Ұлттық теңiз тасымалдаушысының мәртебесін беру қағидаларын және шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 25 маусымдағы № 425 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 шілдеде № 18946 болып тіркелді

      "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-1 бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық теңiз тасымалдаушысының мәртебесін беру қағидалары және шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 25 маусымдағы
№ 425 бұйрығымен
бекітілді

Ұлттық теңiз тасымалдаушысының мәртебесін беру қағидалары және шарттары

1 – тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесін беру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзiрленген және Ұлттық теңiз тасымалдаушысының мәртебесін беру тәртібін және шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) уәкiлеттi орган – сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) Ұлттық теңіз тасымалдаушысы - жолаушыларды, багажды, пошта жөнелтілімдерін, жүктерді халықаралық қатынаста теңізде тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін және уәкiлеттi орган айқындайтын заңды тұлға.

2 – тарау. Ұлттық теңiз тасымалдаушысының мәртебесін беру тәртібі және шарттары

      3. Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесі ұлттық мүдделерді қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалдарындағы үлесін арттыру мақсатында беріледі.

      4. Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесін уәкілетті орган халықаралық қатынаста тасымалдауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде кемелері (танкерлер, құрғақ жүк кемелері, паромдар, контейнер тасушылар) бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына береді.

      5. Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесін беру шарттары:

      1) халықаралық қатынастағы теңіз жүк тасымалы нарығында кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесі;

      2) кемелер экипаждарының құрамында қазақстандық азаматтардың кем дегенде 50% болуы;

      3) түзетулермен бірге алынған Теңізде адам өмiрiн қорғау жөнiндегі 1974 жылғы халықаралық конвенцияның (IX-тарауы) ережелеріне сәйкес берілген қауіпсіздікті басқару жөніндегі куәлік және сәйкестік туралы құжаттың көшірмелері.

      6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген шарттардың сәйкестігін растау үшін қатысушы Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесін алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) соңғы 5 (бес) жыл ішінде халықаралық қатынастағы жүк тасымалдау көлемі туралы ақпарат;

      2) кемелер экипажы мүшелерiнің жеке басын куәландыратын құжаттардың, олардың бiлiктiлiк құжаттары мен теңізде жүзу кітапшаларының көшiрмелерi;

      3) түзетулермен бірге алынған Теңізде адам өмiрiн қорғау жөнiндегі 1974 жылғы халықаралық конвенцияның (IX-тарауы) ережелеріне сәйкес берілген қауіпсіздікті басқару жөніндегі куәлік және сәйкестік туралы құжаттың көшірмелері.

      7. Бірнеше теңіз тасымалдаушылар бар болған жағдайда Ұлттық теңіз тасымалдаушысы ашық конкурс негізінде айқындалады.

      8. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы ашық конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрі – конкурсты ұйымдастырушы) болып табылады.

      9. Конкурсты ұйымдастырушы өтінімдерді қабылдау күнінің аяқталуына кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн қалғанға дейін өтінімдерді қабылдау мекенжайы мен уақытын көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында конкурстық іріктеудің басталуы туралы хабарлайды.

      10. Қатысушылар ашық конкурсқа қатысу үшін конкурстың ұйымдастырушысына келесі мәліметтер көрсетілген еркін нысанда өтініш береді:

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық кеме қатынасы тіркелімінде тіркелген, кемелердің түрлері бойынша бөлінген меншіктегі немесе жалға алынған сауда кемелерінің (танкерлер, құрғақ жүк кемелері, паромдар, контейнер тасушылар) саны;

      2) соңғы 5 (бес) жыл ішінде тасымалдау динамикасы (жүк номенклатурасы, тасымалдау бағыты);

      3) экипаж мүшелерiнiң азаматтығы бойынша бөлiнген жүзу құрамының саны;

      4) шетелдік порттарда агенттік компанияларының атауларын қоса алғанда, кемелердің қызметін жағалаулық қамтамасыз етудің құрылымы.

      Өтінішке мынадай құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері қоса беріледі:

      1) даму стратегиясы (сауда флотын ұлғайту, теңіз тасымалын, кадрлық әлеуетті дамыту бойынша қабылданған шаралар, басқа порттармен өзара іс-қимыл);

      2) өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттар;

      3) түзетулермен бірге алынған Теңізде адам өмiрiн қорғау жөнiндегі 1974 жылғы халықаралық конвенцияның (IX-тарауы) ережелеріне сәйкес берілген қауіпсіздікті басқару жөніндегі куәлік және сәйкестік туралы құжаттың көшірмелері;

      4) сапа менеджменті жүйесінің сертификаты;

      5) аудиторлық есептер.

      11. Конкурсқа қатысу өтінімі және оған қоса берілген құжаттар тігіліп және нөмірленеді.

      12. Өтінімді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен өтінім және оған қоса берілген құжаттар қабылданбайды.

      13. Конкурсты ұйымдастырушы ұсынылған өтінімдерді қарау және іріктеу үшін комиссия құрады, оның құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

      Комиссия төрағасы көлік саласы мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті органның бірінші басшысының орынбасары болып табылады.

      Құзыретіне теңіз сауда флотын дамыту мәселелері кіретін конкурсты ұйымдастырушының өкілі комиссия хатшысы болып тағайындалады.

      Комиссия құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі, бұл ретте комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ сан және 5 (бес) адамнан кем болуы қажет.

      Комиссия отырысы, егер оған кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      14. Комисияның ұсынылған өтінімдерді, оған қоса берілген құжаттарды қарау және ашық конкурстың қортындысын шығару мерзімі өтінімдерді қабылдау аяқталған күнен бастап 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      15. Конкурс бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға қатысып отырған комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп саналады.

      16. Конкурстың жеңімпазы жұмыс тәжірибесі және халықаралық тасымалдарда теңiз арқылы жүктердi тасымалдау үшiн нарықта жұмыс iстейтiн үлесi, кемелер экипаждарының құрамында қазақстандық азаматтарының саны бойынша жоғары көрсеткішке ие үміткер танылады.

      Егер бірдей көрсеткіштері бар бірнеше үміткер бар болса, жеңімпаз үздік қаржылық көрсеткіштерге ие үміткер болып табылады.

      17. Ашық конкурстың қорытындысы төраға мен комиссияның мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      18. Ашық конкурстың қорытындысы негізінде конкурстың ұйымдастырушысы Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесін беру бойынша уәкілетті органның бұйрығын әзірлейді.

      19. Ұлттық теңіз тасымалдаушысының мәртебесі белгіленбеген мерзімге беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады