Ескерту. Күші жойылды – ҚР Сауда және интеграция министрінің 03.02.2020 № 13-НҚ және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 6 ақпандағы № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз.
"Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 4-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасарына және жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
|
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы "29" тамыздағы № 608 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы "29" тамыздағы № 12 бірлескен бұйрығымен бекітілген |
Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 4-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) атаулы сақтау түбіртегі – атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі өтуі бойынша үш айдың ішінде заттардың сақталуы бойынша ломбардтың сақталуда тұрған заттары және міндеттері туралы мәліметтерді құрайтын, затты сақтау шартын жасасу кезінде ломбардтың беретін құжаты;
2) жүк беруші – атаулы сақтау түбiртегi шарттарына сәйкес ломбардқа затты сақтауға беретін жеке тұлға;
3) кепіл нысаны – кепiл берушінің меншігіндегі және қарызды өтеуге кепілдік беруді қамтамасыз ететін жылжымалы мүлiк;
4) кепіл билеті – кепіл нысаны және қарыз беру шарттары туралы мәліметтері бар қысқа мерзімді қарызды ресімдеу кезінде ломбардтар беретін құжат;
5) қарыз алушы – бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын және кепіл ретінде жеке пайдалануы үшін арналған жылжымалы мүлікті бере отырып, ломбардтан қысқа мерзімді қарыз алатын жеке тұлға;
6) қарыз беру құпиясы – қарыз алушылар, қарыздың мөлшері, қарыз алушыға қатысты қарыздың өзге де шарттары, ломбардтың операциялары туралы мәлімет (ломбардта кепілде және сақтауда тұрған заттар туралы мәліметтерді қоспағанда);
7) қысқа мерзімді қарыз алу – азаматтарға мерзімі бір жылдан аспайтын ломбардтардың беретін қарызы;
8) ломбард – азаматтарға жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлік кепіліне қысқа мерзімді қарыздар беру бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, ломбард ретінде тіркелген заңды тұлға;
9) талап етілмеген зат – атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі өткеннен кейін ломбардта сақталынатын және жүк беруші талап етпеген зат.
3. Ломбардтард қызметінің ерекше түрлері:
1) жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беру;
2) құрамында қымбат металдар мен қымбат тастары бар зергерлік бұйымдарды есепке алу, сақтау және сату болып табылады.
Ломбардтар инвестициялық қызметті жүзеге асыра алады.
4. Ломбард ретiнде тiркелмеген заңды тұлға өз атауында "ломбард" деген сөздi, ломбард операцияларын жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыруды меңзейтін, одан туындайтын сөздерді қолданбайды.
5. Ломбардтар "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.
6. Ломбардтар өз қызметін ломбардтың жоғары органы бекітетін Ломбард операцияларын жүргізу қағидалары болғанда ғана жүзеге асырады және мынадай ақпарат:
1) берілетін кредиттердің шекті сомалары мен мерзімдері;
2) берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті шамалары;
3) жүргізілетін операциялар үшін мөлшерлемелер мен тарифтер;
4) ломбардтың және оның клиенттерінің құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершіліктері;
5) кепіл билетін жоғалтқан жағдайда кепіл берушіге телнұсқаларды беру тәртібі;
6) өзге де шарттар қамтылуы тиіс.
7. Ломбард операцияларын жүргізу қағидалары ломбардтың клиенттері көре алатындай жерге орналастырылады.
8. Ломбард:
1) қарызды алумен, қызмет көрсетумен және өтеумен (қайтару) байланысты қарыз алушыға төлемдер, мөлшерлемелер және тарифтер туралы сенімді және толық ақпаратты қазақ және (немесе) орыс тілдерінде береді;
2) қарыз алушыға қарыз алуға байланысты оның құқықтары, міндеттері, жауапкершілігі туралы хабардар етеді;
3) ломбард аумағында заттардың сақталуын қамтамасыз ететін және оған бөтен тұлғалардың қолжетімділігін болдырмайтын, оларды сақтау үшін жағдай жасайды;
4) затты жоғалту немесе зақымдау қаупі туындағаны туралы қарыз алушыны дереу хабардар етеді;
5) ломбард алдындағы өз мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн кепiл билетiне сәйкес кепіл нысанын кепiл берушiге дер кезiнде қайтарады;
6) егер заттың жоғалуы және бүлінуі еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, зат жоғалған және (немесе) зақымдалған болса, тараптардың келісімімен айқындалған, бірақ бағалау сомасынан кем емес заттың нақты құнын өтейді;
7) атаулы сақтау түбіртегінің мерзiмi аяқталғаннан кейiн талап етілмеген затты үш ай iшiнде сақтайды;
8) осы Қағидалардың 42-тармағында көзделген талаптарды қоспағанда, қарыз беру құпиясын жария етпеуге кепілдік береді;
9) қарыз алушылардың ломбардтың алдындағы өз міндеттемелерін орындауы шарттарында, қайта ұйымдастыру немесе тарату кезінде қарыз алушыларға кепіл билеттерінде және атаулы сақтау түбіртектерінде көрсетілген мерзімде қайтаруды қамтамасыз етеді.
9. Ломбард кепілге қойылған заттарды пайдаланбайды және оларға билік етпейді.
10. Ломбардтар 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кепілге:
1) жылжымайтын мүлік;
2) айналымнан алынған және айналымда шектелген заттар;
3) тұтқындалған мүліктер;
4) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүліктер;
5) болашақта кепiл берушiнiң жеке меншігіне айналатын мүлiктер;
6) тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері;
7) теріден тігілген және басқа да бағалы киiм-кешектер, асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киiм-кешек, аяқ киiм, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
8) балалар жабдықтары;
9) кәсiби қызметiне қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар);
10) мүгедектердің жүріп-тұруына арналған көлік құралдары, мүгедектердің жүріп-тұруы үшін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен құралдар;
11) құрамында бағалы металдар мен асыл тастар бар зергерлік бұйымдардың тұтас және жиынтықты болуы жағдайында ломбард оларды зергерлік бұйымдардың сынықтары ретінде кепілге алмайды.
11. Бағалы металдары мен асыл тастары бар зергерлік бұйымдардың тұтастығы мен толықтығы болған жағдайда, ломбард оларды зергерлік бұйымдардың қалдықтары ретінде кепілдікке алмайды.
12. Ломбард он сегіз жасқа толмаған тұлғаларға қарыз бермейді.
2-тарау. Ломбардтарда қарызды беру тәртібі
13. Ломбард бір уақытта кепіл беруші болып табылатын жеке тұлғаға-қарыз алушыға кепіл нысаны болып табылатын жылжымалы мүлікті ломбардқа кепілге беру туралы шарт бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге қайтарымды және өтелетін негізде қарыз береді.
14. Қарыз алушымен жасалатын қарыз шарты бойынша сыйақы Кодекстің талаптары ескеріле отырып айқындалады.
15. Ломбардта заттарды кепіл туралы шарт және қарыз шарты ломбардтың кепіл билетін беруімен ресімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап болады.
16. Кепіл билеті жазбаша түрде екі данада жасалады, тараптардың әрқайсысы үшін біреуден, тараптар қол қояды және әрбір данасы ломбардтың мөрімен (бар болса) куәландырылады.
17. Қарыздың мерзімі ұзартылған жағдайда ломбард қарыз беру шарттарын сақтай отырып, кепіл билетінің күшін ұзартады.
Кепіл билеті жоғалған жағдайда, ломбард қарыз алушының өтініші бойынша оның телнұсқасын береді.
18. Кепіл нысанын бағалау теңгемен көрсетіледі және егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалады.
19. Кепіл нысаны қабылданған кезде ломбард кепіл берушінің қатысуымен оны мөрлейді немесе пломбалайды. Ломбард кепіл берушіге кепіл нысанының мөрленгені немесе пломбаланғанына көз жеткізуіне мүмкіндік береді.
20. Кепіл билетінде кепіл нысаны сақтандыру туралы талап болады.
21. Ломбард кепіл билетінің нысанын дербес әзірлейді, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) ломбардтың атауы, заңды мекенжайы және нақты орналасқан орны;
2) кепiл берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған жылы, азаматтығы, тіркеу бойынша мекенжайы, нақты тұрғылықты мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, кепiл берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi;
3) ломбардтың пайдасына қарыз берушінің төлеуге жататын қарыз берілген және сыйақы сомасы;
4) тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), олардың мөлшерін қоса алғанда, ломбардта қарыз беру, қызмет көрсету немесе қарызды уақтылы өтемеумен байланысты алуға жататын өзге де төлемдердің толық тізбесі;
5) қарыз өтеу күні мен мерзімі;
6) қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі (күнтізбелік бір күн есебінен есептелетін қарыз бойынша сайақы мөлшерлемесін міндетті түрде көрсетумен);
7) қарыз бойынша сайақы сомасын мөлшерлес азайту арқылы қарызды толық немесе жартылай өтеу (оның ішінде мерзімінен бұрын өтеумен қоса) мүмкіндігі, тәртібі және шарты;
8) кепіл нысанын бағалау сомасы;
9) кепіл нысанының атауы, тізбесі және егжей-тегжейлі сипаттамасы (кепіл нысанына байланысты: сериялық нөмірі, моделі, жағдайы, шығарылған күні, салмағы, түсі, өлшемі);
10) зергерлiк бұйымдарды кепілге қою кезінде, қымбат металдар мен тастардың (болған жағдайда) сипаттамасы және құны;
11) кепіл нысанының сақталу шарттары мен орны;
12) қарыз алушының (оның ішінде жеке басын куәландыратын құжат пен кепіл билетін ұсынған үшiншi тұлға) қарыз беру шарттарын сақтай отырып, қарызды пайдаланған күнiне ломбардқа сыйақы төлеген кезде кепiл билетiн ұзарту мүмкiндiгi;
13) ломбард қарыз алушыға қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін ломбардтың пайдасына пайдаланылмаған күндерге және басқа да төлемдерге, тұрақсыздықты қоса алғанда (айыппұл, өсімпұл) төленбейтін кепілдік міндеттемесін қайтару міндеттемесі;
14) қарыз алушының ломбард алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда қарызды өтеу мерзімі аяқталу бойынша бір ай ішінде кепіл нысанын сақтау жөніндегі ломбардтың міндеті.
22. Кепіл билеті Кодекске және осы Қағидаларға қайшы келмейтін өзге де ақпаратты қамтиды.
23. Кодекстің 307-бабында белгіленген талаптарды сақтамау кепіл билетінің маңызсыздығына алып келеді.
24. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың, осы Кодексте кепіл берушіге берілетін құқықтармен салыстырғанда, кепіл берушінің құқықтарын шектейтін талаптары шарт жасалған кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай талаптардың орнына осы Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.
3-тарау. Ломбардта заттарды сақтау шарттары
25. Ломбардта затты сақтау шарты ломбард беретін атаулы сақтау түбіртегімен ресімделеді.
26. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, әдетте оны сақтауға қабылдау сәті мен жеріндегі саудада белгіленетін бағаға сәйкес бағалануы тиiс.
27. Ломбард атаулы сақтау түбіртек нысанын дербес әзірлейді, ол мынадай ақпараттардан тұрады:
1) ломбардтың атауы, заңды мекенжайы және нақты орналасқан орны;
2) жүк берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, азаматтығы, тіркеу бойынша мекенжайы, нақты тұрғылықты мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, жүк берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi;
3) заттың атауы, тізбесі және егжей-тегжейлі сипаттамасы (затқа байланысты: сериялық нөмірі, моделі, жай-күйі, шығарылған күні, салмағы, түсі, өлшемі);
4) атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі аяқталғаннан кейін талап етілмеген заттың үш айлық сақталу мерзімі;
5) ломбардтың сақтауы және басқа да төлемдері үшін төлем мөлшері;
6) заттың бағалау сомасы;
7) жүк берушінің ломбардтан сақтау үшін төлем мен ломбардқа арналған басқа да төлемдер шегергеннен кейінгі затты сатқаннан түскен соманы алу құқығы;
8) жүк берушінің пайдасына атаулы сақтау түбіртегінде көрсетілген затты өз есебінен, оны бағалаудың толық сомасында сақтандыру бойынша ломбардтың міндеттемесі;
9) заттың сақтау орны мен шарттары.
28. Атаулы сақтау түбіртегі Кодекске және осы Қағидаларға қайшы келмейтін өзге де ақпаратты қамтиды.
29. Талап етілмеген затты үш айлық сақтау кезеңінде және зат сатылған күнге дейін ломбард заттың сақталуына нұқсан келтірмейді.
30. Кодексте жүк берушіге берілген құқықтармен салыстырғанда, оның құқықтарын шектейтін заттарды ломбардта сақтау шарты шарт жасасу сәтінен бастап жарамсыз болып табылады. Осындай шарттардың орнына Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.
4-тарау. Кепілге салынған мүлікті өндіріп алу және талап етілмеген затты сату тәртібі
31. Қарыз алушы кепілге салынған мүлікті сатуға дейін кез келген уақытта ломбардтың алдындағы өз міндеттемелерін орындай отырып, оны өндіріп алуды және оны сатуды тоқтатады.
32. Ломбардтың талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүлікті өндіріп алу Кодекстің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
33. Кепілге салынған мүлікті мәжбүрлі соттан тыс тәртіпте сату осы Кодекстің 319-бабында белгіленген тәртіппен жария саудада өткізу жолымен жүргізіледі.
Кепілге салынған мүлікті сату Кодекстің 152-бабында көзделген жағдайларда сатып алу-сату шартымен және операцияның жасалу фактісін растайтын және 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес қағаз не электронды түрде жасалған бастапқы есепке алу құжатымен (бақылау-касса машинасының түбіртегі, тауар түбіртегі, банк есебінің көшірмесі және басқалары) қарыз алушыға Кодекстің талаптарына сәйкес кепілге салынған мүліктің сатылуы туралы міндетті түрде хабарлаумен рәсімделеді.
34. Кепілге салынған мүлікті сатудан алынған сомадан, берілген қарыздың сомасы және қарыз алушының ломбардтың пайдасына төлейтін сыйақысы, сондай-ақ ломбардтқа тиесім басқа да төлемдер өтеледі. Қарыз алушы қалған соманы кепілге салынған мүлікті сату туралы ломбардтан хабарламаны алған күннен бастап үш жыл iшiнде кепiл билетін, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғанда алады. Қалған соманы қайтарған кезде ломбард қарыз алушының талабы бойынша осы қаражат көлемінің есебін және осы Қағидалардың 33-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.
35. Егер қарыз алушы кепілге салынған мүлікті сату туралы ломбардтың хабардар еткен күнінен бастап үш жыл ішінде тиісті соманы алуға жүгінбеген кезде ақша қаражаты ломбардтың кірісіне айналады.
36. Кепілге салынған мүлікті сатқаннан кейін, ломбардтың қарыз алушыға барлық талаптары қарызды өтеу үшін сатылған кепілге салынған мүлік сомасының және ломбардтың пайдасына басқа төлемдердің жеткіліксіздігіне қарамастан қанағаттандырылды деп саналады.
37. Бағалы металдар мен асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды сату кезінде ломбардтар "Қымбат металдар мен асыл тастар туралы" 2016 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті ұйымдарда міндетті түрде іріктеу және таңбалау бойынша талаптарды сақтайды.
38. Үш айлық сақтау мерзімі өткеннен соң талап етілмеген затты ломбард Кодекстің 785-бабында және 781-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіпте сатады.
5-тарау. Ломбардтар үй-жайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық нығайту бойынша талаптар
39. Ломбардтың үй-жайы операциялық кассадан (құлыпқа жабылатын есігі бар оқшауланған үй-жайдан), клиенттерге қызмет көрсету аймағынан және заттарды сақтауға арналған орыннан тұрады.
40. Ломбардтың үй-жайы:
1) жазбаны кемінде 30 тәулік сақтайтын функциясы бар бейнебақылау жүйелерімен;
2) фото тіркейтін құрылғымен;
3) сигналды жеке күзет ұйымының орталықтандырылған күзет пунктіне шығара отырып, күзет сигнализациясымен және шұғыл шақыру пультімен жабдықталады, елді мекендерде жеке күзет ұйымы болмаған жағдайда қосымша электр қоректендіру көзі және ломбард басшысының немесе иесінің ұялы телефонына дабыл сигналын беру мүмкіндігі бар сигнализациямен жабдықталады.
6-тарау. Заңсыз алынған заттары бар ломбардтардың айналымына қарсы іс-қимыл
41. Ломбардтардың қызметіне Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптар қолданылады.
42. Ломбардттар ломбардттардың орналасқан орны бойынша ломбардта кепілге салынған заттардың қарыз өтеу мерзімі бір айдан астам өткеннен кейін олардың фотосуреттері мен ломбардтқа зат тапсырған қарыз алушылар туралы ақпаратты он жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына хабарлайды.
43. Мүлік кепiл нысаны болған жағдайларда заңнамалық актілерде белгiленген тәртiппен осы мүлiктiң шын мәнiндегi меншiк иесi басқа тұлға болуы негізінде не әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде кепiл берушiден алынады, осы мүлiктiң кепiлге салынуы тоқтатылады. Бұл жағдайларда ломбард кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.
44. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жағдайлары тіркелген кезде ішкі істер органдары ұрланған заттар туралы ақпаратты елді мекен шегінде барлық ломбардтарға толық сипаттай отырып жібереді.
45. Ломбардтқа берілген зат ұрланған заттың сипаттамасына сәйкес келетін болса ломбард аталған факт туралы ішкі істер органына дереу хабарлайды.