Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 240 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 27 қаңтарда № 19925 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қаржы ұйымдарын жүйе құраушылар қатарына жатқызу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 257 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10210 болып тіркелген, 2015 жылғы 5 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 32 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13304 болып тіркелген, 2016 жылғы 14 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық тұрақтылық департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті - Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 240 қаулысымен
бекітілді

Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) макропруденциялық саясатты қалыптастыруы мақсатында қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жүйелік маңызы бар банк - тұрақты жұмыс істеуіне елдің тұтастай қаржы жүйесінің немесе оның жекелеген сегменттерінің тұрақтылығы байланысты болатын екінші деңгейдегі банк;

      2) жүйелік маңызы бар инфрақұрылымдық қаржы ұйымы - тұрақты жұмыс істеуіне бағалы қағаздар нарығының тұрақтылығы байланысты болатын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      3) инфрақұрылымдық қаржы ұйымы - бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтердің мына түрлерінің бірін:

      бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастыруды;

      депозитарлық қызметті;

      қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін;

      бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым.

2-тарау. Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу тәртібі

      3. Қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қаржы жүйесінің жүйелі тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

      Ұлттық Банк жүргізген бағалау негізінде Қағидаларға 4 және 13-тармақтарда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – банктер) және инфрақұрылымдық қаржы ұйымдары жүйелік маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызылған қаржы ұйымдары болып танылады.

      4. Банкті жүйелік маңызы бар банк қатарына жатқызу үшін мына өлшемшарттар қолданылады:

      1) банктің мөлшері;

      2) банктің қаржы нарығының қатысушыларымен өзара байланысы;

      3) банктің өзара алмасуы;

      4) банк жүргізетін операциялардың кешенділігі (күрделілігі).

      5. Мыналар:

      1) банк активтерінің банктердің жиынтық активтеріндегі үлесі (К1);

      2) банк міндеттемелерінің банктердің жиынтық міндеттемелеріндегі үлесі (К2) банктің мөлшерін сипаттайтын көрсеткіштер болып табылады.

      6. Банктің қаржы нарығының қатысушыларымен өзара байланысын сипаттайтын көрсеткіштер мыналар:

      1) банкаралық активтердің және банктердің еншілес ұйымдарға инвестицияларының жиынтық көлемінде банкаралық активтер, банктің банктерге қатысты шартты талаптары (бұдан әрі – банкаралық активтер) және банктің еншілес ұйымдарына инвестициялары сомасының үлесі (К3);

      2) банктердің банкаралық міндеттемелерінің және банктердің "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамының банктік салымдарға және банктер шығарған бағалы қағаздарға инвестицияланған зейнетақы активтері бойынша міндеттемелерінің жиынтық көлемінде банкаралық міндеттемелер, банктің банктер алдындағы шартты міндеттемелері (бұдан әрі – банкаралық міндеттемелер) және "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамының банкке салымдарға және банк шығарған бағалы қағаздарға инвестицияланған зейнетақы активтері бойынша міндеттемелері қосындысының үлесі (К4);

      3) жеке тұлғалардың "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) кепілдік беруі тиісті банктерде орналастырылған салымдарының жиынтық көлемінде жеке тұлғалардың Қор кепілдік беруі тиісті банкте орналастырылған салымдары сомасының үлесі (К5).

      7. Банктің өзара алмасуын сипаттайтын көрсеткіштер мыналар:

      1) банктің банкаралық ақша аудару жүйесі, банкаралық клиринг жүйесі арқылы жүргізген төлемдерінің, электрондық банктік қызметтер нарығындағы (банк желісінде) төлемдерінің, банк пен оның контрагенттері арасында ашылған корреспонденттік шоттар арқылы, халықаралық ақша аударымы жүйесі арқылы жүргізілген төлемдері мен аударымдары (бұдан әрі – қолма-қол ақшасыз төлемдер) жалпы сомасының банктердің қолма-қол ақшасыз төлемдерінің жиынтық көлеміндегі үлесі (К6);

      2) банктің несие портфелінің банктердің жиынтық несие портфеліндегі үлесі (К7);

      3) банктің кастодиандық қызметті көрсетуге қабылдаған активтерінің банктер кастодиандық қызметті көрсетуге қабылдаған активтерінің жиынтық көлеміндегі үлесі (К8).

      8. Банк жүргізетін операциялардың кешенділігін (күрделілігін) сипаттайтын көрсеткіштер мыналар:

      1) банктің туынды қаржы құралдары мен шетел валютасы бойынша шартты талаптары сомаларының банктердің туынды қаржы құралдары мен шетел валютасы бойынша шартты талаптарының жиынтық көлеміндегі үлесі (К9);

      2) банктің туынды қаржы құралдары мен шетел валютасы бойынша шартты міндеттемелері сомаларының банктердің туынды қаржы құралдары мен шетел валютасы бойынша шартты міндеттемелерінің жиынтық көлеміндегі үлесі (К10);

      3) банк әділ құны бойынша пайда немесе зиян арқылы есепке алатын бағалы қағаздарының және әділ құны бойынша басқа да жиынтық кіріс арқылы есепке алынатын бағалы қағаздарының жалпы сомаларының банктер әділ құны бойынша пайда немесе зиян арқылы есепке алатын бағалы қағаздарының және әділ құны бойынша басқа да жиынтық кіріс арқылы есепке алынатын бағалы қағаздарының жиынтық көлеміндегі үлесі (К11).

      9. Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көрсеткішті қоспағанда, Қағидалардың 5, 6, 7, және 8-тармақтарында көрсетілген көрсеткіштерді есептеу тоқсанның бірінші күніндегі жағдай бойынша жүзеге асырылады.

      Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көрсеткіш бір тоқсан үшін есептеледі.

      Көрсеткіштердің орташа мәнін есептеу кезеңіне есептеу күнінің алдындағы қатарынан төрт тоқсан кіреді.

      10. Банктің жалпылама көрсеткіші (ЖК) мына формула бойынша есептеледі:



      мұнда:

      ЖК - банктің жалпылама көрсеткіші;

      Кij - j-көрсеткішінің (К111) і-тоқсаны үшін пайыздық мәні;

      Скj - j-көрсеткішінің (К111) жалпылама көрсеткіштегі салмағы, оның мәні:

      Ск1 = 20%;

      Ск2 = 20%;

      Ск3 = 5%;

      Ск4 = 5%;

      Ск5 = 10%;

      Ск6 = 10%;

      Ск7 = 7%;

      Ск8 = 3%;

      Ск9 = 5%;

      Ск10 = 5%;

      Ск11 = 10% құрайды.

      11. Егер Қағидалардың 10-тармағына сәйкес есептелген банктің жалпылама көрсеткіші 8 (сегіз) пайызды құраса және одан асса, банк жүйелі маңызы бар банктердің қатарына жатады.

      12. Қағидалардың 10-тармағына сәйкес есептелген жалпылама көрсеткіші 3 (үш) пайыздан асатын, бірақ 8 (сегіз) пайыздан кем болған банктер әлеуетті жүйелік маңызы бар банктер болып табылады және бұл туралы ақпаратты Ұлттық Банк Қағидалардың 15-тармағына сәйкес бұйрық қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы банктерге және қаржы ұйымдары мен қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға жеткізеді.

      13. Инфрақұрылымдық қаржы ұйымы бірегейлік өлшемшартына сәйкес келген жағдайда, жүйелік маңызы бар қатарына жатады.

      Егер инфрақұрылымдық қаржы ұйымы Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес Қағидалардың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметтің бір түрін жүзеге асыратын жеке-дара ұйым болып табылса, инфрақұрылымдық қаржы ұйымы бірегейлік өлшемшартына сәйкес келеді.

      14. Ұлттық Банк жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының тізімін бекітетін жылдың алдындағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша деректер негізінде жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының тізімін қалыптастырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының тізімі қабылданған күнінен бастап 10 (он) күнтізбелік күн өткен соң күшіне енетін, Ұлттық Банк Төрағасының не оның орнындағы адамның бұйрығымен тиісті жылғы 20 қаңтардан кешіктірмейтін мерзімде бекітіледі.

      16. Қаржы ұйымын жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының тізіміне енгізу туралы ақпарат Қағидалардың 15-тармағына сәйкес бұйрық қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы қаржы ұйымдарына және қаржы ұйымдары мен қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға жеткізіледі.

      17. Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген күннен бастап жүйелік маңызы бар банк активтерінің сомасы 50%-ға (елу пайызға) және одан көп мөлшерге төмендеген жағдайда қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның осындай өзгерісті растайтын өтінішхаты негізінде жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының бекітілген тізіміне өзгерістер енгізуге жол беріледі.

      Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның өтінішхатын алғаннан кейін Ұлттық Банк сұрату алғаннан кейін 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде есеп айырысу күнінің алдындағы қатарынан 2 (екі) тоқсан үшін Қағидалардың 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген көрсеткіштердің орташа мәнін есептеуді жүзеге асырады.

      Ескерту. Қағида 17-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарының бекітілген тізіміне өзгерістер Қағидалардың 17-тармағына сәйкес қол қойылған күннен бастап күшіне енетін Ұлттық Банк Төрағасының не оның орнындағы адамның бұйрығымен енгізіледі.

      Жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдары тізімінің өзгеруі туралы ақпарат мүдделі қаржы ұйымдарына және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға бұйрыққа қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.

      Ескерту. Қағида 18-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады