының тауарды өндіруге және (немесе) өткізуге арналған шығыстарына, кірістеріне және пайдаларына, оның ішінде оның серпініне;

      6) нәтижесінде Сатушы тауарының бағасы тікелей не жанама қалыптастырылатын шарттарға;

      7) Субъект және Сатушы ұсынған өзге де негіздемелік материалдарға талдау жүргізеді.

      12. Сатушының тауардың бір бірлігі үшін қажетті шығындарын бағалау кезінде қажет болған кезде тиісті тауар нарығындағы басқа субъектілердің осыған ұқсас шығындарын салыстырмалы талдау әдісі қолданылады.

      Қосымша негіздеме үшін Субъект, Сатушы және тауар нарығындағы басқа да нарық субъектілері бағасының, өзіндік құнының (шығындардың жекелеген баптары) және рентабельділік деңгейінің өсу қарқыны салыстырылады.

      13. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган ведомствосының немесе уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің тергеп-тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамы (лауазымды адамдары) Кодекстің 224-бабына сәйкес қорытынды дайындайды, оның негізінде тиісті шешім (шешімдер) қабылдайды.

      14. Монопсониялық төмен баға белгіленген жағдайда монополияға қарсы органның ведомствосы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Кодекстің 225-бабына сәйкес монополиялық кірісті айқындайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады