Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 6/қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 23 қаңтарда № 18225 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 81-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 07.02.2025 № 3/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамы таныстырылсын.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының
  2019 жылғы 21 қаңтардағы
  № 6/қе бұйрығымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету қағидалары "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 81-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі – ҰҚО) қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 07.02.2025 № 3/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) құрметті эскорт – ҰҚО қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету үшін тағайындалған қызметкерлер командасы;

      2) құрметті қарауыл – қаралы іс-шараға шығарылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына немесе ҰҚО туына құрмет көрсету және ҰҚО қызметкерлерін жерлеу кезінде салют ату үшін тағайындалған қызметкерлер тобы;

      3) ту ұстаушы – қаралы іс-шараны өткізу орнына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын немесе ҰҚО туын алып шығу үшін тағайындалған қызметкер.

      3. Жерлеу кезіндегі құрмет ҰҚО қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақат алу, контузия), сонымен қатар ауруы салдарынан қайтыс болғандар;

      2) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан, 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына және бітімгершілік операцияларға қатысушыларға;

      3) қызметте болудың шекті жасына жеткеннен кейін, денсаулық жағдайына байланысты немесе штаттардың қысқартылуына байланысты қызметтен шығарылған, қызметінің жалпы ұзақтығы жиырма бес жыл немесе одан да көп болатын адамдарға, сондай-ақ қызметінің жалпы ұзақтығына қарамастан, терроризмге қарсы операцияларға қатысушыларға.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 07.02.2025 № 3/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Құрмет мынадай жағдайларда:

      1) егер қаза табу (қайтыс болу) қаза тапқанның (қайтыс болғанның) құқыққа қарсы іс-қимылдар жасауға байланысты орын алса;

      2) қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілі оны жерлеуді құрмет көрсету салтын өткізбей жүзеге асыруды қалаған жағдайларда көрсетілмейді.

2-тарау. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету тәртiбi

      5. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдарға құрмет көрсетуді ұйымдастыру қаза тапқан (қайтыс болған) адам қызмет өткеріп жүрген соңғы қызмет (тұрғылықты) орны немесе жерлеу орны бойынша құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары, аумақтық және өзге де ҰҚО басшыларына (бұдан әрі – уәкілетті басшылар) жүктеледі.

      ҰҚО-ның жасырын бөлімшелерінде қызмет өткерген (соның ішінде запаста тұрған немесе отставкада болған) қызметкерлерге құрмет көрсетуді ұйымдастыру осы Қағидалармен бекітілген тәртіпте жүзеге асырылады.

      Запаста тұрған немесе отставкада болған қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкерге құрмет көрсету кезінде ұйымдастыру тобының құрамына ардагерлер ұйымының өкілдері енгізілуі мүмкін.

      6. Құрмет көрсету үшін уәкілетті басшының немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен құрметті эскорт тағайындалады, ол мыналардан тұрады:

      1) құрметті қарауыл;

      2) мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығару және қабірге түсіріге арналған топ;

      3) қаза тапқан (қайтыс болған) адамның, бар болған жағдайда, ордендері мен медальдерін алып жүруге арналған топ.

      Қажет болған кезде құрметті қарауыл құрамынан жұпты сақшылар мен тысы жоқ және қаралы лентасы бар Мемлекеттік Тумен немесе ҰҚО туымен ту ұстаушылар қойылады.

      Бұйрықта құрметті эскорттың құрамы, киім нысаны, қаруы және жетекшісі, сондай-ақ көлік құралдары (қажет болған кезде) көрсетіледі.

      Құрметті эскорттың киім нысаны - салтанатты. Жылдың суық мезгілінде далалық киім үлгісіне рұқсат етіледі.

      Құрметті қарауылға салют ату үшін бос патрондар беріледі, оларды алу және есептен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 15-тармағының 237) тармақшасына сәйкес бекітілген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында, әскери, арнаулы оқу орындарында және құрылымдық бөлімшелерінде зымырандық-артиллериялық қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қамтамасыз ету, ұйымдастыру, пайдалану және есепке алу жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 07.02.2025 № 3/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Құрметтi эскорт жерлеу кезінде сәлем беруді орындамайды.

      8. Қажет болған кезде марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) тасымалдау үшiн автомобиль бөлiнедi.

      9. Қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің ордендері мен медальдарын алып жүру үшiн орденi немесе медальдары бар әрбiр жастықшаға бiр адамнан тағайындалады. Аталған адамдар сол жеңiне қаралы байлама тағады.

      Қаза тапқан (қайтыс болған) адамның ордендері мен медальдары көлемі 15х15 сантиметрлік қызыл (қызыл күрең) түсті периметрі алтын түстес матадан жиектелген жастықшаға тағылады.

      Әрбір орден жеке жастықшаға тағылады. Медальдар бірнешеуден бір жастықшаға тағылады.

      Қаза тапқан (қайтыс болған) адамды арнайы киім нысанымен жерлеу туралы шешім қабылданған жағдайда табыттың қақпағына бас киiм бекiтiлiп қойылады.

      10. Қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкерді басқа елді мекенде жерлеген жағдайда, уәкілетті басшының рұқсатымен ҰҚО қызметкерлері марқұмның мәйітіне (мәйіт салынған табытты) жерлеу орынына дейін ілесіп жүру және жерлеу рәсіміне қатысу рұқсат етіледі.

      11. Жерлеу белгiленген пунктке марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табыт) немесе көлiктiң бiр түрiнен екiншiсiне тиеу пункттерiне алып келу уақыты туралы жерлеу болатын немесе басқа көлікке тиеу болатын мекеннің тиiстi уәкілетті басшысына не болмаса оны алмастыратын адамға қызметкер қаза тапқан (қайтыс болған) бөлiмшенiң уәкілетті басшысы не болмаса оны алмастыратын адам, мәйіттің (мәйіт салынған табыттың) болжамды келу күнінен кем дегенде бiр тәулiк бұрын хабарланады.

      12. Марқұмның мәйітіне (мәйіт салынған табытқа) құрметтi қарауылды қою уақытын құрметті қарауылдың жетекшісі белгілейді.

      13. Қажет болған жағдайда құрметті қарауыл өз құрамынан екi жұп сақшыны қояды. Сақшылардың бiр жұбы марқұм мәйітінің (мәйіт салынған табыттың) бас жағында одан екi қадамда екi жағына, екiншi жұп - марқұмның аяқ жағына тұрады. Сақшылардың әр жұбы екiншi жұпқа қарама-қарсы тұрады және саптық қалыпты қабылдайды.

      Сақшылар сол жеңiне қаралы байлама тағады.

      14. Мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығару орнына келгеннен кейiн құрметтi эскорт өрiстетiлген саптың маңдайшебiн мәйіт (мәйіт салынған табыт) шығарылатын жаққа қаратып сапқа тұрады.

      15. Мәйітті (мәйіт салынған табытты) ғимараттан шығарған кезде құрметті эскорт келесі тәртіпте шығады: алдыңғы жағында марқұмның портретiн ұстаған қызметкер, одан кейiн үш-бес қадам арақашықтықта бiрiнен кейiн бiрi наградалардың үлкендiк ретiмен марқұмның ордендерiн және медальдарын ұстаған қызметкерлер, олардан кейiн осынша арақашықтықта гүл шоқтарын (қажет болған жағдайда) ұстаған қызметкерлер. Содан кейiн марқұмды шығарып салатын мәйітті (мәйіт салынған табытты) көтерген адамдар және құрметтi қарауыл жүредi.

      16. Мәйіт (мәйіт салынған табыт) жерлеу орнына жаяу жүрген кезде қос сақшылар мәйіттің (мәйіт салынған табыттың) екі жағынан жүреді.

      Мәйіт (мәйіт салынған табыт) жерлеу орнына автокөлікпен жүрген кезде қос сақшылар мәйітке (мәйіт салынған табытқа) ілесіп, осы немесе келесі жүретін автокөлiкте отырып барады.

      17. Жерлеуге келген ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығаратын жерде және жерлеу орнына кiреберiсте процессия өтетiн жолдың екi жақ бойына бiр қатарлы немесе екi қатарлы жаяу сапқа тұрғызылады.

      18. Жерлеу орнына келген бойда гүл шоқтарын, ордендер мен медальдарды ұстаған қызметкерлер, сондай-ақ қос сақшылар қабiрдің жанына тұрады.

      19. Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) қабiрге түсiрер алдында қаралы митингі өткізіледі.

      Мәйітті (мәйіт салынған табытты) түсiрген кезде Мемлекеттiк ту немесе ҰҚО туы еңкейтiледi. Құрметтi қарауыл құрамынан тағайындалған қызметкерлер үш дүркiн салют жасайды.

      20. Қаза тапқан (қайтыс болған) және қайтыс болғаннан кейін наградталған қызметкерлердің ордендері, медальдары, құрметті атақтарына кеуде төсбелгілері, сондай-ақ оларды наградтау туралы құжаттар естелік ретінде сақтау үшін отбасына қалдырылады.

      Қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің мұрагерлерімен келісілген жағдайда оның наградалары және наградтау туралы құжаттары сақтау және экспонаттау үшін музейлерге беріледі.

      Егер қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлері болмаса, оның мемлекеттік наградалары (бар болған жағдайда) және наградтау туралы құжаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес қайтарылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 07.02.2025 № 3/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Марқұмның мәйітін кремациялау жағдайында құрметтi эскорт крематорий алдында, жерлеу процессиясы қозғалысының бағытына қарама-қарсы маңдайшеппен сапқа тұрғызылады.

      Кремациялау үшiн марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) түсiру кезiнде құрметтi эскорт жетекшісінің белгiлерi бойынша Мемлекеттік ту немесе ҰҚО туы еңкейтiледi және үш дүркін салют жасалады.

      22. Жерлеу кезінде әскери құрмет көрсету рәсімі әрбір жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) адамның туыстары немесе жерлеуді ұйымдастырушы адамдардың келісімімен жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады