Жасалуы банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалын төлемге қабілетсіз банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалдарының санатына жатқызу туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылатын нарықтық емес талаптармен мәмілелердің тізбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 275 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 қарашада № 17804 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Нәтижесінде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы (бұдан әрі – банк) залал шегетін және банктің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауына алып келетін, жасалуы бұдан бұрын оның депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызылған банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылатын мынадай нарықтық емес талаптармен мәмілелердің тізбесі бекітілсін:

      1) мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылған мәмілелерді қоспағанда, мынадай талаптардың біріне сай келетін мәмілелер:

      берілген банктік қарыз сомасы қарыз алушының (егер тең қарыз алушылар болса, оларды ескере отырып) қаржылық жағдайына және (немесе) оның кірістеріне, сондай-ақ кепілмен қамтамасыз ету құнына сай емес;

      борышкердің сыйақыны төлеу төлемінің және (немесе) оның банктік операциялар бойынша негізгі борышты өтеуінің мерзімін кейінге қалдыру бір жылдан асады;

      борышкерден алынатын пайыздық мөлшерлемелердің мөлшері ұқсас банктік операциялар бойынша нарықтық пайыздық мөлшерлемелерден әлдеқайда төмен;

      2) борышкердің қаржылық жағдайына және (немесе) кірістеріне сай емес сомадағы борышкерлердің міндеттемелері бойынша немесе борышкерге кері талап қою (регресс) құқығынсыз банктік кепілдіктерді немесе кепілдемелерді беру;

      3) банктің ірі акционерлерінің және (немесе) басшы қызметкерлерінің талаптарын мерзімінен бұрын қанағаттандыруға алып келетін мәмілелер;

      4) талаптарында мәміленің тарапы болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаның банк алдында өзіне алған қаржылық міндеттемелерінен толығымен немесе ішінара бас тарту құқығы көзделген мәмілелер.

      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының талаптары мәміле мөлшері:

      1) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын қоспағанда, банк үшін:

      меншікті капиталының мөлшерін қоса алғанда 100 000 000 000 (бір жүз миллиард) теңгеге дейін болатын банктер үшін – банктің меншікті капиталының (банктің мәміле жасау туралы шешім қабылдаған күніндегі) 2 (екі) және одан көп пайызы;

      меншікті капиталының мөлшері 100 000 000 000 (бір жүз миллиард) теңгеден асатын банктер үшін – банктің меншікті капиталының (банктің мәміле жасау туралы шешім қабылдаған күніндегі) 1 (бір) және одан көп пайызы;

      2) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы үшін:

      резерв ретінде қабылданатын активтерінің мөлшерін қоса алғанда 100 000 000 000 (бір жүз миллиард) теңгеге дейін болатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы үшін – Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерінің (мәміле жасау туралы шешім қабылдау күніндегі) 2 (екі) және одан көп пайызы;

      резерв ретінде қабылданатын активтерінің мөлшері 100 000 000 000 (бір жүз миллиард) теңгеден асатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы үшін – Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерінің (мәміле жасау туралы шешім қабылдау күніндегі) 1 (бір) және одан көп пайызы болатын жағдайларға қолданылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады