Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 28.11.2018 № 1030 және ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.11.2018 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 3-тармағын және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 137-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған ішінара салықтық тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары бекітілсін.
2. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуын мемлекеттік бақылау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 687 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 840 бірлескен бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12983 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 17 ақпанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіннің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;
4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов ________________ |
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Р. Даленов __________________ |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы
есепке алу жөніндегі
комитетінің төрағасы
Б. Мусин __________________
2018 жылғы 26 ақпан
Ішінара салықтық тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары
1. Осы ішінара салықтық тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын сақтау мәселелері бойынша ішінара тексеру жүргізу үшін салық төлеушілерді іріктеу мақсатында салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін әзірленді.
2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) салықтық тәуекел – салық төлеушінің (салық агентінің) мемлекетке нұқсан келтіруі мүмкін, салық міндеттемесін орындамау және (немесе) толық орындамау ықтималдығы;
2) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті өлшемшарттары – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және жеке тексерілетін субъектіге (объектіге) тікелей байланысты емес тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;
3) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары – нақты тексерілетін субъектінің (объектінің) қызмет нәтижелеріне байланысты тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;
4) тәуекелдерді бағалау жүйесі – тексерулерді тағайындау мақсатында мемлекеттік кірістер органы жүргізетін іс-шаралар кешені;
5) тексерілетін субъектілер – салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын жеке және заңды тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері.
3. Осы Өлшемшарттарда ішінара тексерулер үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті өлшемшарттарды қолданбай субъективті өлшемшарттар арқылы қалыптастырылады.
4. Тәуекел дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланады:
1) тексерілетін субъект, оның ішінде автоматтандырылған жүйелер арқылы ұсынатын есептілік пен мәлiметтердің мониторинг нәтижелерi;
2) алдыңғы тексерулердiң нәтижелері;
3) бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері;
4) уәкiлеттi органдар мен ұйымдар табыс ететін мәлiметтердi талдау нәтижелерi.
5. Тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары:
1) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №_______ болып тіркелген "Салық органдарында дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген және жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 253 бұйрығынына сәйкес айқындалған салық жүктемесiнiң коэффициенті (тиісті кезең үшін орта салалық мәнінен төмен);
2) жалған кәсіпорындармен, әрекетсіз салық төлеушілермен және олардың тіркелуін сот жарамсыз деп таныған салық төлеушілермен операцияларды, сондай-ақ сот оларды жасау іс жүзінде жұмыстарды орындаусыз, қызметтерді көрсетусіз, тауарларды тиеп жөнелтусіз жүзеге асырылған деп таныған мәмілелерді жүзеге асыру;
3) 0,98 артық түзетуге дейінгі жылдық жиынтық табыс сомасына шегерімдер сомасының арақатынас коэффициенті.
Осы өлшемшартты есептеу түзетуге дейінгі жылдық жиынтық табысы 30 000-еселенген айлық есептік көрсеткішке тең сомадан асатын салық төлеушілер бойынша жүзеге асырылады;
4) салық мiндеттемесiнiң орындалу мәселелері бойынша салықтардың жекелеген түрлерi бойынша кешенді және (немесе) тақырыптық тексерулерде қамтылмаған, төрт жыл және одан ұзақ уақыттағы кезең.
Осы өлшемшартты есептеу Салық кодексінің 722-бабына сәйкес салық салу жүзеге асырылатын салық төлеушiлер бойынша жүзеге асырылады;
5) корпоративтік табыс салық және қосылған құн салығы бойынша қосымша салық есептілігін салық кезеңі аяқталған күннен бастап он екі ай өткеннен кейін шегерімдер сомасының ұлғаюымен және есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын көрсете отырып, ұсыну;
6) корпоративтік табыс салығы бойынша салық есептілігін нөлдік көрсеткіштермен табыс ету, бұл ретте сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру және (немесе) мемлекеттік сатып алуларға қатысу;
7) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалмаған хабарламалардың болуы.
6. Талдау мен бағалау кезінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты бұрын ескерілген және пайдаланылған субъективті өлшемшарттардың деректері қолданылмайды.
7. Өлшемшарттарды есептеу жарты жылдықтың соңғы айында жылына екі рет жүзеге асырылады.
8. Ықтимал тәуекел мен проблеманың маңыздылығына, бұзушылықтардың бірлі-жарымды және жүйелілігіне, ақпараттың әрбір дереккөзі бойынша бұрын қабылданған шешімдерді талдауларға байланысты, дифференциалдық көрсеткіш және өлшемшарттың маңыздылығына байланысты коэффициент берілетін субъективті өлшемшарттар айқындалады.
Коэффициент есептеу үшін әрбір өлшемшарттың 1-ден 5-ке дейін басымдық беріледі.
Коэффициентті есептеу:
К = ПК1/(ПК1 +…+ ПКn)
мұнда,
К– коэффициент;
К1, …, Кn – өлшемшарт 1, …, өлшемшарт n;
П – өлшемшарт басымдығы;
ПК1,…,ПКn – 1–өлшемшарт басымдығы, ..., n– өлшемшарт басымдығы;
n – өлшемшарттар саны;
Тексерілетін объектінің тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші (SR) 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша есептеледі және көрсеткіштерді қосу жолымен мынадай формула бойынша айқындалады:
SР = BK*Кa+… BK*Кn
мұнда:
SR – тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші;
BK – 10-нан –100-ге дейінгі өлшемшарт бойынша дифференциалдық көрсеткіш;
Ка – № a іске қосылған өлшемшарт коэффициенті;
Kn – № n іске қосылған өлшемшарт коэффициенті;
n – іске қосылған өлшемшарттардың саны.
9. Тексерілетін субъектінің тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші осы Өлшемшарттардың 5-тармағында көрсетілген тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары және құпия (қызметтік) ақпараттарға жататын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары бойынша есептеледі.
10. Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады:
1) жоғары тәуекел дәрежесіне – тәуекел дәрежесі 25-тен 100-ді қоса алғанға дейінгі көрсеткіш кезінде және оған қатысты ішінара тексеру жүргізіледі;
2) жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған – тәуекел дәрежесі 0-ден 25-ке дейінгі көрсеткіш кезінде және оған қатысты ішінара тексеру жүргізілмейді.
Ішінара тексерулер тәуекел дәрежесінің неғұрлым жоғары көрсеткішімен тексерілетін субъектілердің (объектілердің) басымдығының және тексерулерді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелерінің лауазымдық тұлғаларының штат санының негізінде әрбір тәуекел бойынша жоғары дәрежеге жатқызылған салық төлеушілерге қатысты тексерулер тағайындалады.
11. Ішінара тексеруге жататын салық төлеушілердің тізімі жартыжылдыққа қалыптастырылады.
12. Салықтөлеуші бойынша ішінара тексеру жүргізудің еселігі тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттары бойынша алынған мәліметтерді талдау және бағалау нәтижелері бойынша айқындалады және жылына бір реттен артық болмау керек.