"Мемлекеттiк мүлiк тiзiлiмiне есепке алу объектiлерi деректерiн енгiзудің, сондай-ақ мемлекеттiк мүлiкке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргiзудің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 636 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 513 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 мамырда № 18767 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілері деректерін енгізудің, сондай-ақ мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізудің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 636 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7375 болып тіркелген, 2012 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілері деректерін енгізудің, сондай-ақ мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізудің бірыңғай әдістемесінде:

      3-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15594 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 468 бұйрық) нысандар бойынша жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.";

      5-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) электрондық есеп Интернет желісінде www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша Тізілімнің веб-порталында орналасқан бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жасалады. Бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеу нәтижесінде оған ұлттық куәландыру орталығы берген мемлекеттік заңды тұлғаның электрондық сандық қолтаңбасы қойылатын осы Әдістеменің 1, 2, 3 және 4-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізу нәтижелері жөніндегі ақпараты және № 468 бұйрығымен бекітілген Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларының 1, 2, 3, 4, 5 және 6 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша мемлекеттік мекемелердің жылдық қаржылық есептілігі бар файлдар қалыптастырылады;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Осы Әдістеменің 9-тармағына сәйкес салыстыру нәтижесінде айқындалған жылжымайтын мүлік жөніндегі ақпаратты мемлекеттік мүлік бойынша уәкілетті органның келісімі бойынша Бірыңғай оператор есептік жылдан кейінгі жылдың 1 маусымына дейінгі мерзімде электрондық форматта:

      1) осы Әдістеменің 9-тармағында көрсетілген паспорттандыру және мүлік құқығын мемлекеттік тіркеу бойынша жұмысты республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемін анықтау үшін мемлекеттік мекемелер бойынша:

      тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мекемелер бойынша);

      облыстық коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (облыстық коммуналдық мекемелер бойынша);

      аудандық коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (аудандық коммуналдық мекемелер бойынша);

      жергілікті өзін-өзі басқарудың мүлікін басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының коммуналдық мекемелері бойынша);

      2) осы Әдістеменің 9-тармағында көрсетілген паспорттандыру және мүлік құқығын мемлекеттік тіркеу бойынша шығындарды дамыту жоспарларына қосу үшін мемлекеттік кәсіпорындар бойынша:

      тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық кәсіпорындар бойынша);

      облыстық коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (облыстық коммуналдық кәсіпорындар бойынша);

      аудандық коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (аудандық коммуналдық кәсіпорындар бойынша);

      жергілікті өзін-өзі басқарудың мүлікті басқаруға уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органға (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының коммуналдық кәсіпорындары бойынша) жібереді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген іс-шараларды орындау туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады