Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу жөніндегі учаскелiк комиссиялар туралы ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 4 шілдедегі № 260 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 16 шілдеде № 6277 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы әкімдігінің 2023 жылғы 9 қазандағы № 265 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы әкімдігінің 09.10.2023 № 265 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңының 5-бабының 3-тармағына сәйкес Ақтөбе облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу жөніндегі учаскелiк комиссиялар туралы ереже осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес;

      2) өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттары осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) Ақтөбе облысы әкімдігінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 382 "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек, он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арналған мемлекеттiк жәрдемақы алуға және әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу жөнiндегi учаскелiк комиссиялар туралы Ережені бекіту туралы" қаулысы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3718 тіркелген, 2014 жылғы 7 қаңтарда "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінде жарияланған);

      2) Ақтөбе облысы әкімдігінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 489 "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек, он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арналған мемлекеттiк жәрдемақы алуға және әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу жөнiндегi учаскелiк комиссиялар туралы Ережені бекіту туралы" Ақтөбе облысы әкімдігінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 382 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4728 тіркелген, 2016 жылғы 9 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны Ақтөбе облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық нұсқадағы Эталондық бақылау банкіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулыны Ақтөбе облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақтөбе облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Ақтөбе облыстық
мәслихатының хатшысы
      _____________ С.М. Қалдығұлова
      2019 жылғы "____" ___________

  Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 4 шілдедегі № 260 қаулысына 1-қосымша

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу жөніндегі учаскелiк комиссиялар туралы ереже

      Ескерту. 1 қосымшаға өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу жөніндегі учаскелiк комиссиялар туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Қағида), Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө "Учаскелiк комиссиялар туралы үлгiлiк ереженi бекiту туралы" нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5562 тіркелген бұйрығына сәйкес әзірленді және учаскелік комиссиялардың мәртебесі мен өкілеттігін айқындайды.

      2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      уәкілетті орган – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      учаскелік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия.

      Сонымен қатар, Қағидаға сәйкес уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асырады, ал Комиссия әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізеді;

      халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – Орталық) – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын заңды тұлға.

      3. Учаскелік комиссиялар (бұдан әрі - Комиссиялар) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссиялар өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарымен ұйымдастырады.

      4. Комиссиялар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, осы Ережені, сондай-ақ өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын басшылыққа алады.

      Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Комиссиялардың міндеттері мен функциялары

      5. Халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) немесе жергілікті өкілетті органдар бекітетін Қағидаларға сәйкес әлеуметтік көмек көрсету, олардың атаулылығын арттыру жөніндегі қызметте Уәкілетті органға, ал ауылдық жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне жәрдемдесу Комиссиялардың негізгі міндеті болып табылады.

      6. Комиссияның негізгі функцияларына:

      1) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу (бұдан әрі – тексеру);

      2) қажетіне қарай атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына зерттеу жүргізу үшін қажетті жетіспейтін мәліметтерді алу үшін тиісті органдарға сұрату жіберу;

      3) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамның (бұдан әрі – өтініш беруші) материалдық жағдайын тексеру актісін жасау;

      4) ұсынылған құжаттардың және/немесе тексеру нәтижелерінің негізінде осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын ескере отырып Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек немесе атаулы әлеуметтік көмек берудің қажеттілігі немесе қажеттіліктің жоқтығы туралы қорытындыны дайындау жатады.

      Ескерту. 6 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      7. Алып тасталды - Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Уәкілетті орган, ал ауылды жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округтың әкімі Комиссияның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар (отырыс өткізуге арналған жеке бөлме беру, нормативтік құқықтық актілермен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету) жасайды.

      9. Комиссияның құрамына жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативтерінің, тұрғындардың, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері кіруі мүмкін.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан кем болмауы тиіс.

      10. Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

      11. Комиссия отырысының өткізілетін күні туралы өтініш берушіні хабардар етуді, отырыстың күн тәртібі бойынша ұсыныстар даярлауды, Комиссия отырысына қажетті құжаттар, материалдар мен оны өткізгеннен кейін хаттаманы рәсімдеуді комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      12. Өтініш беруші Комиссияның отырысына қатыса алады.

      13. Комиссия:

      Жұмыспен қамту орталығынан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар және (немесе) атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер өтініш берушінің материалдық жағдайын тексерудің нәтижелері негізінде қорытынды дайындап, оны жұмыспен қамту орталығына немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді;

      құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, Қағидаларға сәйкес адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы немесе мұқтаждығының жоқтығы туралы қорытынды әзірлейді және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне жібереді.

      Ескерту. 13 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      15. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

      16. Комиссияның қабылдаған шешімі қорытынды түрінде ресімделеді, комиссия мүшелерімен қол қойылады және комиссия отырысына қатысқан жағдайда өтініш берушіге танысу үшін ұсынылады.

      17. Өтініш беруші Комиссияның қорытындысына уәкілетті органға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануына болады.

  Ақтөбе облысы әкімдігінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 111 қаулысына 2-қосымша

Өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттары

      Ескерту. Қаулы 2 қосымшамен толықтырылды - Ақтөбе облысы әкімдігінің 20.03.2020 № 111 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттары:

      1) жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтығы, оралман, босқын, шетелдік және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адам мәртебесінің бар болуы;

      2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларының 7-тармағына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығымен немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімімен расталған мәліметтердің бар болуы;

      3) учаскелік комиссиямен әзірленген өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттігі туралы қорытындының болуы болып табылады.

      Өтініш берушіге және (немесе) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беруге қажеттіліктің жоқтығы туралы учаскелік комиссиямен қорытынды шығаруға келесі өлшемшарттардың бірі негіз болып табылады:

      1) жалпы тиімді көлемі отбасының бір мүшесіне 18 шаршы метрден аспайтын барлық тұрғын үйлерді есептегенде, оның ішінде, тиісті актілермен расталатын авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда, атаулы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзіміне дейінгі соңғы 5 жылда иеліктен шығарылған тұруға жарақты жеке меншік иелігіндегі біреуден аса тұрғын үйдің бар болуы;

      2) оның (олардың) жеке меншігінде, иелігінде және (немесе) қолданысында тұрақты тұрудан басқа табыс алу үшін мақсаттарда қолданылатын жеке жайдың болуы;

      3) жергілікті атқарушы органдармен жеке меншікке жер телімін ақысыз түрде беру жағдайын қоспағанда, оның (олардың) жеке меншік тұрғын үйінің бар болуы кезінде оның (олардың) сатып алған жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншікте жер телімінің бар болуы;

      4) көпбалалы отбасыларды және мүгедек балалар, бірінші және екінші топ мүгедектері бар отбасыларды қоспағанда оның (олардың) жеке меншігінде және (немесе) уақытша иелігінде, қолданысында біреуден астам жеңіл автокөлігі бар болуы;

      5) жеке меншігінде және (немесе) уақытша иелігінде, қолданысында техникалық жарамды жағдайда ауыл шаруашылық техникасы және (немесе) автобустың және (немесе) микроавтобустың және (немесе) жүк автокөлігінің және (немесе) троллейбустың және (немесе) арнайы бейімделген және (немесе) арнаулы автомобильдердің және (немесе) теңіз және (немесе) ішкі су және (немесе) әуе көліктерінің бар болуы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады