Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидаларын және Жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 16 мамырдағы № 335 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 мамырда № 16964 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 89-бабы 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;

      2) Жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 16 мамырдағы
№ 335 бұйрығына
1-қосымша

Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 89-бабы 5-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленген және жер қойнауына мемлекеттік сараптама (бұдан әрі – сараптама) жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Пайдаланылатын қорлардың көлеміне қарамастан, тәулігіне мың шаршы метрден көп болатын жерасты суларының және минералдық, өнеркәсіптік, жылу-энергетикалық жерасты суларының қорларына, сондай-ақ жер қойнауының кеңістігі туралы геологиялық есептерге сараптаманы жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүргізеді.

      Тәулігіне мың шаршы метрге дейін пайдаланылатын қорлары бар жерасты суларының қорларына сараптаманы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің жанынан құрылған Комиссияның кіші комиссиялары (бұдан әрі – кіші комиссия) жүргізеді.

2-тарау. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібі

      3. Жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 90-тармағының 5-тармақшасына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті (бұдан әрі – есеп) сараптамаға ұсынады.

      4. Жер қойнауын қолданушы есепті бір данада қағаз және электрондық тасығыштарда, сондай-ақ есептің негізгі мазмұнын қысқаша көрсететін (еркін нысанда, 10 парақтан аспайтын) авторлық анықтаманы қағаз тасығышта бір данада сараптамаға жібереді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Комиссияның немесе кіші комиссияның хатшысы осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген материалдардың толық болуын тексереді. Құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда есеп қайтарылады, бұл туралы жер қойнауын пайдаланушы есеп келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде жазбаша хабарланады.

      6. Комиссияның немесе кіші комиссияның қарауына келіп түскен есеп Комиссияның немесе кіші комиссияның мүшелері ішінен сараптама жүргізуге жауаптыларды айқындайтын Комиссия немесе кіші комиссия төрағасының орынбасарына беріледі.

      7. Сараптама есеп келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күнге дейінгі мерзімде жүргізіледі.

      Материалдар зерделенгеннен кейін Комиссияның немесе кіші комиссияның мүшелері есеп келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 40 (қырық) күн ішінде Комиссияның немесе кіші комиссияның жұмыс отырысын өткізеді.

      Жұмыс отырысынан кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде Комиссияның немесе кіші комиссияның пленарлық отырысы өткізіледі.

      8. Күрделілігі жоғары немесе үлкен көлемді материалдарды қарастыру кезінде сараптама жүргізу Комиссия төрағасының шешімі бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге ұлғайтылады.

      9. Комиссияның немесе кіші комиссияның жұмыс және пленарлық отырысы жер қойнауын пайдаланушы өкілдерінің, есепті орындаушылар мен шақырылған мамандардың қатысуымен өткізіледі. Жұмыс және пленарлық отырыстарды өткізу күні туралы күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде еркін түрде жазбаша хабарланады.

      10. Сараптамадан өткен материалдарға сараптамадан өткенін куәландыратын мөртабан қойылады.

      11. Мөртабанда қабылданған қорлардың санаттары, хаттама нөмірі, пленарлық отырысты өткізу күні көрсетіледі. Мөртабан негізгі беттегі мәтінге және қорлардың санатталуын көрсететін графикалық қосымшалардың әрбір бетіне қойылады.

      12. Комиссияның немесе кіші комиссияның пленарлық отырысының хаттамасы отырыс өткізілген күннен бастап күнтізбелік 16 (он алты) күн ішінде жасалады.

      13. Комиссияның пленарлық отырысының хаттамасы жасалғаннан кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде тиісті аумақтық бөлімшелерінің, геологиялық қор мен жер қойнауын пайдаланушының мекенжайына жіберіледі.

      14. Кіші комиссияның пленарлық отырыстарының хаттамалары жасалғаннан кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде геологиялық қорға және жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      15. Комиссияның немесе кіші комиссияның оң қорытындысы Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары қорларын мемлекеттік есепке қою үшін негіз болып табылады.

      16. Егер сараптама нәтижелері бойынша сараптама жүргізілетін материалдарға Комиссияның немесе кіші комиссияның теріс қорытындысы алған жағдайда, хаттамада баяндалған ұсыныстар мен ескертулерді есепке ала отырып, оларды пысықтау шартымен есеп материалдарын қайта сараптауға ұсынады.

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 16 мамырдағы
№ 335 бұйрығына
2-қосымша

Жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауы сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 89-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленген және жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Комиссия - жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жанынан, кіші комиссия - жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің жанынан (бұдан әрі – кіші комиссия) құрылады.

      3. Комиссия және кіші комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, Комиссияның немесе кіші комиссияның хатшысы мен мүшелерінен тұрады.

      4. Комиссияның төрағасы жер қойнауын пайдалану жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының басшысы болып табылады. Комиссия төрағасының орынбасары жер қойнауын пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ведомство басшысының орынбасары болып табылады.

      5. Кіші комиссиялардың төрағалары тиісті аумақтық бөлімшелердің басшылары болып табылады. Кіші комиссиялар төрағаларының орынбасарлары тиісті аумақтық бөлімшелердің басшыларының орынбасарлары болып табылады.

      6. Комиссиялардың және кіші комиссиялардың хатшылары мен мүшелері жер қойнауын пайдалану жөніндегі уәкілетті органның және олардың аумақтық бөлімшелерінің геологиялық мамандықтарының білікті қызметкерлері болып табылады.

2-тарау. Комиссиялардың және кіші комиссиялардың міндеттері мен функциялары

      7. Комиссиялар мен кіші комиссиялардың негізгі міндеттері жер

      қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу (бұдан әрі - сараптама) болып табылады, оның барысында Комиссиялар мен кіші комиссиялар құзыреті шеңберінде:

      1) жерасты су қорларының көлемі, сапасы, құрамы туралы, сондай-ақ жер қойнауының ерекшеліктері туралы деректердің нақтылығын;

      2) жерасты суларын өндіру және жер қойнауының кеңістіктерін пайдалану талаптары үшін гидрогеологиялық, геологиялық, тау-кен техникалық, инженерлік-геологиялық, техникалық-экономикалық деректердің толықтығы мен нақтылығын;

      3) жерасты суларын пайдалану қорларының табиғат қорғау және басқа да шектеулерді ескере отырып, әрі қарай пайдалану үшін кен орындарын зерттеу және даярлау дәрежесі бойынша олардың теңгерімдік тиесілігі; жер қойнауы кеңістігінің пайдалану үшін даярлану дәрежесі;

      4) жерасты су қорларын геологиялық зерттеу және бағалау бойынша іздеу, барлау, тәжірибелік-пайдалану жұмыстарының нәтижелері мен сапасын;

      5) жерасты суларының кен орындарын консервациялау, жерасты су қорларын жою немесе қалған қорлардың баланстық тиістілігін өзгертудің негізділігін айқындайды.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Комиссиялардың құзыретіне пайдаланылатын қорлардың көлеміне қарамастан, тәулігіне мың шаршы метрден көп болатын пайдаланылатын қорлары бар жерасты суларының және минералдық, өнеркәсіптік, жылу-энергетикалық жерасты суларының қорларына, сондай-ақ жер қойнауының кеңістігі туралы геологиялық есептерге сараптама жүргізу жатады.

      Кіші комиссиялардың құзыретіне тәулігіне мың шаршы метрге дейін пайдаланылатын қорлары бар жерасты суларының қорларына сараптама жүргізу жатады.

      Комиссиялар мен кіші комиссиялар өз қызметінде жүргізілетін сараптама шеңберінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жерасты суларының пайдалану қорларына мемлекеттік сараптама қорытындысын береді, бұл оларды мемлекеттік есепке қою үшін негіз болып табылады;

      2) жерасты су қорларының көлемі мен сапасына, олардың экономика үшін маңыздылығына, өндірудің және жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың гидрогеологиялық, тау-кен техникалық жағдайларына объективті бағасын береді;

      3) Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға лицензия беру туралы өтінішке қоса берілетін геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасының қорытындысын береді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Комиссия мен кіші комиссия сараптама жүргізу барысында:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелерден, су қолданушылар мен жер қойнауын қолданушылардан өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұрайды және алады;

      2) қажет болған жағдайда сараптама жүргізілетін объектілерде көшпелі отырыстар өткізеді;

      3) су қолданушы немесе жер қойнауын қолданушы құзыретті орган қолданыстағы арнайы су қолдану келісіміне немесе лицензияға тиісті өзгерістер енгізгенге дейін арнайы су қолдану келісімінде немесе лицензиялық талаптармен келісілген су қолдану немесе жер қойнауын қолдану операцияларын жүргізу мерзімдерін бұзған жағдайда сараптамаға ұсынылған есептерді кері қайтарады;

      4) өздерінің функцияларына кіретін мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

3-тарау. Комиссиялар мен кіші комиссиялардың қызметін ұйымдастыру

      10. Комиссия мен кіші комиссия отырыстары сараптамаға материалдардың келіп түсуіне қарай өткізіледі.

      11. Комиссия мен кіші комиссия отырыстары жұмыс және пленарлық болып бөлінеді.

      12. Комиссияның жұмыс отырыстары Комиссияның төрағасы орынбасарының, ал ол болмаған жағдайда – сараптама жүргізуге жауапты Комиссия мүшесінің басшылығымен жүргізіледі. Кіші комиссиялардың жұмыс отырыстары кіші комиссия төрағасы орынбасарының басшылығымен жүргізіледі. Жұмыстық қарастыру нәтижесі еркін нысандағы Комиссия немесе кіші комиссия шешімінің жобасы болып табылады.

      13. Комиссияның және кіші комиссияның пленарлық отырыстары Комиссия немесе кіші комиссия төрағаларының басшылық етуімен өтеді. Төраға болмаған жағдайда отырысты оның орынбасары жүргізеді. Пленарлық отырыстың нәтижесі Комиссия немесе кіші комиссия хаттамасы болып табылады.

      14. Егер пленарлық отырыста Комиссияның немесе кіші комиссияның жалпы мүшелер санының кем дегенде жартысы қатысқан болса, онда Комиссия немесе кіші комиссияның пленарлық отырысы заңды деп танылады. Комиссия немесе кіші комиссия мүшелері отырыстарға қатысу бойынша өздерінің құзыреттерін басқа тұлғалармен бөліспейді.

      15. Комиссия және кіші комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие.

      16. Шешім отырысқа қатысушы Комиссиялар мен кіші комиссиялар мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      17. Қажет болған жағдайда Комиссиялар мен кіші комиссиялардың отырыстарына Комиссия мен кіші комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды тұлға шақырылады.

      18. Комиссияның төрағасы оның қызметін басқарады, әдістемелік басқаруды және кіші комиссияның қызметіне жетекшілік етеді. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның міндетін төрағаның орынбасары атқарады.

      19. Кіші комиссиялардың төрағалары аумақтық бөлімшелердің жанындағы тиісті кіші комиссияның қызметіне басшылық етеді.

      20. Комиссия мен кіші комиссиялардың хатшылары сараптамаға материалдарды қабылдауды және оларды Комиссия мен кіші комиссияның пленарлық отырыстарына дайындауды ұйымдастырады.

      21. Сараптама нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда жерасты суларының қорларын бекіту туралы, қорларды санаттар бойынша бөлу, пайдаланудың есептік мерзімі, жерасты суларының сапасына стандарттардың немесе техникалық шарттардың талаптары, оларды пайдалану мақсаты туралы, геологиялық барлау жұмыстарының немесе пайдаланудың деректері бойынша қорларды бір санаттан екіншісіне ауыстыру, жерасты суларының қорларын есептен шығару туралы деректер, ұсынымдар, сондай-ақ Комиссия мен кіші комиссиялардың құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша шешімдер көрсетіледі.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Комиссияның немесе кіші комиссияның пленарлық отырысының қорытындылары бойынша хаттамаларда мынадай индекстердің бірі қойылған шешім көрініс табады:

      1) барлау бойынша жұмыстары аяқталған жер қойнауының учаскелері бойынша жер қойнауын пайдаланушы ұсынған аралық есептер бойынша:

      алдын ала бағаланған жерасты су қорларының көлемі назарға алынғандығын білдіретін "П" индексі;

      2) жүргізілген бағалау жұмыстарының нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қорытынды есептер бойынша:

      жерасты су қорларының бекітілгендігін және пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебіне енгізу керектігін білдіретін "У" индексі;

      3) жер қойнауының кеңістігін пайдалану туралы геологиялық есеп бойынша:

      жер қойнауының кеңістігін пайдалану туралы геологиялық есеп материалдарының мақұлданғандығын білдіретін "А" индексі.

      Индекссіз хаттамалар теріс қорытынды берілген шешімдерді көрсетеді.

      23. Сараптама нәтижелері көрсетілген хаттамаға отырыста төрағалық етуші қол қояды және Комиссиялар мен кіші комиссиялардың барлық қатысушы мүшелері бұрыштама қол қояды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады