Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 501 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 мамырда № 16900 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 13.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес" БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 01.08.2022 № 772 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т.Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2018 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 3 мамырдағы
№ 501 бұйрығымен
бекітілген

Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 01.08.2022 № 772 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрi – талаптар) "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрi – Заң) сәйкес әзiрлендi және бағалау туралы есептiң (бұдан әрі – есеп) нысаны мен мазмұнына, қойылатын талаптарды белгiлейдi.

      2. Есеп бағалау жүргiзу нәтижелері бойынша жасалады және Заңға, осы талаптарға мен Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген бағалау стандарттарына сәйкес ресімделген жазбаша құжатты бiлдiредi.

      3. Активтердің жекелеген түрлері үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 519 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде мынадай № 16971 тіркелген) бекіткен бағалау стандарттарында белгіленген қосымша талаптар қолданылады, олар есептерде көрсетіледі.

2-тарау. Есептiң мазмұнына қойылатын талаптар

      4. Есепте мынадай бөлiмдер мен бөлiктер қамтылады:

      титул парағы;

      есептiң мазмұны;

      1-бөлім. "Есеп туралы жалпы мәліметтер";

      2-бөлім. "Жалпы ақпарат және бағалау объектiсiнiң сипаттамасы";

      3-бөлім. "Есептiң есеп айырысу бөлiгi";

      4-бөлім. "Қорытынды бөлігі";

      қосымшалар.

      5. Титул парағында мыналар:

      1) есептiң атауы;

      2) есептiң нөмiрi;

      3) есептiң жасалған күнi;

      4) объектiнiң атауы және орналасқан жерi;

      5) бағалау күнi;

      6) бағалау мақсаты;

      7) бағалау нысанасы;

      8) айқындалатын құнның түрi;

      9) тапсырыс берушiнiң толық атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), оның нақты орналасқан жерi немесе заңды мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі және (немесе) бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      10) бағалаушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ол мүшесi болып табылатын бағалаушылар палатасының атауы;

      11) заңды тұлғаның басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және заңды тұлғаның атауы қамтылады (бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан кезде).

      6. Есеп мазмұнында оның құрамына беттерi көрсетiліп енгізілген бөлiмдер (кiшi бөлiмдер) көрініс табады.

      7. "Есеп туралы жалпы мәліметтер" деген 1-бөлімде мыналар:

      1) бағалау жүргізуге негіздеме: бағалау туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні;

      2) бағаланатын объектiнiң атауы, объектiнiң меншік иесiн, объектiнiң орналасқан жерiн, бағаланатын құқықтарын, бағалау түрiн, бағаланатын мүлiктiң сәйкестігін және айқындалатын құнның түрiн көрсете отырып, бағалауға тапсырма;

      3) бағалаушы туралы мәліметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, оның орналасқан жері, "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің нөмірі мен берілген күні, ол мүшесi болып табылатын бағалаушылар палатасының атауы, бағалаушының немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету туралы мәліметтер, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, заңды мекенжайы);

      4) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалауды жүргізу кезінде бағалаушының пайдаланған ұйғарымы мен шектеу талаптары;

      5) бағалауды жүргізу кезiнде пайдаланылған құжаттар тiзбесi:

      бағалау қызметі саласындағы заңнама, олар алынған көздерін көрсете отырып, бағалауды жүргізу кезінде пайдаланылған деректер тізбесі;

      6) есепте қолданылатын негiзгi терминдер мен анықтамалар қамтылады.

      8. "Жалпы ақпарат және бағалау объектiсiнiң сипаттамасы" деген 2-бөлімде мыналар:

      1) бағалау объектiсi тексерiлген күні (материалдық объектілер үшін);

      2) бағалау объектiсінiң құрамы, негізгі сипаттамалары, мақсаты, ағымдағы пайдаланылуы мен жай-күйi;

      3) бағалау объектiсi орналасқан жердiң сипаттамасы (материалдық объектілер үшін);

       Бизнесті, бизнеске қатысу үлестерін, бағалы қағаздарды және басқа да материалдық емес объектілерді (олар бойынша бұл қажет) бағалау мақсатында есепте бағалауға тапсырыс беруші/компанияның меншік иесі ұсынған ақпарат, Қазақстан Республикасының ресми статистикалық ақпараты және бағалау объектісінің нарықтық құнын айқындау кезінде пайдаланылатын халықаралық көздер негізінде жасалған талдамалық деректер қосымша көрсетіледі. Талдауды жүргізу мүмкін болмаған/орынсыз болған кезде бағалаушы негіздемені есепте көрсетеді.

      9. "Есептiң есеп айырысу бөлiгi" деген 3-бөлімде мыналар:

      1) бағалау әдiснамасы және осы есепте қолданылған тәсілдер мен әдістерді таңдау негіздемесі;

      2) таңдалған тәсілдерді/әдістерді қолдана отырып, орындалған бағалау процесінің сипаттамасы және есеп айырысулар;

      3) "Бағалау нәтижелерін келісу" деген бөлім қамтылады.

      Бірнеше тәсілдер мен оларға сәйкес келетін әдістерді қолданған кезде бағалаушы тәсілдер шеңберінде де, сол сияқты бір тәсілдің әдістері шеңберінде де:

      есепте қалғандарын пайдаланудан уәжді бас тарту келтіре отырып, алынған нәтижелердің біреуін таңдайды немесе нәтижелерді келісу рәсімін пайдаланады (екі рет бір-бірінен өзгеше болмайтын екі және одан да көп тәсілдер/әдiстерді пайдаланған кезде).

      10. "Есептің қорытынды бөлігі" деген 4-бөлімде объекті құнының шамасы туралы жиынтық қорытынды қамтылады.

      Бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында көрсетіледі және сомасын жақшада таратып жаза отырып, теңгемен көрініс табады (егер Тапсырыс берушімен жасалған бағалау жүргізу шартымен өзгеше келісілмесе).

      Бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы, егер бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бағалау объектісімен мәміле жасалған күнге немесе жария оферта ұсынылған күнге дейін өткен уақыт алты айдан аспайтын болса, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бағалау объектiлерімен мәмiле жасасу мақсаттары үшін ұсынымды болып танылады.

      Бұл ретте, жасалған күнінен бастап бір жылдан аспайтын уақыт өткен ипотекалық шартты жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге берілген мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есеп атқарушылық іс жүргізу шеңберінде танылады.

      11. Есепке қосымшаларда мыналар қамтылады:

      1) бағалау объектісін тексеру актісі (тексеру актісі материалдық объектілер үшін жасалды), онда бағаланатын объектіні тексеру күні, бағалау объектісінің мекенжайы, бағаланатын объектінің негізгі сипатының сипаттамалары, бағалау объектісін және бағалаушы, бағалаудың тапсырыс берушісі және үшінші тұлғалар қол қойған оның нақты жай-күйін (бар болған және тексеруде қатысқан кезде) толығымен сәйкестендіруге мүмкіндік беретін өзге де ақпарат. Қол қоюдан бас тартқан кезде, бағалаушы фактіні тексеру актісінде тіркейді;

      2) бағалау объектiсiнiң фотосуреттерi (тек жылжымайтын мүлiк, көлiк, жабдық және басқа да материалдық объектілер үшiн);

      3) интернет желісінен алынған ұқсас объектілердің бағалары туралы мәліметтер мен хабарландыруларға сілтемелер қамтылған компьютердің жұмыс үстелінің фотосуреттері (скриншот);

      4) есеп айырысу кестелерi (олар бар болса) және/немесе егер есепте келтірілмесе;

      5) кәсiпорын активтерінің тiзбесi және олардың нарықтық құны бар (қажет болса) кестелер;

      6) бастапқы деректерді растайтын құжаттар.

      12. Егер:

      тапсырыс берушi бағалау объектiсіне, сондай-ақ бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттамаға толық көлемде қолжетімділіктен бас тартқанда;

      тапсырыс берушi бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi қосымша мәлiметтерді ұсынудан бас тартқанда;

      үшінші тұлғалар мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бағалау нәтижелерінің дұрыстығына айтарлықтай әсер ететін бағалау жүргізу үшін қажетті жазбаша немесе ауызша нысандағы ақпаратты беруден бас тартқанда бағалаушы мәлiметтерді есепте көрсетедi.

3-тарау. Есеп нысанына қойылатын талаптар

      13. Бағалау туралы есеп нөмірленеді, байланады, оған бағалаушы қол қояды және оның мөрімен (ол болған кезде) бекемделеді, ал бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан кезде, бағалау туралы есепті заңды тұлғаның басшысы бекітеді және ол заңды тұлғаның мөрімен (ол болған кезде) бекемделеді.

      14. Ипотекалық шартты жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге берілген мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есепке өзгерістер мен/немесе толықтырулар қағаз тасығышта енгізілген кезде, бағалаушы негіздемесін көрсете отырып, қаржылық есептілік депозитарийінде орналастырылған есепке тиісті өзгерістер мен/немесе толықтырулар енгізеді.

      15. Бағалаушы есепке өзгерістер мен/немесе толықтырулар енгізген кезде есептің нөмірі мен күні өзгеріссіз қалады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады