Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 481 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 7 желтоқсанда № 17897 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 7 маусымдағы № 202 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Энергетика министрінің 07.06.2022 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысы 01.01.2023 дейін тоқтатыла тұрады – ҚР Энергетика министрінің м.а. 09.01.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 18-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң, бірақ 2019 жылғы 1 қаңтардан ерте емес қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 481 бұйрығымен
бекітілген

Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 18-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) қатысушының өтінімі – осы Қағидаларға сәйкес электрондық сауда мәмілесін жасау үшін қажетті барлық жағдайларды қамтитын электрондық сауда-саттыққа қатысушының сұйытылған мұнай газын сатуы (сатып алуы) туралы ұсынысы (оферта) немесе электрондық сауда-саттыққа қатысушының сұйытылған мұнай газын сатып алуы (сатуы) туралы ұсынысты қабылдауы туралы хабарламасы (акцепт);

      2) лот – электрондық сауда-саттыққа шығарылатын, бекітілген бірлік болып табылатын сұйытылған мұнай газының көлемі;

      3) сауда-саттықты ұйымдастырушы – электрондық сауда алаңының иесі болып табылатын, осы Қағидаларға сәйкес электрондық сауда алаңында сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын жүргізу бойынша қызмет көрсететін және осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін заңды тұлға – Қазақстан Республикасының резиденті;

      4) сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті –электрондық сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізумен байланысты мәселелер бойынша оған қатысушылардың мүдделерін білдіруді жүзеге асыратын, сауда-саттықты ұйымдастырушының консультативтік-кеңесші органы;

      5) техникалық іркіліс - электрондық сауда алаңының қысқа мерзімге істен шығуы, бұл электрондық сауда-саттықты ұйымдастыруға байланысты қызмет көрсетуді жалғастыруға мүмкіндік бермейді;

      6) сауда-саттық құралы - сауда-саттықты ұйымдастырушы белгілеген нақты бір ерекшеліктерге сәйкес келетін актив, ол сауда-саттық операциясының нысанасы болуы мүмкін;

      7) сауда күні – сауда-саттықты ұйымдастырушы электрондық сауда-саттықты өткізетін жұмыс күні;

      8) сауда сессиясы – қатысушылар электрондық сауда алаңына сұйытылған мұнай газын сатып алуға (сатуға) өтінімдер беретін және олар бойынша тауарлық мәмілелер жасалатын сауда күнінің уақыт кезеңі;

      9) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі – жер қойнауын пайдалану саласында ақпаратты жинау, сақтау, талдау және өңдеуге арналған "Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі" интеграцияланған ақпараттық жүйесі;

      10) электрондық сауда-саттыққа қатысушы – осы Қағидаларға сәйкес электрондық сауда алаңдарындағы сауда-саттыққа қатысуға жіберілген тұлға;

      11) электрондық сауда алаңы – Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын жүргізуге арналған және мәмілелер жасасу, сондай-ақ ақпарат жинау, сақтау, өңдеу және ашу процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін есептеу құралдары, бағдарламалық қамтылым, дерекқор, телекоммуникациялық құралдар және басқа да жабдықтар кешені;

      12) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңдарға сәйкес қолданылады.

2- тарау. Сауда-саттықты ұйымдастырушыларға қойылатын талаптар

      3. Сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттық жүргізу үшін сауда-саттықты ұйымдастырушы мыналардың болуын:

      1) осы Қағидаларға қосымшада келтірілген талаптарға сәйкес келетін электрондық сауда алаңының;

      2) сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитетінің;

      3) электрондық сауда алаңдарында құпиялылық режимін, сондай-ақ коммерциялық құпияны құрайтын, соның ішінде электрондық жеткізгіштегі мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті құралдармен жасақталған құрылымдық бөлімшенің болуын;

      4) сауда-саттықты ұйымдастырушының сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен байланысты басқарушы лауазымдарды атқаратын қызметкерлерінің:

      жоғары білімінің;

      электрондық сауда-саттық, тауарлық биржалар саласында және (немесе) қаржы ұйымдарында кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуын;

      5) сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы лауазымдардағы қызметкерлерін қоспағанда, сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен байланысты лауазымдарды атқаратын қызметкерлерінің – жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімінің болуын;

      6) электрондық сауда-саттықты ұйымдастыру бойынша және клиенттермен жұмыс бойынша құрылымдық бөлімшелерінің болуын;

      7) жасалатын мәмілелер бойынша есеп жасасу үшін клирингтік жүйе тетігін пайдалану туралы екінші деңгейлі банкпен шарттың немесе Қазақстан Республикасының тауарлық биржалар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін, электрондық сауда алаңына қызмет көрсететін клирингтік ұйыммен шарттың болуын;

      8) электрондық сауда алаңы туралы және онда сауда-саттық өткізу тәртібі туралы ақпарат, сондай-ақ электрондық сауда-саттық нәтижелерін орналастыру үшін арнайы бөлімі бар қазақ және орыс тілдеріндегі меншікті интернет-ресурсының болуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының республикалық бюджеті туралы Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем болмайды.

      5. Сауда-саттықты ұйымдастырушы әлеуетті сауда-саттыққа қатысушыларды оқыту мен қайта даярлауды жүзеге асырады, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.

      6. Сауда-саттықты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да тауар түрлерінің сауда-саттығын өткізеді.

      7. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.

3-тарау. Сауда-саттыққа қатысушыларға қойылатын талаптар

      8. Сұйытылған мұнай газын сатушылар мен сатып алушылар электрондық сауда-саттыққа қатысушылар болып табылады.

      9. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесі субъектілерінің, оның ішінде дилерлер ретінде әрекет ететін мына санаттары немесе олардың өкілдері (агенттері, брокерлері):

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері сұйытылған мұнай газын сатушы ретінде электрондық сауда-саттыққа қатысушылар болып табылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесі субъектілерінің, оның ішінде дилерлер ретінде әрекет ететін мына санаттары немесе олардың өкілдері (агенттері, брокерлері):

      1) газ желісі ұйымдары;

      2) өнеркәсіптік тұтынушылар, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде теміржол цистерналарынан толтыру мүмкіндігімен жалпы көлемі 60 текше метрден кем емес сұйытылған мұнай газын сақтау ыдысы бар немесе айына көлемі 60 текше метрден кем емес сұйытылған мұнай газын сақтау және басқа жаққа айдау бойынша қызмет көрсету туралы тиісті жеткізу өңірінде газ толтыру станциясының иесімен шарт жасасқан газ толтыру пункттері және (немесе) автогаз құю станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын сатып алушы ретінде электрондық сауда-саттыққа қатысушы болып табылады.

      Өнеркәсіптік тұтынушылар, газ толтыру пункттері немесе автогаз құю станцияларының иелері үшін егер олар автокөлікпен сұйытылған мұнай газын жеткізуді көздейтін сауда құралдарына арналған электрондық сауда-саттыққа қатысса, осы тармақтың 2) тармақшасының талаптары қолданылмайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Сауда-саттықты ұйымдастырушымен аффилиирленген тұлғалар сауда-саттыққа қатысушы болып табылмайды.

      12. Электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін сатушылар және (немесе) сатып алушылар немесе олардың өкілдері сауда-саттықты ұйымдастырушымен электрондық сауда-саттықты өткізу бойынша қызмет көрсету туралы шарт жасасады.

      13. Сауда-саттықты ұйымдастырушы электрондық сауда-саттыққа қатысушылардың есебін жүргізеді және әрбір сауда-саттыққа қатысушыға бірегей код береді, бұл код бір мезгілде электрондық сауда жүйесіне кіру логині болып табылады.

4-тарау. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті

      14. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, уәкілетті органда аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерінен, электрондық сауда-саттыққа қатысушылардан, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардан тұрады. Бұл ретте сатушылар өкілдерінің мүшелері мен сатып алушылар өкілдері мүшелерінің саны бірдей болады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті мыналарды:

      1) сауда күндері мен негізгі сауда сессияларын өткізу графигін және кезеңділігін;

      2) сауда құралдарын;

      3) электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін кепілді қамтамасыз ету мөлшерлерін;

      4) сатуға және сатып алуға өтінімдердің ең көп мөлшерін;

      5) ай сайын сұйытылған мұнай газы базалық бағасының максималды мәнін бекітеді.

      Осы тармақтың 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті бекіткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. Электрондық сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

1-параграф. Электрондық сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу

      16. Сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттықты ұйымдастыруды жүзеге асыруды көздейтін электрондық сауда алаңының иесі уәкілетті органға өтініш берушінің осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса отырып, еркін нысандағы өтініш береді.

      17. Өтінішті сұйытылған мұнай газымен сауда-саттықты ұйымдастырушыларды айқындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) ол уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды. Комиссия уәкілетті орган, ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардан құралады.

      18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мерзім ішінде өтініш беруші шартты сауда құралы бойынша бір электрондық сауда-саттыққа кемінде үш шартты сатушының және кемінде бес шартты сатып алушының қатысуымен электрондық сауда алаңының қолда бар функционалын растауға мүмкіндік беретін қашықтан тесттік сауда-саттықты имитациялық режимде Комиссия үшін өткізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Комиссия өтінішті қарау және қашықтан тесттік электрондық сауда-саттықты өткізу нәтижелері бойынша өтініш берушінің осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдайды.

      Бұл ретте Комиссия оған қатысты осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдаған электрондық сауда-саттық алаңының иесі және уәкілетті орган электрондық сауда-саттық басталғанға дейін электрондық сауда алаңын уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етеді.

      Комиссия оларға қатысты осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдаған электрондық сауда алаңдары иелерінің атаулары мен байланыс деректері уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Сауда-саттықты ұйымдастырушы электрондық сауда-саттыққа қатысуға тек осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көрсетілген тұлғаларды ғана жібереді.

      21. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Қағидаларда белгіленген талаптарды ескере отырып, электрондық сауда-саттыққа қатысушылардың барлығына электрондық сауда-саттыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      22. Сауда-саттықты ұйымдастырушы электрондық сауда-саттықта жасалған мәмілелер туралы ақпаратқа негізделген сұйытылған мұнай газына бағаларды, индекстер мен өзге де көрсеткіштерді есептейді.

      23. Сауда-саттықты ұйымдастырушы электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен, сондай-ақ жеке мүлікпен операцияларды жүзеге асыруға байланысты тәуекелдерді басқару жүйесін ұйымдастырады.

      24. Сауда-саттықты ұйымдастырушы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы ай сайын жоспарланған айдың алдындағы ай басталғанға дейін бес күнтізбелік күннен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) алады, онда электрондық сауда алаңдары арқылы газ көлемін өткізу бөлінісінде сұйытылған мұнай газын сатушылардың тізімі көрсетіледі.

      24-1. Сатушылар ай сайын сауда сессиялары басталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде сауда-саттықты ұйымдастырушыны ағымдағы айда тиісті электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге қоюды жоспарлап отырған сұйытылған мұнай газының көлемі туралы хабардар етеді.

      Сауда-саттықты ұйымдастырушы ағымдағы айда тиісті электрондық сауда алаңы арқылы өткізудің жоспарланатын көлемдері туралы жинақталған ақпаратты сауда сессиялары басталғанға дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      Ескерту. 5-тарау 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Сауда-саттықты ұйымдастырушы жоспарланатын айдың алдындағы айдың 20 (жиырмасыншы) күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде 5 (бес) негізгі сауда сессиясын өткізеді, олардың әрқайсысында сатушылар жоспарланатын ай ішінде нақты тиеп-жөнелте отырып, электрондық сауда алаңдары арқылы өткізу үшін міндетті сұйытылған мұнай газы көлемінің 20 (жиырма) пайызынан қояды.

      Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген күні өндіруші өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері арасында жеткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемін бөлмеген жағдайда, мұндай меншік иелері алғашқы негізгі 4 (төрт) сауда-саттық сессияларының әрқайсысында өздері бөлуге жоспарлаған сұйытылған мұнай газы көлемінің 20 (жиырма) пайызынан сауда-саттыққа шығарады.

      Осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген тұлғалар үшін 5 (бесінші) негізгі сауда сессиясы меншік иелері арасында сұйытылған мұнай газын бөлу бекітілген күннен кейінгі 1 (бірінші) жұмыс күні жеке өткізіледі, бұл ретте осындай тұлғалардың өнім беру жоспарын орындауы үшін қажетті сұйытылған мұнай газының барлық көлемі сауда-саттыққа шығарылады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      26. Алып тасталды – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Сұйытылған мұнай газы тиісті сауда құралдары бойынша электрондық сауда алаңдары арқылы өткізіледі, олар мынаны көздейді:

      1) сұйытылған мұнай газының түрі мен оның сапалық сипаттамалары;

      2) сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту орны, мерзімі, тәсілі және басқа да шарттары;

      3) сұйытылған мұнай газы үшін ақы төлеу шарттары;

      4) олардың аумағы шеңберінде сұйытылған мұнай газын әрі қарай сатып алушыларға өткізуге жататын өңір (өңірлер);

      5) қажет болған жағдайда – сауда-саттықты ұйымдастырушы анықтаған басқа да шарттар.

      28. Алып тасталды - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу графигін және кезеңділігін өзгерту туралы, сондай-ақ қосымша сауда сессияларын өткізу туралы электрондық сауда-саттыққа қатысушыларға сауда күні басталғанға дейін 24 сағаттан кешіктірмей хабарланады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30. Егер тиісті сатушының электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуі міндетті сұйытылған мұнай газының көлемі 180 (бір жүз сексен) тоннадан аз болса, онда мұндай сатушы бірінші сауда сессиясынан бастап көлемнің 20 (жиырма) пайызынан астамын сатуға қояды.

      Егер өткен сауда сессияларында сұйытылған мұнай газының көлемі сатуға қойылып, бірақ сатылмаған жағдайда, мұндай көлем кейінгі сауда сессияларында қосымша қойылады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген тұлғалар электрондық сауда алаңында ай сайын сатып алатын сұйытылған мұнай газы партиясының (көлемінің) ең төменгі мөлшері 1 (бір) лотты құрайды.

      Сұйытылған мұнай газын теміржол көлігімен жеткізуді көздейтін сауда құралдары бойынша лоттың мөлшері 36 (отыз алты) тоннадан 40 (қырық) тоннаға дейінгі 1 (бір) вагонды, автомобиль көлігімен 5 (бес) тоннаны құрайды.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Сатушылар өткізуге арналған өтінімдерді лот түрінде шығарады. Егер сатушының сұйытылған мұнай газын өткізу бойынша ай сайынғы міндеттемелерінің мөлшері белгіленген лот мөлшеріне бөлінбейтін болса, онда сатушы сатуға лотқа бөлінетін көлемін шығарады, бірақ ол электрондық сауда алаңы арқылы өткізу бойынша айлық міндеттемелерінің көлемінен кем болмайды.

      33. Сатып алушы электрондық сауда алаңында ай сайын сатып алатын сұйытылған мұнай газы партиясының (көлемінің) ең жоғары мөлшері жоспарланып отырған айға арналған өнім беру жоспарына сәйкес электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге жататын сұйытылған мұнай газы көлемінің 10 (он) пайызынан аспайды, ал сұйытылған мұнай газы көлемінің кемінде 80 (сексен) пайызы автомобиль көлігімен әкетілетін беру базисінің сауда құралдары бойынша – 5 (бес) пайыздан аспайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген сұйытылған мұнай газының көлемін сауда-саттықты ұйымдастырушы бүкіл электрондық сауда алаңдарында ағымдағы күнтізбелік айдың ішінде осындай сатып алушының сұйытылған мұнай газын сатып алуының нақты көлемдерін ескере отырып, әрбір сатып алушы үшін белгілейді.

      Сауда-саттықты ұйымдастырушы сатып алушылардың сұйытылған мұнай газын сатып алу көлемдері туралы деректерді уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы алады.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығына қатысу үшін электрондық сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықты ұйымдастырушыға немесе электрондық сауда алаңына қызмет көрсететін клирингтік ұйымның шотына ақшалай кепілдік қамтамасыз етуді енгізеді.

      Электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдікті қамтамасыз ету мөлшерін сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті белгілейді.

      Кепілдік қамтамасыз етуді енгізу, ұстап қалу және қайтару тәртібін сауда-саттықты ұйымдастырушы немесе клирингтік ұйым айқындайды.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. Сұйытылған мұнай газының сауда-саттығы екі қарама-қарсы (анонимді) аукцион түрінде мынадай тәртіппен өткізіледі:

      1) электрондық сауда-саттыққа қатысушылар сауда сессиясы ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушыға осы Қағидалардың 36-тармағында белгіленген тауардың минималды және максималды бағасына қойылатын талаптарды сақтай отырып, тауарды сатып алуға (сатуға) өтінімді береді;

      2) осы Қағидалардың 36-1-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, сауда күні ішінде бір сауда сессиясы өткізіледі;

      3) сауда сессиясының ұзақтығы екі сағатты құрайды;

      4) сатушылар сұйытылған мұнай газын өндірушілердің өндірістік объектілерінен немесе мұндай өндірістік объектілермен технологиялық байланысты объектілерден сұйытылған мұнай газын теміржол цистерналарына және (немесе) автогазтасығыштарға құю үшін пайдаланатын объектілер өнімді беру базистері болып анықталады;

      5) тауарды сатып алуға (сатуға) арналған өтінімде мынадай негізгі мәліметтер көрсетіледі:

      сауда-саттыққа қатысушының атауы;

      өтінім түрі (сатып алуға немесе сатуға);

      сатып алынатын (сатылатын) тауар атауы;

      теңгемен көрсетілетін тауардың бағасы;

      сатып алуға (сатуға) мәлімделген тауардың саны;

      сауда-саттықты ұйымдастырушы анықтайтын басқа да мәліметтер;

      6) барлық қабылданған өтінімдер сатуға және сатып алуға қанағаттандырылмаған өтінімдер кезегіне қойылады:

      сатып алуға арналған өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың кему тәртібі бойынша қойылады, ал бағалар бірдей болған жағдайда – олардың сауда жүйесіне келіп түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      сатуға арналған өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың өсу тәртібі бойынша қойылады, ал бағалар бірдей болған жағдайда – олардың сауда жүйесіне келіп түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      7) сатуға жаңадан келіп түскен өтінім бағасы ең жоғары бағаны құрайтын сатып алуға арналған өтінімнен бастап, сатып алуға келіп түскен өтінімнің бағасына тең немесе одан жоғары болатын өтінімдер арқылы қанағаттандырылады. Бұл процесс сатуға осындай өтінімдер толық қанағаттандырылғанға дейін немесе бағасы жағынан қолайлы сатып алу өтінімдері таусылғанға дейін жалғасады;

      8) сатып алуға жаңадан келіп түскен өтінім бағасы ең төмен бағаны құрайтын сатуға арналған өтінімнен бастап, сатуға келіп түскен өтінімнің бағасына тең немесе одан төмен болатын өтінімдер арқылы қанағаттандырылады. Бұл процесс сатып алуға осындай өтінімдер толық қанағаттандырылғанға дейін немесе бағасы жағынан қолайлы сату өтінімдері таусылғанға дейін жалғасады.

      Талап етілген сатып алуға (сатуға) қарама-қарсы өтінімдердің санына байланысты жаңадан келіп түскен өтінім негізінде бір немесе одан көп мәмілелер жасалады. Мәмілелер талап етілген қарама-қарсы өтінімдерде көрсетілген бағалар бойынша жасалады;

      9) сатып алуға (сатуға) толық қанағаттандырылған өтінімдер әрі қарай сауда-саттыққа қатыспайды. Ішінара қанағаттандырылған өтінімдер сатып алуға (сатуға) қанағаттандырылмаған көлемдері бойынша сауда-саттыққа қатысуды жалғастырады;

      10) электрондық сауда-саттыққа қатысушылар тауарды сатып алуға (сатуға) шектеусіз өтінімдер беруге құқылы. Бұл ретте сауда-саттыққа қатысушы берген кез келген өтінімді мәміле жасалған сәтке дейін алып тастауға болады;

      11) сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Қағидалардың 36-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін бағалары бар сауда жүйесі тіркеген мәмілелердің дереу күшін жоюы тиіс, бұл туралы мәміле тараптары жазбаша хабардар етіледі;

      12) бүкіл сауда сессиялары аяқталғаннан кейін сауда-саттықты ұйымдастырушы қанағаттандырылмаған өтінімдердің күшін жояды.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті сауда сессиясы ішінде қалыптастырылатын сұйытылған мұнай газы бағасының базалық бағадан жол берілетін ауытқуының 3 (үш) пайыздан 5 (бес) пайызға дейінгі диапазон шегінде ең төменгі және ең жоғары деңгейін белгілейді.

      Бұл ретте сауда сессиясының базалық бағасы мынадай тәртіппен белгіленеді:

      1) алғашқы электрондық сауда-саттықтарда сұйытылған мұнай газының соңғы сауда айында тиісті беру базисінің барлық сауда құралдары бойынша қалыптасқан орташа өлшемді бағасы деңгейінде жаңадан бекітілген сауда құралы бойынша;

      2) егер негізгі сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес осы сауда сессиясында өткізуге жататын сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша мәмілелердің кемінде 75 (жетпіс бес) пайызы жасалған болса, келесі негізгі сауда сессиясында базалық баға осындай сауда сессиясында қалыптасқан сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасының деңгейінде белгіленеді;

      3) егер негізгі сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес осы сауда сессиясында өткізуге жататын сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша 75 (жетпіс бес) пайыздан кем, бірақ 25 (жиырма бес) пайыздан астам мәмілелер жасалған болса және бұл ретте сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасы осы сауда сессиясының базалық бағасы деңгейінде немесе одан жоғары қалыптасса, келесі негізгі сауда сессиясында базалық баға өзгермейді;

      4) егер негізгі сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес осы сауда сессиясында өткізуге жататын сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша 75 (жетпіс бес) пайыздан кем, бірақ 25 (жиырма бес) пайыздан астам мәмілелер жасалған болса және бұл ретте сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасы осы сауда сессиясының базалық бағасынан төмен қалыптасса, онда келесі негізгі сауда сессиясында базалық баға осындай сауда сессиясында қалыптасқан сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді;

      5) егер сауда құралы бойынша негізгі сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес осы сауда сессиясында өткізуге жататын сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша мәмілелер 25 (жиырма бес) пайыздан кем жасалған болса не мәмілелер жасалмаса, келесі негізгі сауда сессиясында базалық баға 5 (бес) пайызға, бірақ Заңның 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының ағымдағы шекті бағасының деңгейінен төмен емес азайтылады;

      6) егер сауда құралы бойынша күнтізбелік 30 (отыз) және одан көп күн ішінде мәмілелер жүргізілмесе, базалық баға сауда-саттықты ұйымдастырушының барлық сауда құралдары бойынша тиісті беру базисімен алдыңғы сауда сессиясында қалыптасқан сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасының деңгейінде белгіленеді.

      Сұйытылған мұнай газының базалық бағасы қазақстандық сұйытылған мұнай газын импорттаушы елдерге темір жол көлігімен тасымалдауға арналған шығыстардың орташа арифметикалық мәнін шегере отырып, осындай елдерде өткен күнтізбелік айдағы сұйытылған мұнай газына баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнінен аспайды.

      Осы тармақтың тоғызыншы абзацында көрсетілген мән Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 наурыздағы № 292 қаулысымен бекітілген Нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздері тізбесінің негізінде анықталады және оны уәкілетті органның ұсынымдары негізінде cауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті ай сайын бекітеді.

      Сұйытылған мұнай газының базалық бағасы сұйытылған мұнай газын теміржол цистерналарына және (немесе) автогаз тасушыларға құю объектілерінде белгіленеді.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36-1. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сатушының сұрауы бойынша қосымша сауда сессияларын мына жағдайларда өткізеді:

      1) газ желісі ұйымының немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушының сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуына байланысты сатушыда Қазақстан Республикасының ішкі нарығында электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған жағдайда;

      2) сатып алушының электрондық сауда алаңы арқылы сатып алған сұйытылған мұнай газына төлем жасаудан бас тартуына байланысты сатушыда электрондық сауда алаңдары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған жағдайда;

      3) сатушыда негізгі сауда сессияларында қойылған, бірақ электрондық сауда алаңдары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізу үшін міндетті сұйытылған мұнай газының өткізілмеген көлемі болған жағдайда;

      4) сатушы өнім беру жоспарынан тыс сұйытылған мұнай газының көлемін электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге қоюға ниет білдірген жағдайда.

      Ескерту. Қағида 36-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      36-2. Осы Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген жағдайларда өнім беру жоспары қалыптастырылған айдың 10 (оныншы) күнінен бастап қатарынан 3 (үш) жұмыс күні ішінде сұйытылған мұнай газының барлық сатушылары үшін бірыңғай қосымша 3 (үш) сауда сессиясы өткізіледі, оларға әрбір сатушы бірінші қосымша сауда сессиясынан бастап өзінің өнім беру жоспарын орындауы үшін қажетті сұйытылған мұнай газының барлық көлемін шығарады. Бұл ретте жеткізу өңірі ретінде Қазақстан Республикасының аумағы айқындалады, ал әрбір қосымша сауда сессиясына базалық баға осы Қағидалардың 36-тармағында көзделген тәртіппен белгіленеді.

      Ескерту. Қағида 36-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      36-3. Қосымша сауда сессияларын өткізу кезінде сұйытылған мұнай газын сатушылар бірінші қосымша сауда сессиясынан бастап электрондық сауда-саттыққа олардың өнім беру жоспарын орындау үшін қажетті сұйытылған мұнай газының барлық көлемін қояды.

      Ескерту. Қағида 36-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      36-4. Алып тасталды - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      37. Сауда-саттық нәтижелері тараптарды және жасалған мәмілелердің көлемдерін көрсете отырып, сауда күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей сауда-саттықты ұйымдастырушының меншікті интернет-ресурсында жарияланады және уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне жүктеледі.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      38. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларда ғана электрондық сауда-саттықта жасалған мәміледен бас тартуға жол беріледі.

      39. Әрбір өтінімге және мәмілеге ақпаратты есепке алу және сақтау үшін бірегей код беріледі. Мәмілелер мен өтінімдер туралы ақпарат электрондық сауда алаңдарында электрондық жеткізгіштерде сақталады.

2-параграф. Комиссиялық және өзге де алымдар

      40. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықты ұйымдастырушыға жасасқан мәмілелер бойынша комиссиялық алымдар төлейді. Комиссиялық алым мөлшері мәміле мөлшеріне байланысты пайызбен анықталады және оны сауда-саттықты ұйымдастырушы мәміле жасасқан әрбір тарапқа бірдей мөлшерде белгілейді.

      Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардан оларды сауда-саттыққа жібергені үшін алымдар белгілейді.

3-параграф. Электрондық сауда-саттықты тоқтата тұру және қайта жалғастыру шарттары мен тәртібі

      41. Электрондық сауда алаңдарында электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен байланысты қызмет көрсетуді жалғастыра алмайтын техникалық іркілістер орын алған жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы техникалық іркілістер журналында техникалық іркілістің уақыты мен фактісін тіркейді, қызмет көрсетуді тоқтатады және тез арада мыналарды:

      1) электрондық сауда рәсіміне кемінде бір қатысушының қатыса алмауын тудыратын және/немесе сауда-саттықты ұйымдастырушы қызметкерлерінің электрондық сауда-саттықты өткізуге қызмет көрсету үшін техникалық мүмкіндігін жоятын техникалық ақауларды тудырған себептерді анықтау және жою;

      2) іркілістің техникалық салдарын жою;

      3) электрондық сауда алаңындағы ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және техникалық іркіліс салдарынан жоғалған ақпаратты қалпына келтіру үшін шаралар қабылдайды.

      42. Электрондық сауда алаңында іркіліс орын алған жағдайда сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттықты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды, бұл туралы электрондық сауда алаңының техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып немесе басқа да қолжетімді тәсіл арқылы электрондық сауда-саттыққа қатысушылар хабардар етіледі. Электрондық сауда алаңының жұмыс қабілеті қалпына келтірілгеннен кейін сауда-саттық жалғастырылады.

      43. Егер электрондық сауда алаңының жұмыс қабілетін сауда сессиясы барысында қалпына келтіру мүмкін болмаса, сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттықты мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды. Бұл шешім барлық электрондық сауда-саттыққа қатысушыларға электрондық сауда алаңын пайдалана отырып немесе басқа да қолжетімді тәсіл арқылы хабарланады.

4-параграф. Электрондық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есептеулерді жүзеге асыру және мәмілелерді ресімдеу тәртібі

      44. Электрондық сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттықты ұйымдастырушымен есеп айырысуы электрондық сауда-саттықты өткізу бойынша қызмет көрсету туралы шартқа сәйкес жүргізіледі.

      45. Электрондық сауда алаңдарында жасалған мәмілелер бойынша есептесу түрлерінің бір немесе бірнеше мүмкіндігі қарастырылады.

      46. Электрондық сауда алаңдарында жасалған мәмілелердің орындалуы электрондық сауда алаңына қызмет көрсететін клирингтік ұйымның қатысуымен немесе мұндай қатысусыз жүзеге асырылады.

      47. Тіркелген жан-жаққа бағытталған екі өтінім негізінде электрондық сауда-саттықта мәміле жасалады, олардың бір-біріне толық немесе ішінара сәйкестігі электрондық сауда алаңында белгіленеді және тіркеледі. Бұл ретте бір-біріне қарама-қарсы мәміле жасасуға ерік білдірілген өтінімдер жан-жаққа бағытталған өтінімдер болып саналады.

      48. Сауда-саттықты ұйымдастырушы жан-жаққа бағытталған өтінімдердің бір-біріне сәйкестігін электрондық сауда алаңында тиісті мәміле жасалғаны туралы жазба енгізу арқылы тіркеген сәтінде мәміле электрондық сауда-саттықта жасалған болып есептеледі.

      49. Электрондық сауда алаңында мәмілелер паспорты (мәміле бойынша есеп) автоматты түрде қалыптастырылады, бұл электрондық сауда алаңының уәкілетті лауазымды адамының электрондық-цифрлық қолы қойылған тараптардың жасасқан мәмілесін растайтын электрондық құжат болып табылады. Сауда-саттықты ұйымдастырушымен расталған электрондық құжаттың қағаз түріндегі нұсқасын сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушының жеке сұрауы бойынша береді.

      50. Жасалған мәміле туралы ақпарат электрондық сауда алаңының деректер базасында сақталады және осы мәмілені жасасқан сауда-саттық қатысушыларына қолжетімді болады.

      51. Мәміле туралы (нарық талдауы және статистикасы үшін қолданылатын жасырынды бағалық және сандық сипаттамаларынан басқа) ақпарат коммерциялық құпия болып табылады және уәкілетті органға өзіне жүктелген функцияларды іске асыру үшін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жағдайларда беруді есептемегенде, мәміле тараптарының арнайы рұқсатынсыз үшінші тарапқа жария етуге немесе беруге жатпайды.

  Электрондық сауда алаңдары
арқылы сұйытылған мұнай
газы сауда-саттығын
ұйымдастыру мен жүргізу
қағидаларына
қосымша

Электрондық сауда алаңдарына қойылатын талаптар

      1. Электрондық сауда алаңының құрамында сауда сессиялары бойынша автоматтандырылған оқиғаларды тіркеу журналы (бұдан әрі– оқиғалар журналы) болады, онда мынадай оқиғалар мен деректер тіркеледі :

      1) сауда-саттықтың ашылуы;

      2) сауда-саттықтың жабылуы;

      3) сауда-саттыққа қатысушыны сәйкестендіру;

      4) сауда-саттыққа қатысушының жүйеге кіру уақыты;

      5 сауда-саттыққа қатысушының жүйеден шығу уақыты;

      6) сауда-саттыққа қатысушының өтінімді орналастырған уақыты;

      7) сауда-саттыққа қатысушының өтінімді алып тастаған уақыты;

      8) сауда-саттыққа қатысушының өтінімді өзгерткен уақыты;

      9) сауда-саттыққа қатысушының мәміле жасасқан уақыты;

      10) актив атауы;

      11) өтінімдегі актив саны;

      12) лоттар саны;

      13) актив бағасы.

      Уақытты тіркеу форматы – жыл, ай, күн, сағат, минут, секунд (дәлдік минимумы 0,1 секундқа дейін).

      2. Электрондық сауда алаңын уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялау Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Электрондық сауда алаңының бағдарламалық қамтылымына мынадай талаптар қойылады:

      1) электрондық сауда алаңы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялануы тиіс және Оқиғалар журналында көрсетілген мәліметтерді, сондай-ақ электрондық сауда алаңының уәкілетті лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған Мәмілелердің паспорттарын осы жүйеге күнделікті жіберіп отыруы тиіс;

      2) электрондық сауда алаңы мәмiлелердi жасау процесiн автоматтандыруды, сондай-ақ ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және жария етудi қамтамасыз етедi;

      3) ақпараттың толық немесе ішінара жоғалуын болдырмау және деректер базасының бүтіндігі бұзылмауы үшін электрондық сауда алаңының бағдарламалық құралы пайдаланушыға іс-әрекеттер реті көрсетілген хабарлама бере отырып, пайдаланушының қателерін, техникалық ақаулар кезінде туындайтын қателерді және деректер базасының қателерін өңдеу қамтамасыз етілетіндей құрылады;

      4) электрондық сауда алаңының бағдарламалық құралында бағдарламалар жұмысын қадағалайтын модуль болады, ол мынадай функцияларды қамтамасыз етеді:

      пайдаланушыны сәйкестендіру (тану), аутентификациялау (шынайылығын растау) және авторизациялау (өкілеттіктер беру);

      электрондық сауда алаңының ресурстарына қолжетімділікті бақылау; электрондық сауда алаңында болып жатқан оқиғаларды тіркеу және талдау;

      электрондық сауда алаңы ресурстарының бүтіндігін бақылау;

      5) электрондық сауда алаңының бағдарламалық құралы сауда-саттық нәтижесі бойынша қалыптастырылған шығыс деректеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейді;

      6) электрондық сауда алаңы оқиғалар журналындағы орындалып жатқан операцияларға автоматты түрде берілетін бірегей нөмердің жүргізілуін қамтамасыз етеді;

      7) электрондық сауда алаңы өткізілген электрондық сауда-саттық бойынша есеп деректерінің оқиғалар журналының мазмұнына қатаң сәйкес келуін қамтамасыз етеді;

      8) электрондық сауда алаңы уәкілетті органға:

      сауда-саттық барысын, өтінімдерді ұсынуды және мәмілелер жасауды қадағалауды қамтамасыз ететін қарау терминалы арқылы нақты уақыт режимінде сауда-саттық мониторингіне;

      өндірушілер мен жеткізу өңірлері бөлінісінде бастапқы өңдеуден және жүйелендіруден өткен сауда-саттық нәтижелері бойынша (оның ішінде графикалық түрде) – сауда күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз етеді;

      9) электрондық сауда алаңы осы Қағидаларға сәйкес берілген сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін дереу орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.12.2021 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Электрондық сауда алаңының аппараттық қамтылымына мынадай талаптар қойылады:

      1) сервер мен коммуникациялық жабдықтар жұмыс регламентін қамтамасыз ету үшін жеткілікті өнімділікті қамтамасыз етеді;

      2) масштабталуы – үдемелі ақпарат көлемдерін өңдеу мүмкіндігі.

      5. Электрондық сауда алаңдарының ұйымдастыру-техникалық талаптарына мынадай параметрлер жатады:

      1) электрондық сауда-саттыққа әрбір қатысушы электрондық сауда алаңына бірдей құқық пен қолжетімділікке ие. Электрондық сауда алаңының өнімділігімен немесе аппаратты-бағдарламалық сипаттамасымен қатысушылар саны шектелмейді;

      2) электрондық сауда алаңының техникалық орталықтары қосымша байланыс каналдарымен және электрондық сауда алаңының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін резервті электр көзімен жабдықталады.

      6. Электрондық сауда алаңы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 08.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады