Үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 21 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18091 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарына жұмыста басшылыққа алу үшін жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына (Г.М. Керімханова) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
Н. Айдапкелов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті
төрағасының
2018 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 21 бұйрығымен бекітілді

Үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ведомствосының үй шаруашылықтарынан олардың кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидада Заңда айқындалған мәндердегі ұғымдар, сондай-ақ мынадай анықтама пайдаланылады:

      іріктемелі жиынтық (бұдан әрі – іріктеме) – зерттеуге қатысу үшін белгілі бір рәсімнің көмегімен бас жиынтықтан таңдап алынған көптеген жағдайлар (сыналатындар, объектілер, оқиғалар, үлгілер).

      тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі – Қазақстан Республикасының барлық меншік нысанындағы тұрғын үйлері туралы ақпаратты қамтитын олардың сандық және (немесе) сапалық сипаттамаларымен бірге статистикалық байқау объектісі бірліктерінің жүйелендірілген тізбесі.

2-тарау. Үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде жинау рәсімі

      3. Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу (бұдан әрі – зерттеу) Қазақстан Республикасының барлық облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізіледі. Зерттеу іріктемеге түскен үй шаруашылықтарының ерікті қатысу принциптерінде құрылады.

      4. Жыл сайын 10 қаңтарға дейін зерттеуге қатысатын үй шаруашылықтарының тізімдері қалыптастырылады. Үй шаруашылықтарын таңдау Статистикалық тұрғын үй қоры тіркелімінен жүргізіледі. Іріктеме көлемі шығынның ұтымды тіркесім принципі және нәтижелер нақтылығының тапсырылған өлшемшарттары негізінде айқындалады. Тұрғын үй-жайлардың мекенжайларын ауыстыру жыл бойы жүзеге асырылмайды.

      5. Жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандарына алғашқы статистикалық деректерді жазуды:

      1) үй шаруашылығы өзі;

      2) интервьюер үй шаруашылығына сауал салуды жүргізген кезде жүзеге асырады.

      6. Жеке алынған үй шаруашылығын зерттеудің есептік кезеңдері: тоқсанды, жылды, біржолғы қамтиды.

3-тарау. Үй шаруашылықтарына өздерінің кірістері мен шығыстары туралы алғашқы статистикалық деректерді ұсынғаны үшін сыйақы төлеу тәртібі

      7. Үй шаруашылықтарына тиісті қаржылық жылға арналған бюджетте көзделген қаражаттар шегінде тұрмыс деңгейі бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар бойынша алғашқы статистикалық деректерін ұсынғаны үшін төлемдер жүргізіледі.

      8. Үй шаруашылықтарына сыйақы төлемдері өтеулі қызмет көрсету шартының және орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісінің негізінде жүргізіледі. Төлемдер "Қазпошта" АҚ бөлімшесі немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

      Үй шаруашылықтары аумақтық статистика органы басшысының атына жазбаша сыйақыдан бас тарту туралы өтініш ұсынған жағдайда үй шаруашылықтарына сыйақы төлемедері жүргізілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады