Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексеру субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 28 қарашадағы № 1030 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 28 қарашадағы № 86 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қарашада № 17819 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 20 қыркүйектегі № 972 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 66 бірлескен бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 20.09.2022 № 972 және ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2022 № 66 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 2-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 137-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексеру субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары бекітілсін.

      2. "Ішінара салықтық тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 251 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 24 ақпандағы № 74 бірлескен бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16547 болып тіркелген, 2018 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      Ә. Смайылов
      ___________________________
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      Т. Сүлейменов
      __________________________

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасының

      Құқықтық статистика және

      арнайы есепке алу жөніндегі

      комитеті

  Қазақстан Республикасы
  Қаржы министрінің
  2018 жылғы 28 қарашадағы № 1030
  және
  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық экономика министрі
  міндетін атқарушы
  2018 жылғы 28 қарашадағы № 86
  бірлескен бұйрығымен
  бекітілген

Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексеру субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексеру субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша тексеру жүргізу үшін салық төлеушілерді іріктеу мақсатында салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 2-тармағына, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 137-бабына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 шілдедегі № 3 (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17371 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидаларына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Өлшемшарттарда салықтық тексерулер үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті және субъективті өлшемшарттар арқылы қалыптастырылады.

2-тарау. Объективті өлшемшарттар

      3. Объективті өлшемшарттарды анықтау мақсатында тәуекел (жоғары және жоғарыға жатпайтын) дәрежесі бойынша бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) топтастыру және үлестіру жүргізіледі.

      4. Жоғары тәуекел дәрежесіне салық төлеушілерді жатқызу келесі объективті өлшемшарттар негізінде өткізіледі:

      1) салық төлеуші заңды тұлға ретінде тіркелген.

      Құрылымдық бөлімшелер үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары заңды тұлға бойынша есептеледі.

      2) салық мiндеттемесiнiң орындалуы мәселелері бойынша кешенді тексеруде қамтылмаған, үш жыл және одан да көп жылға тең кезең.

      Ірі салықтөлеушілер мониторингінде тұрған салық төлеушілер үшін төрт жыл және одан да көп жыл кезеңі.

      5. Объективті өлшемшарттар бойынша жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған салық төлеушілерге субъективті критерийлер қолданылады.

3-тарау. Субъективті өлшемшарттар

      6. Тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары:

      1) "Салық органдарында дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген және жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 253 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16518 болып тіркелген) сәйкес айқындалған салықтық жүктемесiнiң коэффициенті.

      Өлшемшарттар салықтық жүктеме коэффициенті орташа салалық мәнінен төмен болған кезде оң әсер етеді және салықтық жүктеме коэффициенті орташа салалық мәнінен жоғары болған кезде теріс әсер етеді.

      2) жалған кәсіпорындармен, әрекетсіз салық төлеушілермен және олардың тіркелуін сот жарамсыз деп таныған салық төлеушілермен операцияларды, сондай-ақ сот оларды жасау іс жүзінде жұмыстарды орындаусыз, қызметтерді көрсетусіз, тауарларды тиеп жөнелтусіз жүзеге асырылған деп таныған мәмілелерді жүзеге асыру;

      3) 0,98-ден 1-ге дейінгілерді қоса алғанда аралықтағы түзетуге дейінгі жылдық жиынтық табыс сомасына шегерімдер сомасының арақатынас коэффициенті;

      4) көрсетілген салықтар түрлерінің салық есептілігін ұсыну үшін салық заңнамасымен белгіленген күннен бастап он екі ай өткеннен кейін, егер ондай салық төлеушінің салықтық жүктемесінің коэффициенті орташа салалық мәнінен төмен болса корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдердің сомасын ұлғайтумен және (немесе) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасын ұлғайтумен қосымша салық есептілігін ұсыну;

      5) корпоративтік табыс салығы бойынша салық есептілігін нөлдік көрсеткіштермен табыс ету, бұл ретте сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру және (немесе) мемлекеттік сатып алуларға қатысу;

      6) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалмаған хабарламалардың болуы.

      Тәуекел дәрежесін бағалау мақсатында қолданылатын, ақпараттық жүйеде бар ақпарат көздері бойынша салық тексерісінің субъектілері (объектілері) туралы тарихи деректердің негізінде теңдеу қалыптастырылады, оған айнымалы ретінде тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары пайдаланылады. Әрбір салық төлеуші үшін өлшемшарттардың жиынтығы бойынша тәуекел дәрежесінің коэффициенті айқындалады:

      Тәуекел дәрежесін бағалау мақсатында қолданылатын, салық төлеушілер туралы ақпараттық жүйеде бар тарихи деректердің негізінде теңдеу қалыптастырылады, оған айнымалы ретінде тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары пайдаланылады. Әрбір салық төлеуші бойынша тәуекел дәрежесінің коэффициенті келесідей айқындалады:

      Z = K1 * X1 + K2 * X2 + …+ Kn * Xn+B,

      мұндағы:

      Z – тәуекел дәрежесінің коэффициенті;

      К1, …, Кn – өзімен Z-қа өлшемшарттар бойынша әсер ету мәнінің мөлшерін көрсететін коэффициенттер;

      X1, …, Хn – өлшемшарттар бойынша мәні;

      n – өлшемшарттардың саны;

      В – тәуекелдер дәрежесін бағалаудың бір есебі шеңберінде барлық салық төлеушілер үшін өзгермейтін, ақпараттық жүйеде автоматты түрде есептелетін мәні.

      Мақсатты оқиғаның болу ықтималдығы 0-ден 100 пайызға дейінгі шкала бойынша өлшенеді. Мақсатты оқиғаның болу ықтималдығын анықтау үшін мынадай өзгерістерді орындау қажет:

      P = 1 / (1 + e-z)*100,

      мұндағы:

      P – ықтималдық;

      e – 2.71828182846 санына тең математикалық тұрақты экспонент.

      7. Салық тексерісі субъектінің (объектінің) тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші осы Өлшемшарттардың 6-тармағында көрсетілген тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары және құпия (қызметтік) ақпараттарға жататын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары бойынша есептеледі.

      8. Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша салық тексерісінің субъектісі (объектісі) келесіге жатады:

      1) жоғары тәуекел дәрежесіне – ықтималдық көрсеткіші 51 пайыздан артық болған кезде;

      2) жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған – ықтималдық көрсеткіші 51 пайыз және одан кем болған кезде.

      Салықтық тексерулер тәуекел дәрежесінің неғұрлым жоғары ықтималдылық көрсеткіші бар тексерілетін субъектілердің (объектілердің) басымдылығынан шыға отырып, жоғары дәрежеге жатқызылған салық төлеушілерге қатысты тағайындалады.

      9. Ерекше тәртіппен тексерулердің жарты жылдық кестелері Кәсіпкерлік кодекстің 141-бабының 2-тармағымен белгіленген тәртіппен қалыптастырылады.

      10. Оларды сақтамау адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне қауіп-қатер әкелетін бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметтеріне қойылатын талаптардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 18 сәуіріндегі № 254 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 15 мамырдағы № 200 (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15224 болып тіркелген) бірлескен бұйрығымен бекітілген салық тексерістері бойынша тексеру парақтарында бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады