"Катонқарағай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Катонқарағай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 22/157-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 сәуірдегі № 17/157-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Катонқарағай аудандық Әділет басқармасында 2018 жылғы 10 мамырда № 5-13-137 тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 10/134-VIII шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық мәслихатының 26.12.2023 № 10/134-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес, Катонқарағай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Катонқарағай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Катонқарағай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 22/157-V (нормативтік құқықтық актілерді тіркеу Тізілімінде 3328 нөмірімен тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      осы шешімнің қосымшасына сәйкес көрсетілген шешіммен бекітілген қағида жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Р. Жаманбаев
      Аудандық мәслихаттың хатшысы Д. Бралинов

  Катонқарағай
аудандық мәслихатының
2018 жылғы 13 сәуірдегі
№ 17/157-VІ шешімімен бекітілген

Катонқарағай ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қантардағы, "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы, "Қазақстан Республикасындағы мүгедектерге әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Катонқарағай ауданы әкімдігінің қаулысымен құрылатын комиссия;

      4) ең төменгі күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ауданның атқарушы органы;

      8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің өкімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Катонқарағай ауданның жергілікті атқарушы органы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Осы Қағидалар Катонқарағай ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет немесе мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеудің тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қадағалаусыз қалған кәмелетке толмағандар, оның ішінде девианттық мінез-құлықты;

      3) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандар;

      4) туғаннан үш жасқа дейінгі бастапқы психофизикалық даму мүмкіндіктері шектелген балалар;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар тұлғалар;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдар;

      7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      11) пробация қызметінің есебінде тұрғандар;

      12) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зиян алған адамдар;

      13) белгілеген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      8. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінде белгіленсін.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 8,1 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      10. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын және амбулаториялық емделудегі азаматтардың жол шығындарына және қосымша тамақтануларына ай сайынғы әлеуметтік көмек медициналық мекеменің тізімі бойынша, табыстарын есептемей, 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде берілсін.

      11. Облыстық медициналық мекемеге емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша жіберілген онкологиялық ауруы бар тұлғаларға автобус билетінің құнын өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілсін.

      12. Табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұлғаларға (отбасыларына) әлеуметтік көмек мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіш шегінде қарастырылсын.

      13. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына ) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      14. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың келесідегідей санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғанстан аумағынан әскерлерді шығару және интернационалист жауынгерлерді еске алу күні – 15 ақпан – басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға- 5 айлық есептік көрсеткіш;

      төрт және одан көп бiрге тұратын кәмелет жасқа толмаған балалары бар көп балалы отбасылар, оның iшiнде орта, кәсiптiк, ортадан кейінгі білім беру мекемелерінде, жоғарғы оқу орнында күндiзгi оқу нысаны юойынша оқитын балалар, кәмелет жасқа толғаннан кейiн оқу орнын аяқтаған уақытқа дейiн (жиырма үш жасқа толғанға дейiн) – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні - 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына - 25 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Жеңіс Күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына - 215 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде қалаларда қызмет атқарған, қорғанысқа қатысқан, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек еткен жылдарына әрекеттегі армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы есептелген әскери қызметшiлерге, бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде әрекеттегі армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдарына, яки сол кездерде қалаларда болған, қорғанысқа қатысқан, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек еткен жылдарына әрекеттегі армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы есептелген адамдарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болғандарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шетелдердiң аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құрамалар құрамында қатысқан адамдарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу – көтеру құрамының, бұрынғы КСР Одағы Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы Бас басқармасының ұшу–көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың оперативтiк аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелері экипаждарының мүшелеріне - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердiң екiншi рет некеге тұрмаған жесiрлерiне - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталғандарға – 25 айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемінде 6 ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен қалтқысыз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 4,5 айлық есептік көрсеткіш;

      5) Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға - 4,5 айлық есептік көрсеткіш.

3. Әлеуметтiк көмек көрсету тәртiбi

      14. Атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Катонқарағай ауданының әкімдігі бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.

      15. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға немесе ауылдық округтың әкіміне өтiнiшке қоса мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтер;

      4) адамның (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтердi;

      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан залал келтірілген адамдарға біржолғы әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысын есептемей көрсетіледі.

      16. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      17. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен түскен уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күн ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      18. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қортындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      19. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      20. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      21. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      22. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      23. Уәкiлеттi орган әлеуметтік көмек көрсетуге өтiнiш берушiнiң құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 19 және 20 тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      24. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      25. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталғанда;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарғанда;

      3) әлеуметтiк көмек көрсету үшiн, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы белгiленген шектен артқанда.

      26. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның жергілікті бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      27. Әлеуметтік көмектін тоқтатылуы:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Катонқарағай ауданының шегінен тыс тұрақты басқа жаққа тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiбергенде;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке байланысты қайтарылуға тиісті.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады