Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Қатені түзеу

Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 2018 жылғы 23 мамырдағы № 130-26-6 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 7 маусымда № 5988 болып тіркелді. Күші жойылды - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 2020 жылғы 19 қазандағы № 245-58-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 19.10.2020 № 245-58-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын мбекіту туралы" № 504 қаулысына сәйкес, Ертіс аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Ертіс аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ертіс аудандық мәслихатының бюджет, әлеуметтік саясат және заңдылық жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы,
      аудандық мәслихат хатшысы Б. Шингисов

  Ертіс аудандық мәслихатының
2018 жылғы 23 мамырдағы
№ 130-26-6 шешімімен
бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің
және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Ертіс ауданының бөлімі;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ертіс ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Павлодар облысындағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – "Ертіс ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Ертіс ауданының ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 26.04.2019 № 168-39-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Осы Қағидаларда әлеуметтік көмек ретінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы және мереке күндеріне орай уәкілетті органмен ақшалай және заттай нысанында көрсетілетін көмек түсініледі.

      4. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта бір рет) көрсетіледі.

      6. Жекеленіп алынған санаттағы алушыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі Ертіс ауданы әкімдігінің ұсынымы бойынша белгіленді:

      1) атаулы күндер:

      Халықаралық егде адамдар күні - 1 қазан;

      Қазақстан Республикасының Мүгедектер күні - қазан айының 2-ші жексенбісі;

      2) мереке күндері:

      Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз;

      Жеңіс Күні - 9 мамыр.

      7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Павлодар облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

      8. Ақшалай нысандағы әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушының шотына аудару жолымен көрсетіледі.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін
айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      9. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Ертіс ауданының әкімдігі белгілейді және Ертіс аудандық мәслихат шешімімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) Ертіс аудандық мәслихаты ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық - тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін Ертіс аудандық мәслихаты бекітеді.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде Ертіс аудандық мәслихаты бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.

      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Павлодар облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей ауыл және ауылдық округ әкімдерінің не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының матынан муәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын мактіні және (немесе) құжатты;

      6) екінші деңгейдегі банктегі немесе банктік операцияларының жеке түрлерін жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдарындағы жеке шот нөмірін ұсынады.

      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша қағидаларға 3, 4-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округтің әкіміне жібереді.

      Ауыл, ауылдық округтің әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 17-және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін облыс бойынша белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығындарды қаржыландыру Ертіс ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Ертіс ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" немесе "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің
және Ертіс ауданының
мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындаудың қағидаларға
1-қосымша

Алушылар санатының тізбесі мен әлеуметтік көмектің шекті мөлшері

      1. Мынадай санаттағы азаматтардың әлеуметтік көмек алуға құқығы бар:

      1) Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі - ҰОС) қатысушылары мен мүгедектері;

      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан ҰОС қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      2-1) қоршаудағы кезеңінде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен әрі "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтар;

      2-2) екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары;

      2-3) 1986 - 1987, 1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электрстансасы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан тұлғалар;

      2-4) Ауғанстандағы және басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, Ауғанстанның ұрыс қимылдары кезеңінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған қызметшілердің отбасылары;

      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдардың басқа да санаттары, атап айтқанда:

      3-1) қаза тапқан әскери қызметшілердің қайталап некеге отырмаған зайыбы (жұбайы);

      3-2) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған адамдар;

      4) 1941 жылғы 22 маусымынан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемінде алты ай жұмыс істеген және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрыңғы КСР Одағының ордендері мен медальдерімен наградталмаған адамдар;

      5) зейнеткерлік жасқа толған тұлғалар, атап айтқанда:

      5-1) ең аз мөлшерде зейнетақы, жәрдемақы тағайындалған және еңбек өтілі толық емес кезінде зейнетақы алатын зейнеткерлік жасқа толған тұлғалар;

      5-2) сексен жастағы және одан асқан азаматтар;

      6) мүгедектер, атап айтқанда:

      6-1) бірінші және екінші топтардағы мүгедектер;

      6-2) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар;

      6-3) кәмелетке толмаған балалары бар мүгедек әйелдер (ерлер);

      6-4) мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын отбасылар;

      7) төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар аз қамтылған көпбалалы аналар;

      8) жалпы білім беретін мектептің ағымдағы жылдың түлектері санынан, атап айтқанда:

      8-1) жетім балалар;

      8-2) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      8-3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспайтын отбасылар;

      9) аз қамтылған азаматтар, атап айтқанда:

      9-1) уәкілетті органның есебінде үш айдан кем емес тұратын жұмыссыз азаматтар;

      9-2) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар;

      9-3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, өрттің салдарынан тіршілікке қажетті жабдықсыз қалған адамдар;

      9-4) жүктілігі бойынша уақытында есепке тұрған он екі аптаға дейін мерзімдегі жүкті әйелдер, барлық жүктілік мерзіміне;

      9-5) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар санынан отбасылар;

      9-6) жасанды тағаммен тамақтандырылатын бір жасқа дейінгі балалардың тамағына, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;

      10) әлеуметтік маңызы бар ауруларына шалдыққан азаматтар, атап айтқанда:

      10-1) онкология ауруларынан азап шеккен тұлғалар;

      10-2) адамның иммун тапшылығы вирусына шалдыққан тұлғалар;

      10-3) туберкулездің әртүрлі формаларына шалдыққан тұлғалар;

      10-4) бүйректің толық екі еселеу түрі бойынша жоғарғы несеп жолдарының туа біткен даму ауытқуынан зардап шегетін адамдар;

      11) мтөрт жәнем одан көп кәмелетке мтолмаған мбалаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы көп балалы отбасылар, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 26.04.2019 № 168-39-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.07.2019 № 182-42-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      2. Табыстарды есепке алмағанда әлеуметтік көмек ұсынылады:

      көрсетілген санаттар үшін біржолғы:

      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында, өтініш негізінде, шығын сметасына және алушының мәртебесін растайтын құжаттарға сәйкес Жеңіс күніне тұрғын үйлерін күрделі жөндеуге, бірақ 324 айлық есептік көрсеткіштер (бұдан әрі - АЕК) мөлшерінен артық емес;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-2) тармақшасында, 10 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-3) тармақшасында, 60 АЕК дейін мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-5) тармақшасында, өнімді ірі қара малды сатып алуға 70 АЕК дейін үш жыл ішінде мұндай көмек түрін бұрын алмаған азаматтарға мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-5) тармақшасында, балаларды мектепке даярлау үшін бір балаға 5 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 10-1) және 10-2) тармақшаларында, 20 АЕК мөлшерінде;

      ай сайын көрсетілген санаттар үшін:

      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында ауыл немесе ауылдық округтің әкімімен ұсынылған мәліметтер негізінде, дәрі-дәрмек алуға 1 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында, өтініш жасаған айдан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді өтеуге 5 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 10-3) тармақшасында көрсетілген санаттарға науқастың емделу тәртібін сақтаған жағдайда амбулаторлық емделу мерзіміне жақсартылған тамаққа 7 АЕК мөлшерінде, амбулаториялық емдеу кезеңін көрсете отырып шаруашылықты жүргізу құқығындағы "Ертіс орталық аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны емханасымен берілетін, дәрігерлік кеңес комиссиясының анықтамасы негізінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 10-4) тармақшасында "Ертіс орталық аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынатын дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде қосымша гигиеналық құралдарды сатып алуға.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 26.04.2019 № 168-39-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.07.2019 № 182-42-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      3. Әлеуметтік көмек табысы есебімен облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға ұсынылады:

      ай сайын көрсетілген санаттар үшін:

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-6) тармақшасында, 2 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 11) тармақшасында, өтініш жасаған айдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар үшін ата-ананың төлемақысын өтеуге,1 АЕК мөлшерінде;

      көрсетілген санаттар үшін біржолғы:

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-1) тармақшасында, жеке шаруашылығын дамытуға 30 АЕК мөлшерінен артық емес;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-1) тармақшасында, уәкілетті органда қайтыс болған кезінде жұмыссыз ретінде есепте тұрған, зейнеткерлік жасқа жақындаған (әйелдер елу жеті жастан аса, ер адамдар алпыс жастан аса) азаматтардың жерлеуіне 20 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 9-4) тармақшасында, 15 АЕК дейін мөлшерінде

      осы Тізбенің 1-тармағының 6-1) және 9-5) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін отын сатып алуға уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 26.04.2019 № 168-39-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.07.2019 № 182-42-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      4. Табыстарды санамағанда тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек көрсетілген санаттар үшін ұсынылады:

      осы Тізбенің 1-тармағының 2-1), 2-2), 2-3) және 2-4) тармақшаларында, 5 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 5-1) тармақшасында, өтініш берген айынан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді өтеуге 4 АЕК мөлшерінде;

      осы Тізбенің 1-тармағының 6-4) тармақшасында, өтініш жасаған айынан бастап 6 АЕК мөлшерінде тағайындалып төленеді.

      5. Табыстарын есепке алмағанда әлеуметтік көмек 1-тармақтың 8-1), 8-2) мжәне 8-3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін:

      5-1) жоғары оқу орнында оқу үшін төлеуге жартыжылдықта бір рет;

      5-2) оқу кезеңінде тұрғылықты жерде тұруға, тамақтануға және тұрғылықты жеріне бару үшін 10 АЕК АЕК мөлшерінде ай сайын көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмек осы Қағидалардың 13-тармағының 1), 2), 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды және аудан әкімі, жоғары оқу орнының басшысы мен өтініш беруші қол қойған білім беру қызметте қызметтерін көрсету туралы үш жақты келісім-шартты қоса уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне өтініш негізінде көрсетіледі.

  Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің
және Ертіс ауданының
мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындаудың қағидаларға
2-қосымша

      Отбасыны тіркеу нөмірі _______________
Өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтер
_________________________ ________________________
(Өтініш берушінің Т.А.Ә.) (үйінің мекенжайы, тел.)

№ р/с

Отбасы мүшелерінің Т.А.Ә.

Өтініш берушіге туыстық қатынасы

Туған жылы













      Өтініш берушінің қолы _________________ Күні ____________
Отбасының құрамы туралы мәліметтерді куәландыруға уәкілетті органның лауазымды адамының Т.А.Ә. ______________________________ (қолы)

  Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің
және Ертіс ауданының
мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындаудың қағидаларға
3-қосымша

Өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты адамның
(отбасының) мұқтаждығын айқындауға арналған тексеру актісі

      20___ ж. "___" _______________
____________________
(елді мекен)

      1. Өтініш берушінің Т.А.Ә.
________________________________________________________
2. Тұратын мекенжайы
____________________________________________________________
____________________________________________________________
3. Өтініш беруші әлеуметтік көмекке өтініш берген туындаған өмірлік қиын жағдай
_________________________________________________________________________

      4. Отбасы құрамы (отбасында нақты тұратындар есептеледі) _____ адам, оның ішінде:

№ р/с

Т.А.Ә.

Туған күні

Өтініш берушіге туыстық қатынасы

Жұмыспен қамтылуы (жұмыс, оқу орны)

Жұмыспен қамтылмау себебі

Қоғамдық жұмыстарға қатысуы, кәсіптік даярлығы (қайта даярлау, біліктілігін арттыру) немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы туралы мәліметтер

Өмірлік қиын жағдай









      Еңбекке жарамды барлығы ______________________ адам.

      Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендері ____ адам.

      Балалардың саны: __________, жоғары және орта оқу орындарында ақылы негізде оқитындар ____адам, оқу құны жылына _____ теңге.

      Отбасында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына және Ұлы мОтан соғысы мүгедектеріне теңестірілгендердің, зейнеткерлердің, 80 жастан асқан қарт адамдардың, әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусы) бар адамдардың, мүгедектердің, мүгедек балалардың болуы (көрсету немесе өзге санатты қосу керек)__________________________________________________________________________

      5. Өмір сүру жағдайы м(жатақхана, жалға алынған, жекешелендірілген тұрғын үй, қызметтік тұрғын үй, тұрғын үй кооперативі, жеке тұрғын үй немесе өзгеше – көрсету керек): ____________
Тұрғын үйді ұстауға арналған шығыстар:
____________________________________________

      Отбасының табысы:

№ р/с

Табысы бар отбасы мүшелерінің (оның ішінде өтініш берушінің) Т.А.Ә.

Табыс түрі

Өткен тоқсандағы табыс сомасы (теңге)

Жеке қосалқы шаруашылық (ауладағы учаске, малы және құсы), саяжай және жер учаскесі (жер үлесі) туралы мәліметтер

тоқсанға

орта есеппен айына







      6. Мыналардың:

      автокөлігінің болуы (маркасы, шығарылған жылы, құқық беретін құжат, оны пайдаланғаннан түскен мәлімделген табыс)
_________________________________________________________________________
_________________________________ қазіргі уақытта өздері тұрып жатқаннан бөлек өзге де тұрғын үйдің болуы (оны пайдаланғаннан түскен мәлімделген табыс)
__________________________________________________________________________

      7. Бұрын алған көмегі туралы мәліметтер (нысаны, сомасы, көзі):
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________

      8. Отбасының өзге де табыстары (нысаны, сомасы, көзі):
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________

      9. Балалардың мектеп керек-жарағымен, киіммен, аяқ киіммен қамтамасыз етілуі:
__________________________________________________________________________
10. Тұратын жерінің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы:
__________________________________________________________________________
Комиссия төрағасы:
________________________ ________________________
Комиссия мүшелері:
________________________ ________________________
________________________ ________________________
________________________ ________________________
________________________ ________________________
(қолдары) (Т.А.Ә.)
Жасалған актімен таныстым: ______________________________
Өтініш берушінің Т.А.Ә. және қолы_________________________
Тексеру жүргізілуден бас тартамын _________________________
Өтініш берушінің (немесе отбасы мүшелерінің бірінің) Т.А.Ә. және қолы, күні
__________________________________________________________________________
(өтініш беруші тексеру жүргізуден бас тартқан жағдайда толтырылады)

  Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің
және Ертіс ауданының
мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындаудың қағидаларға
4-қосымша

      Учаскелік комиссияның № ____ қорытындысы
20__ ж. "___" ____________________

      Учаскелік комиссия Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамның (отбасының) _____________________________________________________________ (өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты)

      өтінішін және оған қоса берілген құжаттарды қарап, ұсынылған құжаттар және өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру нәтижелерінің негізінде _____________________________________________адамға (отбасыға) өмірлік қиын

      (қажеттілігі, қажеттіліктің жоқтығы)

      жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек ұсыну туралы қорытынды шығарады.

      Комиссия төрағасы:
__________________ _______________________
Комиссия мүшелері:
__________________ _______________________
__________________ _______________________
__________________ _______________________
__________________ _______________________
(қолдары) (Т.А.Ә.)

      Қорытынды қоса берілген құжаттармен ___ данада

      20__ ж. "___" ___________ қабылданды

      Құжаттарды қабылдаған ауыл, ауылдық округ әкімінің немесе уәкілетті орган қызметкерінің Т.А.Ә., лауазымы, қолы
___________________________________________________________

  Ертіс аудандық мәслихатының
2018 жылғы 23 мамырдағы
№ 130-26-6 шешіміне
қосымша

Ертіс аудандық мәслихатының күші
жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Ертіс аудандық мәслихатының 2016 жылғы 20 сәуірдегі "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" № 12-3-6 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5128 болып тіркелген, 2016 жылғы 28 мамырында "Ертіс нұры" және "Иртыш" газеттерінде жарияланған);

      2. Ертіс аудандық мәслихатының 2016 жылғы 13 шілдедегі "Ертіс аудандық мәслихатының 2016 жылғы 20 сәуірдегі "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" № 12-3-6 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 19-4-6 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5206 болып тіркелген, 2016 жылғы 25 тамызында Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған);

      3. Ертіс аудандық мәслихатының 2017 жылғы 27 қыркүйектегі "Ертіс аудандық мәслихатының 2016 жылғы 20 сәуірдегі "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және Ертіс ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген мсанаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" № 12-3-6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" № 81-18-6 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5643 болып тіркелген, 2017 жылғы 28 қазанында "Ертіс нұры" және "Иртыш" газеттерінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады