Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 26.06.2023 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 21-2-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес апелляциялық комиссияның регламенті;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес апелляциялық комиссияның құрамы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 6 тамыздағы № МЗ-5 бұйрығына 1-қосымша |
Апелляциялық комиссияның регламенті
1. Апелляциялық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) өз қызметін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүзеге асырады және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тексеру нәтижелері туралы актіге шағым беру, қарау тәртібі мен мерзімдерін регламенттейді.
2. Комиссия төрағасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосына (бұдан әрі – ведомство) тексеру нәтижелері туралы актіге шағым келіп түскен күннен бастап Комиссия отырысының күнін және уақытын белгілейді.
3. Комиссия бақылау және қадағалау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актімен танысқан күннен кейін үш ай өткен соң ведомствоға берілген шағымдарды қарамайды.
4. Комиссияның хатшысы тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды Комиссия отырысының күні белгілегенге дейін үш жұмыс күні бұрын кешіктірмей оның мүшелеріне жібереді.
5. Комиссияның отырысы Комиссия төрағасының кіріспе сөзінен кейін ашық деп есептеледі.
6. Комиссияның отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы болған кезде өтті деп есептеледі.
7. Комиссияның шешімі қарапайым көпшіліктің дауысымен қабылданады.
8. Дауыс беруге Комиссия мүшелерінің ғана құқығы болады.
9. Комиссияның әрбір мүшесі бір ғана дауысқа ие болады.
10. Дауыстар тең болған кезде соңғы шешімді Комиссия төрағасы қабылдайды.
11. Комиссия мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық құпияны, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жарияламауы тиіс.
12. Тексеру нәтижелерi туралы актіге шағымды Комиссия тексеру нәтижелерi туралы актiге шағымдалатын мәселелер шегiнде қарайды.
13. Тексеру нәтижелерi туралы актіге шағымды қарау мерзімі келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
14. Тексеру нәтижелерi туралы актіге шағымды қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай ұсынымдардарды шығарады:
шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы актіні өзгеріссіз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы актіні толық немесе бұзушылықпен шығарылған тексерулер нәтижелерінің бір бөлігінің күшін жою.
15. Комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарау нәтижелері шағымды сотқа жіберуге кедергі келтірмейді.
16. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен сотқа жүгіну сот шешiмi шығарылғанға дейiн тексеру нәтижелерi туралы актiге шағымдарды Комиссияның қарауын тоқтатата тұрады.
17. Комиссия отырысының нәтижелері қажетті құжаттарды қоса бере отырып, хаттамамен ресімделеді.
18. Хаттамада Комиссияның құрамы, шақырылған адамдар, отырыс орны, уақыты және күні, Комиссия мүшелерінің айтқан ұстанымдары, сондай-ақ шақырылған сарапшылар болған кезде олардың пікірлері көрсетіледі.
19. Хаттаманың жобасын Комиссия отырысына қатысқан оның мүшелері келіседі.
20. Хаттамаға Комиссия төрағасы қол қояды және шешiм қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде өтініш иесінің және тексеру нәтижелерi туралы актіні ресімдеген лауазымды адамның (адамдардың) мәліметіне жеткізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 6 тамыздағы № МЗ-5 бұйрығына 2-қосымша |
Апелляциялық комиссияның құрамы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Комиссияның төрағасы;
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары – Комиссия төрағасының орынбасары;
Комиссияның мүшелері:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің өкілі;
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің өкілі;
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің өкілі;
"Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі (келісім бойынша);
"Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі (келісім бойынша).