Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiнiң 16, 69, 118, 121-баптарына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27, 37-баптарына және "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 22 маусымдағы Заңының 14-бабына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес жер учаскелерін меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алып қоймай "Интергаз Орталық Азия" акционерлік қоғамының "Орта Азия-Орталық" және "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистральдық газ құбырлары осінің әрбір жағынан 50 метр жерден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде құбыр осінің әрбір жағынан 25 метр жерден және газ тарату станциялары аумақтарының шекараларынан барлық жаққа 100 метрден күзет аймағының шекарасы белгіленсін.
2. Осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес "Орта Азия-Орталық" және "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистральдық газ құбырларының күзет аймағындағы жерді пайдалану режимі айқындалсын.
3. "Атырау облысы Жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі және Атырау қаласы, Жылыой, Қызылқоға, Мақат, Махамбет, Исатай, Индер, Құрманғазы аудандарының әкімдері осы қаулыдан туындайтын шараларды алсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.И. Нәутиевке жүктелсін.
5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшiне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Н. Ноғаев |
Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы "7" маусымдағы № 128 каулысына 1-қосымшасы |
Атырау облысының аумағында "Орта Азия-Орталық" және "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистралды газ құбырларының күзет аймағына кіретін жердегі объектілердің және магистральдық газ құбырының бойындағы күзет аймағы жерінің экспликациясы
№ | Атырау қаласының жане аудандардың атауы | Жер көлемі, га |
1 | Атырау қаласы | 570,2455 |
2 | Жылыой ауданы | 3774,5961 |
3 | Қызылқоға ауданы | 1959,2082 |
4 | Мақат ауданы | 1686,0673 |
5 | Махамбет ауданы | 1606,8608 |
6 | Исатай ауданы | 1397,6694 |
7 | Индер ауданы | 1859,0447 |
8 | Құрманғазы ауданы | 1006,4675 |
Жалпы көлемі: | 13860,1595 |
Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы "7" маусымдағы № 128 каулысына 2-қосымшасы |
"Орта Азия-Орталық" және "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистралды газқұбырларының күзет аймағында жер пайдалану режимі
Магистральдық газ құбырдың күзет аймағында:
1) өткелдерді, қара жолдарды және магистральдық құбыр трассасы мен оның күзет аймағын өзге де уақытша немесе тұрақты көлікпен кесіп өтудің орналасу орындарын, салу, жайластыру және пайдалану тәртібін магистральдық құбырдың меншік иесімен келіспей, орнатуға;
2) бағбандыққа және орман өсіруге, сондай-ақ жер жырту тереңдігі отыз бес сантиметрден аспайтын далалық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін агротехникалық жұмыстар кешенінен басқа, магистральдық құбырдың меншік иесімен келісілмеген кез келген жұмысты орындауға;
3) магистральдық құбырдың меншік иесі не оператор жайластырған, магистральдық құбырға қызмет көрсету мен оның физикалық қорғалуын қамтамасыз етуге арналған жолдарды рекультивациялауға, сондай-ақ магистральдық құбырда өртке қарсы және күзет функцияларын орындайтын қызметкерлердің осы жолдармен қозғалысына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедергі келтіруге;
4) кез келген құрылыстар мен ғимараттар салуға;
5) автомобиль көлігі құралдарының, тракторлар мен механизмдердің тұрақтарын ұйымдастыруға;
6) мелиоративтік жер жұмыстарын жүргізуге, суару және құрғату жүйелерін салуға;
7) магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімінсіз тау-кен, құрылыс салу, монтаждау және жару жұмыстарын жүргізуге, жерді тегістеуге;
8) ұңғымалар, тікқазбалар орнатуға және топырақ сынамаларын (топырақ үлгілерінен басқа) алуға байланысты геологиялық түсіру, іздеу, геодезиялық және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмейді.