Сақтандыру полистерінің мазмұнына және ресімделу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 269 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 қарашада № 17806 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 11 маусымдағы, "Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 13 маусымдағы, "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі, "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі, "Туристі міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы, "Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі, "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" 2005 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Сақтандыру полистерінің мазмұнына және ресімделу тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы;

      2) алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      2. Осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 269 қаулысына
  1-қосымша

Сақтандыру полистерінің мазмұнына және ресімделу тәртібіне қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптардың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Сақтандыру полистерінің мазмұнына және ресімделу тәртібіне қойылатын талаптарды (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 11 маусымдағы, "Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 13 маусымдағы, "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі, "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі, "Туристі міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы (бұдан әрі – Туристі міндетті сақтандыру туралы заң), "Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі, "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" 2005 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және сақтандыру полистерінің мазмұнына және ресімделу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді.

      Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғым қолданылады:

      сақтандырушы - сақтандыру ұйымы, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Сақтандыру полисінде мынадай мәліметтер:

      1) сақтандырушының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірі және банктік деректемелері;

      2) сақтанушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, экономика секторының коды, резиденттік белгісі (Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденті), заңды мекенжайы және (немесе) тұрғылықты жері (жеке тұлғалар үшін);

      3) сақтанушының атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, экономика секторының коды, резиденттік белгісі (Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденті), орналасқан жері және нақты мекенжайы, банктік деректемелері (заңды тұлғалар үшін);

      4) сақтандыру агентінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), телефон нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол Қазақстан Республикасының резидент- жеке тұлғасы болып табылса) немесе сақтандыру агентінің атауы, орналасқан жері және нақты мекенжайы, телефон нөмірі және бизнес сәйкестендіру нөмірі (егер ол Қазақстан Республикасының резидент- заңды тұлғасы болып табылса);

      5) сақтандыру нысанын көрсету;

      6) сақтандыру жағдайын көрсету;

      7) сақтандыру сомасының мөлшері, валюта түрі, сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімі;

      8) сақтандыру сыйлықақысының (егер төлем бөліп төленсе, сақтандыру жарнасының) мөлшері, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысының жалпы сомасы және жеңілдікті (бар болса) ескере отырып, сақтандыру сыйлықақысының сомасы, сақтандырушы ұсынатын сақтандыру сыйлықақысының жалпы сомасы және жеңілдігі (бар болса) ескере отырып, сақтандыру сыйлықақысының сомасы, валюта түрі, сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі мен мерзімдері;

      9) сақтандыру агентіне тиесілі комиссиялық сыйақының болуы немесе болмауы туралы көрсету;

      10) сақтандыру полисін жасасу күні және оның қолданыс мерзімі;

      11) егер сақтандыру полисінде сақтандырылушы (пайда алушы) көрсетілген жағдайда, ол сақтандыру полисі бойынша сақтанушы болып табылмаса, сақтандырылушының (пайда алушының) сәйкестендіру нөмірін, резиденттік белгісін және экономика секторын көрсету;

      12) сақтандыру полисінің нөмірі (сақтандыру полисін қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімдеген жағдайда) немесе дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым берген сақтандыру полисінің бірегей нөмірі (сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдеген кезде);

      13) сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті жетіспейтін құжаттар туралы сақтанушыны немесе сақтандырылушыны хабардар ету мерзімдері;

      14) экономикалық қызмет түрі (заңды тұлғалар үшін);

      15) сақтандыру полисінің қолданылатын аумағын көрсету;

      16) сақтандырушының қолы (сақтандыру полисі қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделген жағдайда);

      17) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес мәліметтер қамтылады.

      Экономика секторының коды Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысымен бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17274 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 139 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстанның Даму Банкінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының және ипотекалық ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қаржы секторына шолуды қалыптастыруға арналған мәліметтерді ұсынуы жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес көрсетіледі.

      Экономикалық қызмет түрі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19927 болып тіркелген "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокері есептілігінің тізбесін, нысандарын, табыс ету мерзімдерін және оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 275 қаулысына 38-қосымшаға сәйкес көрсетіледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 20.09.2021 № 90 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      3. Сақтандыру полисінде қамтылған сақтанушы мен сантандырылушы туралы мәліметтер сақтанушының өтінішінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес келеді, оның негізінде сақтандыру полисі ресімделеді.

      4. Сақтандыру полисі қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделген жағдайда, тараптардың құқықтары мен міндеттерінің сипаты сақтандыру полисінің кері жағында жазылады немесе оған қоса беріледі.

      5. Туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисінде Талаптардың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа сақтандырушының ассистанс компаниясының атауы, орналасқан орны, интернет-ресурсы, телефоны мен факсінің нөмірі, электрондық поштасының мекенжайы, сақтандырылушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), туған күні мен тұрғылықты жері қамтылады.

      6. Туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисін жасасқанын растау үшін сақтандырушы сақтанушыға сақтандырылушыға қатысты қолданыстағы сақтандыру арқылы қорғаудың болуы туралы растайтын сақтандыру сертификатын электрондық нысанда ресімдейді.

      Сақтандырылушының талап етуі бойынша сақтандыру сертификаты қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделеді.

      Сақтандыру сертификатында Талаптардың 2-тармағының 1), 2), 3), 6), 8), 10), 11), 12), 15) және 16) тармақшаларында және 5-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа сақтандырылушының сақтандыру жағдайы басталған кездегі іс-қимылының тәртібі мен сақтандыру бағдарламасы қамтылады.

      Сақтандыру объектісін, сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін (сақтандыру сомасын) және өтелуі тиісті шығыстардың түрлерін, тараптардың құқықтары мен міндеттерінің сипатын, сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ Туристі міндетті сақтандыру туралы заңда белгіленген сақтандырудың өзге талаптарын көрсету сақтандыру сертификатына қоса беріледі.

      Туристі міндеттті сақтандыру бойынша сақтандыру полисі мен сақтандыру сертификаты халықаралық шарттарда, сақтандырылушының уақытша болатын елдің (орнының) заңнамасында көзделген талаптарды ескере отырып толтырылады.

      6-1. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисі Талаптардың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа, сақтанушының және сақтандырылған тұлғаның (сақтандырылған тұлғалардың) (екі жылдан астам, екі жылдан аз) көлік жүргізу өтілі және көлік құралының (көлік құралдарының) шығарылған күні туралы ақпаратты қамтиды.

      Ескерту. Талаптар 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 31.08.2023 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Егер сақтандырушының филиалы сақтандыру полисін ресімдесе, онда сақтандыру полисінде сақтандырушы филиалының атауы, орналасқан орны мен телефоны, филиал басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) қамтылады.

      8. Түрлері, талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлерін реттейтін жекелеген заңнамалық актілерінде белгіленетін міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру полистері электрондық нысанда ресімделеді және сақтандыру полисінің бланкісінде басып шығарылмауға тиіс.

      Жүктелген және ерікті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру полистері қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде және (немесе) электрондық нысанда ресімделеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Сақтандыру полисінің мәтіні қазақ және орыс тілдерінде, туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисі мен сақтандыру сертификатының мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ресімделеді.

      Сақтандыру полисінің, сақтандыру сертификатының мәтіні олардың ауызша айтылуының тура мағынасына сәйкес түсіндірілуге тиіс. Мәтінде арнайы сақтандыру терминологиясы қолданылған жағдайда, оның толық және бір мәнді түсініктемесі беріледі.

      10. Қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделген сақтандыру полисіне сақтандырушы мен сақтандыру агенті арасында жасасқан шартта тиісті өкілеттіктер болған жағдайда сақтандыру агенті қол қояды.

      11. Қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделген сақтандыру полисін, сақтандыру сертификатын толтыру кезінде түзетулер мен шимайларға жол берілмейді.

      12. Қағаз нысандағы сақтандырушының бланкісінде ресімделген сақтандыру полисін немесе сақтандыру сертификатын жоғалтқан жағдайда, сақтандырушы сақтанушының немесе сақтандырылушының өтініші бойынша оның түпнұсқамен бірдей заңдық күші болатын, жоғарғы оң жақ бұрышында "телнұсқа" деген жазуы бар және сақтандыру полисін немесе сақтандыру сертификатын алғашқы берген күн көрсетілген телнұсқасын береді.

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 269 қаулысына
  2-қосымша

Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшін өтiнiштің мазмұнына қойылатын талаптар

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 269 қаулысына
  3-қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Сақтандыру полистері бланктерінің мазмұнына және оларды жасауға, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, туроператордың немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру полистерін рәсімдеуге және беруге, сондай-ақ міндетті сақтандырудың жекелеген түрлері бойынша міндетті сақтандыру шарттарын жасау үшін сақтанушы өтініштерінің мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 24 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6171 болып тіркелген, 2010 жылғы 7 тамызда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында № 13 жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру полистері бланктерінің мазмұны және оларды жасау, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисін рәсімдеу, сондай-ақ міндетті сақтандырудың жекелеген түрлері бойынша міндетті сақтандыру шарттарын жасау үшін сақтанушы өтініштерінің мазмұны жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" 2010 жылғы 1 наурыздағы № 24 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 95 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7240 болып тіркелген, 2011 жылғы 28 қазанда "Заң газеті" газетінде № 158 (1974) жарияланған).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 110 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8505 болып тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2013 жылғы 6 тамызда № 115 (2316) жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 25-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 20 қазандағы № 197 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12364 болып тіркелген, 2015 жылғы 28 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) 1-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 12 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13308 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 14 наурызда жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 2-тармағы.

      6. "Сақтандыру полистері бланктерінің мазмұнына және оларды жасауға, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, туроператордың немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру полистерін рәсімдеуге және беруге, сондай-ақ міндетті сақтандырудың жекелеген түрлері бойынша міндетті сақтандыру шарттарын жасау үшін сақтанушы өтініштерінің мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 24 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 141 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13929 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 5 тамызда жарияланған).

      7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 қаңтардағы № 17 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15104 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкінде 2017 жылғы 9 маусымда жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 3-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 248 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16446 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкінде 2018 жылғы 13 наурызда жарияланған) бекітілген Төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулылары тізбесінің 1-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады