Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-16 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 қазанда № 17534 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 21.12.2020 № ҚР ДСМ-300/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы 21-бабының 5-тармағына сәйкес және білім алушылардың клиникалық даярлығын қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 21.12.2020 № ҚР ДСМ-300/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 21.12.2020 № ҚР ДСМ-300/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Мыналардың:

      1) "Интернатура туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 16 маусымдағы № 452 бұйрығынның (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6331 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 461-468 (26311) болып жарияланған);

      2) "Резидентура туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 28 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5142 болып тіркелген, 2008 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, № 6 құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде және оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л. М. Ақтаеваға жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2018 жылғы 18 қыркүйектегі
№ ДСМ-16 бұйрығына
қосымша

Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 21.12.2020 № ҚР ДСМ-300/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидадар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы (бұдан әрі –Заң) 5-бабының 21-тармағына сәйкес әзірленді және медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) интерн – тәлімгердің бақылауымен интернатураның білім беру бағдарламасы шеңберіндегі білім алушы;

      3) интернатура – клиникалық практикаға рұқсат алу үшін білім алушыларды базалық жоғары медициналық білім шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны.

      4) тәлімгер - медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға және жас мамандарға кәсіптік бейімделуде практикалық көмек көрсету үшін медициналық ұйымның немесе медициналық білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина қызметкері;

      3. Интернатурада медицина кадрларын даярлау мерзімі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 221-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленеді.

      4. Медицина кадрларын интернатурада даярлау осы Қағидаларға, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 267-бабының 1-тармағының 3 тармақшасына сәйкес бекітілген денсаулық сақтау саласындағы жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Медицина кадрларын мемлекеттік бюджет есебінен интернатурада даярлау жоғары медициналық білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде жүзеге асырылады.

      6. Медицина кадрларын интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысының белгіленген санынан тыс даярлау оқуға жұмсалатын шығындарды толық өтей және осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, шарт негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібі

      7. Медицина кадрларын интернатураға қабылдау және мамандықтар бойынша топтарды қалыптастыру денсаулық сақтау саласындағы жоғары және үздіксіз интеграцияланған медициналық білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі - ЖЖООКББҰ) бірінші басшысының бұйрығы негізінде ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға ақпарат бере отырып, ағымдағы жылғы 28 тамызынан кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      8. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу cабақтарының кестесі, білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      9. Интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшерлерін бекіту қағидаларына сәйкес стипендия төленеді.

      10. Медицина кадрларын интернатурада даярлау тәлімгерлердің басшылығымен жүргізіледі.

      11. Интерндерді ауыстыру және қайта қабылдау "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Интерндерге академиялық демалыс ауруы бойынша ұзақтығы 6-12 айға дейінгі амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультативтік комиссиясының қорытындылары, әскери қызметке шақырту қағазы, үш жасқа толғанға дейінгі асырап алынған ұл немесе қыз баланың туу туралы құжаттары (куәлік) негізінде беріледі.

      ЖЖООКББҰ білім алушыларға академиялық демалыстар беру тәртібін айқындайды.

      13. Медицина кадрларын интернатурада даярлау медициналық жоғары білім беру ұйымдарының клиникалық базаларында осы Қағидалардың, үлгілік оқу жоспарының және білі беру бағдарламалары негізіне әзірленген жеке жоспар бойынша жүргізіледі.

      14. Білім алушы жеке жоспарға сәйкес интернатурада:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмекті, білікті медициналық көмекті, мамандандырылған медициналық көмекті, медициналық-әлеуметтік көмекті көрсететін ұйымдарда пациенттерге жетекшілік етеді;

      2) диагностикалық, емдеу және профилактикалық іс-шараларды тағайындауға және орындауға қатысады;

      3) құжаттаманы және халық арасында санитариялық-ағарту жұмысын жүргізеді;

      4) бөлімшенің қызметі туралы есептер жасауға қатысады;

      5) профилактикалық қарап-тексеруге, диспансерлеуге, консилиумдерге қатысады;

      6) пациенттерді клиникалық аралауға қатысады;

      7) айына кемінде төрт рет емдеу-профилактикалық ұйымдарда кезекшілікке қатысады (интернатурада білім алушының оқу жүктемесін есептеу кезінде ескерілмейді);

      8) клиникалық және клиникалық-анатомиялық конференциялардың жұмысына қатысады;

      9) патологиялық-анатомиялық ашуларға қатысады.

      15. Жеке оқу жоспарының талаптарын орындамаған бітіру курсының білім алушылары жазғы семестрден өтпестен екінші оқу жылына қалдырылады.

      16. Интерндарға академиялық кезеңдер (семестрлер немесе оқу жылы) арасында каникул беріледі. Каникулдың ұзақтығы оқу жылы ішінде бітіру курсты қоспағанда, кемінде жеті аптаны құрайды.

      17. Білім беру бағдарламасының сапасын мемлекеттік бақылау қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысанында жүзеге асырылады.

      18. Интернатурада білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау ағымдағы, межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау нысанында жүзеге асырылады. Ағымдағы, межелік бақылау және қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысандарын ЖЖООКББҰ белгілейді.

      19. Медициналық білім бағдарламасы бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жүргізіледі.

      20. Интерндер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мезгілінде:

      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;

      2) тиісті пәндер бойынша бағдарламада көзделген емтихандар, аралық аттестаттауды, қорытынды аттестаттауды тапсырады;

      3) атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есептерін ұсынады.

      21. Интерндерді оқудан шығару Заңның 41-бабының 1 тармағына сәйкес білім беру ұйымының бекітілген Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. Қорытынды аттестациядан өткен интернге интернатурада білім алушыларға "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) бекітілген мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады