"Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын және медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-16 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-300/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 желтоқсанда № 21883 болып тіркелді

      1. "Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын және медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-16 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17534 тіркелген) келесі өзгерістерді енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы 21-бабының 5-тармағына сәйкес және білім алушылардың клиникалық даярлығын қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:";

      1 тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "1. Қоса беріліп отырған медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары бекітілсін".

      Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
М. Шоранов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2020 жылғы 21 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-300/2020 Бұйрыққа
қосымша

Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидадар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы (бұдан әрі –Заң) 5-бабының 21-тармағына сәйкес әзірленді және медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) интерн – тәлімгердің бақылауымен интернатураның білім беру бағдарламасы шеңберіндегі білім алушы;

      3) интернатура – клиникалық практикаға рұқсат алу үшін білім алушыларды базалық жоғары медициналық білім шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны.

      4) тәлімгер - медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға және жас мамандарға кәсіптік бейімделуде практикалық көмек көрсету үшін медициналық ұйымның немесе медициналық білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина қызметкері;

      3. Интернатурада медицина кадрларын даярлау мерзімі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 221-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленеді.

      4. Медицина кадрларын интернатурада даярлау осы Қағидаларға, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 267-бабының 1-тармағының 3 тармақшасына сәйкес бекітілген денсаулық сақтау саласындағы жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Медицина кадрларын мемлекеттік бюджет есебінен интернатурада даярлау жоғары медициналық білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде жүзеге асырылады.

      6. Медицина кадрларын интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысының белгіленген санынан тыс даярлау оқуға жұмсалатын шығындарды толық өтей және осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, шарт негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібі

      7. Медицина кадрларын интернатураға қабылдау және мамандықтар бойынша топтарды қалыптастыру денсаулық сақтау саласындағы жоғары және үздіксіз интеграцияланған медициналық білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі - ЖЖООКББҰ) бірінші басшысының бұйрығы негізінде ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға ақпарат бере отырып, ағымдағы жылғы 28 тамызынан кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      8. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу cабақтарының кестесі, білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      9. Интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшерлерін бекіту қағидаларына сәйкес стипендия төленеді.

      10. Медицина кадрларын интернатурада даярлау тәлімгерлердің басшылығымен жүргізіледі.

      11. Интерндерді ауыстыру және қайта қабылдау "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Интерндерге академиялық демалыс ауруы бойынша ұзақтығы 6-12 айға дейінгі амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультативтік комиссиясының қорытындылары, әскери қызметке шақырту қағазы, үш жасқа толғанға дейінгі асырап алынған ұл немесе қыз баланың туу туралы құжаттары (куәлік) негізінде беріледі.

      ЖЖООКББҰ білім алушыларға академиялық демалыстар беру тәртібін айқындайды.

      13. Медицина кадрларын интернатурада даярлау медициналық жоғары білім беру ұйымдарының клиникалық базаларында осы Қағидалардың, үлгілік оқу жоспарының және білі беру бағдарламалары негізіне әзірленген жеке жоспар бойынша жүргізіледі.

      14. Білім алушы жеке жоспарға сәйкес интернатурада:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмекті, білікті медициналық көмекті, мамандандырылған медициналық көмекті, медициналық-әлеуметтік көмекті көрсететін ұйымдарда пациенттерге жетекшілік етеді;

      2) диагностикалық, емдеу және профилактикалық іс-шараларды тағайындауға және орындауға қатысады;

      3) құжаттаманы және халық арасында санитариялық-ағарту жұмысын жүргізеді;

      4) бөлімшенің қызметі туралы есептер жасауға қатысады;

      5) профилактикалық қарап-тексеруге, диспансерлеуге, консилиумдерге қатысады;

      6) пациенттерді клиникалық аралауға қатысады;

      7) айына кемінде төрт рет емдеу-профилактикалық ұйымдарда кезекшілікке қатысады (интернатурада білім алушының оқу жүктемесін есептеу кезінде ескерілмейді);

      8) клиникалық және клиникалық-анатомиялық конференциялардың жұмысына қатысады;

      9) патологиялық-анатомиялық ашуларға қатысады.

      15. Жеке оқу жоспарының талаптарын орындамаған бітіру курсының білім алушылары жазғы семестрден өтпестен екінші оқу жылына қалдырылады.

      16. Интерндарға академиялық кезеңдер (семестрлер немесе оқу жылы) арасында каникул беріледі. Каникулдың ұзақтығы оқу жылы ішінде бітіру курсты қоспағанда, кемінде жеті аптаны құрайды.

      17. Білім беру бағдарламасының сапасын мемлекеттік бақылау қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысанында жүзеге асырылады.

      18. Интернатурада білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау ағымдағы, межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау нысанында жүзеге асырылады. Ағымдағы, межелік бақылау және қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысандарын ЖЖООКББҰ белгілейді.

      19. Медициналық білім бағдарламасы бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жүргізіледі.

      20. Интерндер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мезгілінде:

      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;

      2) тиісті пәндер бойынша бағдарламада көзделген емтихандар, аралық аттестаттауды, қорытынды аттестаттауды тапсырады;

      3) атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есептерін ұсынады.

      21. Интерндерді оқудан шығару Заңның 41-бабының 1 тармағына сәйкес білім беру ұйымының бекітілген Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. Қорытынды аттестациядан өткен интернге интернатурада білім алушыларға "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) бекітілген мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады