Жамбыл ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2018 жылғы 21 маусымдағы № 39-188 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 5 шілдеде № 4758 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 70-327 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 29.04.2020 № 70-327 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 тіркелген) сәйкес, Жамбыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жамбыл ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Жамбыл аудандық мәслихатының "Жамбыл ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2015 жылғы 18 мамырдағы № 46-315 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3206 тіркелген, 2015 жылдың 1 шілдесінде "Әділет" ақпараттық – құқықтық жүйесінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жамбыл аудандық мәслихатының "Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, тіл, спорт, мәдениет, қоғамдық ұйымдармен байланыс, құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жамбыл аудандық мәслихатының сессия төрағасы Мустахметов Б. М.
      Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Жұрын С. М.

  Жамбыл аудандық маслихатының "Жамбыл ауданының аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2018 жылғы "21" маусымдағы № 39-188 шешіміміне қосымша

Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекомуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 тіркелген) сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;

      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

      3) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) уәкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Жамбыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) мемлекеттік корпорация – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      6) портал – "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы;

      7) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ аспаптарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және салыстырып тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін болашақта жүргізілетін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған шығыстарының міндетті сомасы;

      8) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар.

      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жамбыл ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалған шығыстарды;

      2) тұрғын үйдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгіленген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      4. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу, жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Белгiленген нормалар шегiндегi шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасының жиынтық табысының он пайызы мөлшерiнде белгiленедi.

      Тұрғын үй көмегі:

      1) мүгедектерді және стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын адамдарды, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттар мен магистранттарды, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектерді, сексен жастан асқан адамдарды, үш жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын азаматтарды қоспағанда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелмеген жұмыссыздарға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан жазбаша түрде бас тартқан Қазақстан Республикасының еңбекке жарамды азаматтарына;

      2) уәкілетті органдар ұсынған жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналастырудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан біліктілігін арттырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, осындай жұмыстарға қатысуды және оқуды өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздарға тағайындалмайды.

2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      6. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін есептеу мерзімі өтінішімен қоса барлық қажетті құжаттарды өткізген жылдың тоқсаны болып саналады.

      Жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға немесе пайдалануға беруші аз қамтылған отбасылар (азаматтар) тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.

      7. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) мемлекеттік корпорацияға немесе порталға жүгінеді және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 бұйрығымен бекітілген, (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 тіркелген) "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      8. Өтініштер Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленген мерзімдерде қаралады.

      9. Тұрғын үй көмегін алушылар он жұмыс күні ішінде уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етеді.

      Өтініш беруші тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған фактісі бойынша).

      Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуы тиіс.

      10. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеледі.

      11. Өтемақы төлемдерiмен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үйлер аумағының нормалары заңнамамен белгiленген отбасының әр мүшесiне тұрғын үй беру нормаларына баламалы.

      12. Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары табиғы монополияларды (монополистік қызметті) реттеу бойынша аумақтық уәкілетті орган қолданатын, олармен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) белгілеген кездегі коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.

      13. Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің нормалары мен тарифтерін қызмет көрсету мекемелері ұсынады.

      14. Тұрғын үй көмегін тағайындағанда келесі нормалар ескеріледі коммуналдық қызметтерді нормалардан төмен тұтыну кезінде нақты шығындар бойынша есептеледі:

      1) газ тұтыну: жеке секторда тұратын отбасыларға, тамақ дайындау үшін табиғи газды пайдаланған кезде – айына бір отбасына 12,5 текше метр, көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға, тамақ дайындау үшін табиғи газды пайдаланған кезде – айына бір отбасына 22,5 текше метр, есептеу құралдары болған жағдайда көрсеткіштер бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспау керек, пешпен жылтатын тұрғын үйде тұратын отбасыларға – айына бір отбасына 10 килограмм (1 кішкене баллон);

      2) электр энергиясын тұтыну бір айға: 1 адамға – 70 киловатт, 2 адамға – 140 киловатт, 3 адамға – 150 киловатт, 4 және одан көп адамға – 180 киловатт;

      3) сумен қамтамасыз ету нормасын – әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда - көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;

      4) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – ай сайын әр отбасы мүшесіне;

      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шотына сәйкес;

      6) қатты отынды тұтынушылар үшін: пешпен жылытатын тұрғын үйлерге – жыл бойына төрт тонна көмір.

      15. Қатты отынның құнын есептегенде аймақта өткен тоқсанда қалыптасқан орташа баға ескеріледі.

3. Қаржыландыру және төлеу

      16. Тұрғын үй көмегiн төлеудi қаржыландыру аудан бюджетiмен тиiстi қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

      17. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.

4. Қорытынды

      18. Осы тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi және тәртiбiмен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады