Атырау облысы жергілікті атқарушы органының мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 қарашадағы № 1016 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 26 қарашада № 17786 болып тіркелді

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 212-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысымен бекітілген Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Атырау облысы жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберуі үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының мынадай шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты айқындалсын:

      1) шарттар:

      мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жылы – 2018 жыл;

      бағалы қағаздардың түрі – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге арналған облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар;

      2) көлемі – 1 930 514 000 (бір миллиард тоғыз жүз отыз миллион бес жүз он төрт мың) теңгеден артық емес;

      3) нысаналы мақсаты - мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті (Р.Т. Мейрханов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тiркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады