"Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 481 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 8 қаңтардағы № 5 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 қаңтарда № 19877 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 7 маусымдағы № 202 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Энергетика министрінің 07.06.2022 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 481 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17897 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 12 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттық жүргізу үшін сауда-саттықты ұйымдастырушы мыналардың болуын:

      1) осы Қағидаларға қосымшада келтірілген талаптарға сәйкес келетін электрондық сауда алаңының;

      2) сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитетінің;

      3) электрондық сауда алаңдарында құпиялылық режимін, сондай-ақ коммерциялық құпияны құрайтын, соның ішінде электрондық жеткізгіштегі мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті құралдармен жасақталған құрылымдық бөлімшенің болуын;

      4) сауда-саттықты ұйымдастырушының сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен байланысты басқарушы лауазымдарды атқаратын қызметкерлерінің:

      жоғары білімінің;

      электрондық сауда-саттық, тауарлық биржалар саласында және (немесе) қаржы ұйымдарында кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуын;

      5) сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы лауазымдардағы қызметкерлерін қоспағанда, сұйытылған мұнай газымен электрондық сауда-саттықты ұйымдастырумен байланысты лауазымдарды атқаратын қызметкерлерінің – жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімінің болуын;

      6) электрондық сауда-саттықты ұйымдастыру бойынша және клиенттермен жұмыс бойынша құрылымдық бөлімшелерінің болуын;

      7) жасалатын мәмілелер бойынша есеп жасасу үшін клирингтік жүйе тетігін пайдалану туралы екінші деңгейлі банкпен шарттың немесе Қазақстан Республикасының тауарлық биржалар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін, электрондық сауда алаңына қызмет көрсететін клирингтік ұйыммен шарттың болуын;

      8) электрондық сауда алаңы туралы және онда сауда-саттық өткізу тәртібі туралы ақпарат, сондай-ақ электрондық сауда-саттық нәтижелерін орналастыру үшін арнайы бөлімі бар қазақ және орыс тілдеріндегі меншікті интернет-ресурсының болуын қамтамасыз етеді.";

      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесі субъектілерінің, оның ішінде дилерлер ретінде әрекет ететін мына санаттары немесе олардың өкілдері (агенттері, брокерлері):

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері сұйытылған мұнай газын сатушы ретінде электрондық сауда-саттыққа қатысушылар болып табылады.

      10. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесі субъектілерінің, оның ішінде дилерлер ретінде әрекет ететін мына санаттары немесе олардың өкілдері (агенттері, брокерлері):

      1) газ желісі ұйымдары;

      2) өнеркәсіптік тұтынушылар, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде теміржол цистерналарынан толтыру мүмкіндігімен жалпы көлемі 60 текше метрден кем емес сұйытылған мұнай газын сақтау ыдысы бар немесе айына көлемі 60 текше метрден кем емес сұйытылған мұнай газын сақтау және басқа жаққа айдау бойынша қызмет көрсету туралы тиісті жеткізу өңірінде газ толтыру станциясының иесімен шарт жасасқан газ толтыру пункттері және (немесе) автогаз құю станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын сатып алушы ретінде электрондық сауда-саттыққа қатысушы болып табылады.

      Өнеркәсіптік тұтынушылар, газ толтыру пункттері немесе автогаз құю станцияларының иелері үшін егер олар автокөлікпен сұйытылған мұнай газын жеткізуді көздейтін сауда құралдарына арналған электрондық сауда-саттыққа қатысса, осы тармақтың 2) тармақшасының талаптары қолданылмайды.";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, уәкілетті органда аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерінен, электрондық сауда-саттыққа қатысушылардан, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардан тұрады. Бұл ретте сатушылар өкілдерінің мүшелері мен сатып алушылар өкілдері мүшелерінің саны бірдей болады.

      15. Сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті мыналарды:

      1) сауда күндері мен негізгі сауда сессияларын өткізу графигін және кезеңділігін;

      2) сауда құралдарын;

      3) лот мөлшерлерін;

      4) электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін кепілді қамтамасыз ету мөлшерлерін;

      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімшілік орталықтарына дейін сұйытылған мұнай газын жеткізу бойынша көлік шығыстары, сондай-ақ әрбір сауда құралы бойынша өзге де қосымша шығыстар туралы мәліметтерді бекітеді.

      Осы тармақтың 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген ақпарат оны сауда-саттықты ұйымдастырушының басқарушы комитеті бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.";

      18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мерзім ішінде өтініш беруші шартты сауда құралы бойынша бір электрондық сауда-саттыққа кемінде үш шартты сатушының және кемінде бес шартты сатып алушының қатысуымен электрондық сауда алаңының қолда бар функционалын растауға мүмкіндік беретін қашықтан тесттік сауда-саттықты имитациялық режимде Комиссия үшін өткізеді.

      19. Комиссия өтінішті қарау және қашықтан тесттік электрондық сауда-саттықты өткізу нәтижелері бойынша өтініш берушінің осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдайды.

      Бұл ретте Комиссия оған қатысты осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдаған электрондық сауда-саттық алаңының иесі және уәкілетті орган электрондық сауда-саттық басталғанға дейін электрондық сауда алаңын уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етеді.

      Комиссия оларға қатысты осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдаған электрондық сауда алаңдары иелерінің атаулары мен байланыс деректері уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Сатушылар өнім беру жоспарында көрсетілген сұйытылған мұнай газының көлемдерін электрондық сауда алаңдары арқылы өткізу үшін жоспарланған айдың ішінде сұйытылған мұнай газын нақты тиеп-жөнелте отырып, жоспарланған айдың алдындағы айдың он бесінен бастап бес жұмыс күні ішінде өткізуге қояды.

      Бұл ретте өндіруші оларға меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газы меншік иелерінің арасында беруге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемін уақтылы бөлмеген жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген электрондық сауда-саттықты бастау күні кейінге, бірақ бес жұмыс күнінен артық емес мерзімге ауыстырылады.";

      26-тармақ алып тасталсын;

      28, 29 және 30-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген кезең ішінде әрбір сауда құралы бойынша бес сауда сессиясын өткізеді.

      29. Сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу графигін және кезеңділігін өзгерту туралы, сондай-ақ қосымша сауда сессияларын өткізу туралы электрондық сауда-саттыққа қатысушыларға сауда күні басталғанға дейін 24 сағаттан кешіктірмей хабарланады.

      30. Сұйытылған мұнай газын сатушылар әрбір сауда сессиясына электрондық сауда алаңдары арқылы өнім беру жоспары шеңберінде өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемінен жиырма пайызын сатуға қояды.

      Бұл ретте, егер тиісті сатушы электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемі жүз сексен тоннадан аз болса, онда мұндай сатушы бірінші сауда сессиясынан бастап көлемнің жиырма пайыздан астамын сатуға қояды.

      Егер өткен сауда сессияларында сұйытылған мұнай газының көлемі өткізуге қойылса, бірақ сатылмаса, мұндай көлем кейінгі сауда сессияларында қосымша қойылады.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Сатып алушы электрондық сауда алаңында ай сайын сатып алатын сұйытылған мұнай газы партиясының максималды мөлшері жоспарланған айға арналған өнім беру жоспарына сәйкес электрондық сауда алаңдары арқылы өткізілуге тиіс сұйытылған мұнай газы көлемнің он пайызын құрайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген сұйытылған мұнай газының көлемін сауда-саттықты ұйымдастырушы бүкіл электрондық сауда алаңдарында ағымдағы күнтізбелік айдың ішінде осындай сатып алушының сұйытылған мұнай газын сатып алуының нақты көлемдерін ескере отырып, әрбір сатып алушы үшін белгілейді.

      Сауда-саттықты ұйымдастырушы сатып алу көлемдері туралы деректерді уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы алады.";

      35 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Сұйытылған мұнай газының сауда-саттығы екі қарама-қарсы (анонимді) аукцион түрінде мынадай тәртіппен өткізіледі:

      1) электрондық сауда-саттыққа қатысушылар сауда сессиясы ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушыға осы Қағидалардың 36-тармағында белгіленген тауардың минималды және максималды бағасына қойылатын талаптарды сақтай отырып, тауарды сатып алуға (сатуға) өтінімді береді;

      2) осы Қағидалардың 36-1-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, сауда күні ішінде бір сауда сессиясы өткізіледі;

      3) сауда сессиясының ұзақтығы екі сағатты құрайды;

      4) сатушылар сұйытылған мұнай газын өндірушілердің өндірістік объектілерінен немесе мұндай өндірістік объектілермен технологиялық байланысты объектілерден сұйытылған мұнай газын теміржол цистерналарына және (немесе) автогазтасығыштарға құю үшін пайдаланатын объектілер өнімді беру базистері болып анықталады;

      5) тауарды сатып алуға (сатуға) арналған өтінімде мынадай негізгі мәліметтер көрсетіледі:

      сауда-саттыққа қатысушының атауы;

      өтінім түрі (сатып алуға немесе сатуға);

      сатып алынатын (сатылатын) тауар атауы;

      теңгемен көрсетілетін тауардың бағасы;

      сатып алуға (сатуға) мәлімделген тауардың саны;

      сауда-саттықты ұйымдастырушы анықтайтын басқа да мәліметтер;

      6) барлық қабылданған өтінімдер сатуға және сатып алуға қанағаттандырылмаған өтінімдер кезегіне қойылады:

      сатып алуға арналған өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың кему тәртібі бойынша қойылады, ал бағалар бірдей болған жағдайда – олардың сауда жүйесіне келіп түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      сатуға арналған өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың өсу тәртібі бойынша қойылады, ал бағалар бірдей болған жағдайда – олардың сауда жүйесіне келіп түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      7) сатуға жаңадан келіп түскен өтінім бағасы ең жоғары бағаны құрайтын сатып алуға арналған өтінімнен бастап, сатып алуға келіп түскен өтінімнің бағасына тең немесе одан жоғары болатын өтінімдер арқылы қанағаттандырылады. Бұл процесс сатуға осындай өтінімдер толық қанағаттандырылғанға дейін немесе бағасы жағынан қолайлы сатып алу өтінімдері таусылғанға дейін жалғасады;

      8) сатып алуға жаңадан келіп түскен өтінім бағасы ең төмен бағаны құрайтын сатуға арналған өтінімнен бастап, сатуға келіп түскен өтінімнің бағасына тең немесе одан төмен болатын өтінімдер арқылы қанағаттандырылады. Бұл процесс сатып алуға осындай өтінімдер толық қанағаттандырылғанға дейін немесе бағасы жағынан қолайлы сату өтінімдері таусылғанға дейін жалғасады.

      Талап етілген сатып алуға (сатуға) қарама-қарсы өтінімдердің санына байланысты жаңадан келіп түскен өтінім негізінде бір немесе одан көп мәмілелер жасалады. Мәмілелер талап етілген қарама-қарсы өтінімдерде көрсетілген бағалар бойынша жасалады;

      9) сатып алуға (сатуға) толық қанағаттандырылған өтінімдер әрі қарай сауда-саттыққа қатыспайды. Ішінара қанағаттандырылған өтінімдер сатып алуға (сатуға) қанағаттандырылмаған көлемдері бойынша сауда-саттыққа қатысуды жалғастырады;

      10) электрондық сауда-саттыққа қатысушылар тауарды сатып алуға (сатуға) шектеусіз өтінімдер беруге құқылы. Бұл ретте сауда-саттыққа қатысушы берген кез келген өтінімді мәміле жасалған сәтке дейін алып тастауға болады;

      11) сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Қағидалардың 36-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін бағалары бар сауда жүйесі тіркеген мәмілелердің дереу күшін жоюы тиіс, бұл туралы мәміле тараптары жазбаша хабардар етіледі;

      12) бүкіл сауда сессиялары аяқталғаннан кейін сауда-саттықты ұйымдастырушы қанағаттандырылмаған өтінімдердің күшін жояды.

      36. Сауда сессиясы ішінде сұйытылған мұнай газына қалыптастырылатын бағаның минималды деңгейі базалық бағадан 90 пайыздан кем болмауы тиіс, ал ең максималды деңгейі – базалық бағадан 110 пайыздан артық болмауы тиіс.

      Бұл ретте сауда сессияларында сұйытылған мұнай газының базалық бағасы ретінде мынадай бағалар танылады:

      бірінші электрондық сауда-саттықта базалық баға Заңның 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының ағымдағы шекті бағасының деңгейінде белгіленеді;

      келесі сауда сессияларында базалық баға сұйытылған мұнай газының мәмілелер жасалған тиісті сауда құралы бойынша өткен сауда сессиясында құралған орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді;

      егер бір сауда сессиясы барысында тиісті сауда құралы бойынша мәмілелер жасалмаса, келесі сауда сессиясының әрқайсысында базалық баға әрбір сессияда он пайызға азаяды, мына жағдайлардың бірі:

      1) тиісті сауда құралы бойынша мәміле жасасу;

      2) Заңның 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының ағымдағы шекті бағасының деңгейіне қол жеткізу басталғанға дейін.

      Сұйытылған мұнай газының базалық базасы сұйытылған мұнай газын теміржол цистерналарына және (немесе) автогазтасығыштарға құю объектілерінде белгіленеді.";

      мынадай мазмұндағы 36-1, 36-2, 36-3 және 36-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "36-1. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сатушының сұрауы бойынша қосымша сауда сессияларын мына жағдайларда өткізеді:

      1) газ желісі ұйымының немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушының сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуына байланысты сатушыда электрондық сауда алаңдарынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған жағдайда;

      2) сатып алушының электрондық сауда алаңы арқылы сатып алған сұйытылған мұнай газына төлем жасаудан бас тартуына байланысты сатушыда электрондық сауда алаңдары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған жағдайда;

      3) егер осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген мерзім ішінде сатушы электрондық сауда алаңдары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемін сатпаса.

      Осы тармақтың 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған күннен бастап сатушы екі жұмыс күні ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушыға қосымша сауда сессияларын өткізуге өтініш білдіреді.

      Тиісті сауда құралы бойынша қосымша сауда сессиясын сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда сессиясымен бір сауда күнінде, бірақ әртүрлі уақыт аралығында өткізуі мүмкін.

      36-2. Осы Қағидалардың 36-1-тармағының 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда:

      1) алғашқы екі қосымша сауда сессиясында жеткізу өңірі (өңірлер тобы) сақталады, ал әрбір қосымша сауда сессиясы үшін базалық баға осы өңірге (өңірлер тобына) жеткізумен мәміле жасалған тиісті сауда құралы бойынша өткен сауда сессиясында құралған сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді;

      2) егер алғашқы екі қосымша сауда сессиясында тиісті сауда құралы бойынша мәмілелер жасалмаған жағдайда, онда сауда-саттықты ұйымдастырушы тағы да үш қосымша сауда сессиясын өткізеді, онда жеткізу өңірі ретінде Қазақстан Республикасының аумағы анықталады, ал әрбір қосымша сауда сессиясына базалық баға сауда-саттықты ұйымдастырушының барлық сауда құралдары бойынша өткен сауда сессиясында құралған сұйытылған мұнай газының орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді.

      36-3. Қосымша сауда сессияларын өткізу кезінде сұйытылған мұнай газын сатушылар бірінші қосымша сауда сессиясынан бастап электрондық сауда-саттыққа олардың өнім беру жоспарын орындау үшін қажетті сұйытылған мұнай газының барлық көлемін қояды.

      36-4. Егер сатушы толығымен осы Қағидаларға сәйкес сұйытылған мұнай газының көлемін сауда сессияларында және қосымша сауда сессияларында сату үшін қойса, бірақ ол сатылмаған жағдайда, сатушы бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды және мұндай көлемді өнім беру жоспарынан тыс өзге тұлғаларға өткізеді. Бұл ретте сұйытылған мұнай газының осы көлемі сатушының өнім беру жоспарын орындауы ретінде есепке алынады.";

      көрсетілген қағидаларға қосымшаның 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Электрондық сауда алаңы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ және мұнай-газ-химия департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Н. Ногаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады