Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды белгілеу, сондай-ақ Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидаларын және Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 300 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 16 қаңтарда № 18198 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.11.2023 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін мынадай факторлар белгіленсін:

      1) меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентінің төмендеуі;

      2) жиынтық өтімді активтер көлемінің төмендеуі;

      3) шығынды қызмет.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.11.2023 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі бекітілсін.

      3. Осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      5. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      7. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қарашадағы
№ 300 қаулысына
1-қосымша

Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары

      1. Осы Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның ( бұдан әрі – ұйым) қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау тәртібін айқындайды."

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.11.2023 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Ұйым ұйымның қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) әзірлейді және мақұлдау үшін уәкілетті органға ұсынады.

      Іс-шаралар жоспары төмендегілермен шектелместен, мынадай ақпаратты қамтиды:

      ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін фактордың туындау себептерін көрсете отырып оны толық талдау;

      ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін фактордың болжамы, осындай болжамның негіздемесі және ұйымның қызметіне тигізетін теріс әсері;

      ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторды ұйымның қызметі үшін қауіп төндірмейтін және қосымша тәуекелдер туындатпайтын деңгейге дейін жеткізу көзделетін осы факторды жақсарту шаралары;

      әрбір тармағы бойынша іс-шаралар жоспарының орындалу мерзімдері;

      іс-шаралар жоспарының орындалуына жауапты басшы қызметкерлер тізбесі (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындалуына жауапты басшы қызметкерлерді көрсете отырып).

      3. Уәкілетті орган ұйымның ұсынған іс-шаралар жоспарын қарайды.

      Уәкілетті орган ұйымның қарауға ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган ұйымға іс-шаралар жоспары бойынша жазбаша ескертулер жібереді және (немесе) іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында ұйыммен бірлескен талқылаулар жүргізеді.

      Ұйым уәкілетті органның хатында көрсетілген мерзімде уәкілетті органның ескертулерін жою үшін іс-шаралар жоспарын түзетеді немесе мұндай ескертулермен келіспеген жағдайда уәкілетті органға өзінің негіздемелерін жазбаша нысанда ұсынады.

      Уәкілетті орган Қағидалардың 2-тармағының бірінші бөліміне сәйкес іс-шаралар жоспары ұсынылған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұйымның ұсынған іс-шаралар жоспарын жазбаша нысанда мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

      4. Ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды өз бетінше анықтаған жағдайда, ұйым оларды анықтаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Қағидалардың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      5. Келесі жағдайларда ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторлар анықталған кезде іс-шаралар жоспарын ұсыну талап етілмейді:

      1) ұйымның пруденциялық нормативтерді бұзуға байланысты қолданылған қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) ұйымның тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар шеңберінде уәкілетті органның қойған талаптарын орындау кезеңінде;

      2) бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру кезеңінде;

      3) ерікті түрде қайта ұйымдастыру жүргізу кезеңінде;

      4) сондай-ақ ұйым уәкілетті органға бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ерікті түрде өтініш жасағанда;

      5) меншікті капиталдың жеткіліктілігі және өтімділік коэффициенттерінің мәндері тиісті пруденциялық нормативтердің талаптарынан үш еселенген мөлшерде асқан жағдайда.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.08.2022 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қарашадағы
№ 300 қаулысына
2-қосымша

Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі

      Ескерту. Әдістеме жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.11.2023 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау (бұдан әрі - ұйымдастыру) мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:

      1) қатарынан 3 (үш) ай ішінде меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17008 болып тіркелген "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін пруденциялық нормативтердің түрлерін белгілеу, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауы міндетті пруденциялық нормативтердің мәндерін есептеу қағидаларын және әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 79 қаулысында (бұдан әрі – № 79 қаулы) және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17005 болып тіркелген "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін пруденциялық нормативтердің түрлерін белгілеу, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауы міндетті пруденциялық нормативтердің мәндерін есептеу қағидаларын және әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 80 қаулысында (бұдан әрі – № 80 қаулы) белгіленген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентінің мәнінен 0,3 тармаққа асатын немесе одан төмен деңгейге дейін екі және одан да көп рет төмендеуі;

      2) бастапқы мәні № 79 қаулыда және № 80 қаулыда белгіленген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентінің мәнінен 0,3 тармаққа асатын деңгейден төмен болған кезде меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентінің төмендеуі;

      3) қатарынан 3 (үш) ай ішінде жиынтық өтімді активтер көлемінің 20 (жиырма) және одан көп пайызға жиынтық төмендеуі;

      4) қатарынан 3 (үш) ай ішінде шығынды қызмет.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қарашадағы
№ 300 қаулысына
3-қосымша

Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Ертерек ден қою шараларын және бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 34 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7497 болып тіркелген, 2012 жылғы 23 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 339-345 (27419) жарияланған).

      2. "Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым үшін тәуекелдерді басқару жүйесінің болуы жөніндегі талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 276 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7993 болып тіркелген, 2012 жылғы 27 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 852-856 (27927) жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 3-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 202 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8686 болып тіркелген, 2013 жылғы 8 қазанда "Заң газеті" газетінде № 151 (2352) жарияланған) бекітілген Зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 2-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 250 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13001 болып тіркелген, 2016 жылғы 12 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 13-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады