Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте (таксиден басқа) Көкшетау қаласы азаматтарының жекелеген санатының жол жүру төлеу бойынша жеңілдік белгілеу туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 28 тамыздағы № A-8/1531 қаулысы және Ақмола облыстық Көкшетау қалалық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы № С-36/4 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 3 қыркүйекте № 7350 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Заңының 13 бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Көкшетау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Көкшетау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте (таксиден басқа) Көкшетау қаласы азаматтарының жекелеген санатының жол жүру төлеу бойынша жеңілдік белгіленсін:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне - тегін жол жүру;

      2) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - тегін жол жүру;

      3) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – тегін жол жүру;

      4) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – тегін жол жүру;

      5) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - тегін жол жүру;

      6) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар аналарға – тегін жол жүру;

      7) көп балалы аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балаларға – тегін жол жүру;

      8) 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар бала күтімін жүзеге асыратын адамдарға (жәрдемақы алушыларға) – тегін жол жүру;

      9) Көкшетау қаласының құрметті азаматтарына – тегін жол жүру;

      10) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – тегін жол жүру;

      11) 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – тегін жол жүру;

      12) мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге – тегін жол жүру;

      13) 2 топтағы көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған қамқоршыларға – тегін жол жүру;

      14) Социалистік Еңбек Ерлеріне және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға - тегін жол жүру;

      15) 2, 3 топтардағы есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға – тегін жол жүру.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімдігінің 28.05.2024 № A-5/658 қаулысы және Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 28.05.2024 № С-12/7 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Көкшетау қаласы азаматтарының жоғарыда аталған санаттарына дербестендірілген жеңілдік карталары ұсынылсын.

      3. "Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бірлескен Көкшетау қаласы әкімдігінің қаулысынан және Көкшетау қалалық мәслихатының шешімінен туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      4. Қаржыландыру көзі қалалық бюджет болып анықталсын.

      5. Осы бірлескен Көкшетау қаласы әкімдігінің қаулысы және Көкшетау қалалық мәслихатының шешімі Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тiркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Көкшетау қаласының
әкімі
А.Смайылов
      Алтыншы шақырылған
Көкшетау қалалық
мәслихатының 36-шы
кезектен тыс сессиясының
төрайымы
Ә.Шаримова
      Алтыншы шақырылған
Көкшетау қалалық
мәслихатының хатшысы
Ж.Абишев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады