Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары

Күшін жойған

Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы 31 шілдедегі № 51-257 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2019 жылы 14 тамызда № 5220 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 2022 жылғы 15 қарашадағы № 29-133 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 15.11.2022 № 29-133 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстары негізінде, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бекiтiлсiн.

      2. "Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидаларын бекіту туралы" Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 43-249 (Нормативтік құкықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3154 тіркелген, 2015 жылдың 10 маусымында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіровке жүктелсін (келісім бойынша).

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы облыстық мәслихаты сессиясының төрағасы Т. Ботабеков
      Алматы облыстық мәслихатының хатшысы С. Дүйсембінов

  Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы "____" _________ № _____ шешіміне қосымша

Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою тәртібін белгілейді.

      3. Осы Қағидалар иттер мен мысықтардың барлық иелеріне, меншік түрлеріне қарамастан жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      4. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) иттер мен мысықтардың иесі – жеке меншігінде немесе меншіктің басқа түрінде иттер және мысықтарға иелік етуші жеке немесе заңды тұлға;

      2) жетелеуші ит - көру қабілеттілігі бойынша мүгедектігі бар адамның белгілі маршруттар бойынша дұрыс және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ете алатын арнайы дайындық барысында үйретілген ит;

      3) иттерді және мысықтарды асырау - иттер мен мысықтардың иелерімен ветеринарлық-санитарлық нормаларды сақтай отырып, иттердің және мысықтардың толыққанды тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын әрекеттер;

      4) қаңғыбас жануарлар - қоғамдық орындарда серуендетуші тұлғасыз жүрген иттер мен мысықтар. Қаңғыбас жануарлардың қарғы, қарғы бауы, микрочиптер, таңба, бирка және иесінің байланыс нөмірі жазылған жетондар тәрізді әлдебіреуге тиесілі екенін білдіретін танымдық белгілері болмайды;

      5) қоғамдық орындар-адамдар көп жиналған немесе көп жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде бақтар, саябақтар және одан басқа азаматтардың демалыс орындары, жағажайлар, стадиондар;

      6) иттер мен мысықтарды серуендету - иттер мен мысықтардың тұрғын жайдан сырт жерде немесе арнайы қарастырылған аумақта болуы.

      7) жануарларды эвтаназиялау - жануарларды өлер алдында қинамау үшін, оларды ізгілік әдістерімен жансыздандыру;

      8) биостерилизациялау - жануарларды тұқымдану қабілетінен (репродуктивті қабілетінен) хирургиялық жолмен айыру;

      9) пневматикалық қару - нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебiнен бағытты қозғалыс алатын қару;

2-тарау. Иттер мен мысықтарды асырау

      5. Иттерді және мысықтарды көп пәтерлі тұрғын үйлердің ортақ пайдаланылатын орындарында (кіреберістерде, баспалдақтарда, баспалдақ алаңдарында, лифтілерде, жертөлелерде, шатыр астыларында, үйлердің төбелерінде), сондай-ақ осындай үйлердің жанындағы аумақтарда асырауға жол берілмейді.

      6. Жеке тұрғын үйлер, жеке құрылыстар аумақтарында иттердің қашып кетуін, адамдарға және жануарларға шабуыл жасауын болдырмайтын жағдайларда иттерді оқшау аумақта және (немесе) байлап асырау қажет. Егер аумақта ит күзеті болса, иттің аумақта бар екендігі туралы аумаққа кіреберісте иттің бейнесі салынған, "Ит күзетеді! Охраняется собакой!" деген жазба жазылған, көлемі 20х30 сантиметрден кем емес ескерту тақташасымен хабарланады.

      7. Иттер мен мысықтарды асыраған кезде иелері төмендегі талаптарды орындауға міндетті:

      1) иттер мен мысықтарды аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда немесе жекеменшік ветеринарлық клиникаларда тіркеуге қою (одан әрі-ветеринариялық ұйымдар);

      2) иттер мен мысықтардың оларды асырап отырған орыннан өз еркімен шығып кетуіне жол бермеу;

      3) иттер мен мысықтардың айналасындағыларды мазалауға әкеліп соқпайтын және қауіп төндірмейтін жүрісін қамтамасыз ету;

      4) иттер мен мысықтардың тарапынан тұрғын үй-жайларда даңғырды болдырмау;

      5) иттер мен мысықтардың нәжісімен және өзге де тіршілік әрекет ету өнімдерімен көп пәтерлі тұрғын үйлердің ортақ пайдаланылатын орындарының (кіреберістердің, баспалдақтардың, баспалдақ алаңдарының, лифтілердің, жертөлелердің, шатыр астыларының, үйлердің төбелерінің), балалар алаңдарының, жолдардың, жаяусоқпақтардың, шағын гүлбақтардың, демалыс аумақтарының ластануына жол бермеу, ал ластаған жағдайда ластанған орынды жедел тазалау;

      6) иттер мен мысықтарды зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес асырау, қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;

      7) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай асырау, оларға адамгершілікпен қарау, қараусыз қалдырмау, оларға қажетті көлемде тамақ пен ішетін су беру, қатал ұсталуына жол бермеу;

      8) аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар мамандарының талабы бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшін, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз беру;

      9) иттер мен мысықтарды жыл сайын, екі айлық жасынан бастап аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға байқау және құтырма мен басқа да инфекциялық, паразитарлық ауруларға қарсы егу үшін әкелу;

      10) жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес иттер мен мысықтарды тері паразиттеріне және гельминттерге қарсы профилактикалық өңдеу жүргізу;

      11) иттер мен мысықтардың ауыруының барлық жағдайларында немесе ауруға күдікті болғанда дереу аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарына хабарлау, зерттеудің қорытындылары бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз орындау;

      12) иттер мен мысықтардың белгісіз себептермен өліп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болғанда дереу аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарына хабарлау және оларды ветеринариялық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулау;

      13) иттер мен мысықтардың адамдарды сілекейлеу, тырнап алу, тістеу жағдайлары туралы, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарына және тиісті денсаулық сақтау мекемелеріне дереу хабарлау;

      14) ит немесе мысықтан жарақат алған тұлғаға өзі туралы толық деректерді дереу беру (фамилиясы, аты, әкесінің аты, тұрғылықты мекен жайы);

      15) иттер мен мысықтарды одан әрі асырауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, иттер мен мысықтарды қорғау ұйымына беру немесе аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарына хабарлау;

      16) иттер мен мысықтардың өліктерін алып кетуін ұйымдастыру мақсатында аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарына дереу хабарлау және олардың есептен шығарылуын қамтамасыз ету.

3-тарау. Иттер мен мысықтарды серуендету

      8. Серуендету барысында иттер мен мысықтардың иелері келесі талаптарды сақтауға міндетті:

      1) иттерді асырау орындарынан тұмылдырықта және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен айналасындағыларға мазасыздық, кедергілер келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға рұқсат етіледі. Айналадағы адамдардың және жануарлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілу шартымен иттердің үш айға дейінгі күшіктерін және анатомиялық ерекшеліктері тұмылдырық киюге келмейтін декоративтік тұқымды иттерді тұмылдырықсыз серуендетуге болады;

      2) иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында және жергілікті атқарушы органдарымен, пәтер иелерінің кооперативтерімен қаралған еркін серуен алаңдарында алып жүруге жол беріледі;

      3) иттердің иелері әрдайым иттің мойнында иттің лақап аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген нөмірлі жетон бекітілген қарғыбау тағуға міндетті. Иесінің қалауы бойынша нөмірлі жетонда итке қатысты басқа да мәлімет көрсетілуі мүмкін;

      4) көшелерден және магистральдардың жанынан өткен кезде иттердің иелері жол-көлік оқиғаларын және иттің өлуін болдырмау үшін оларды қысқа мойын жіппен алып жүруге міндетті;

      5) серуендетіліп жүрген иттер немесе мысықтар адамды қауып алған немесе тырнап алған жағдайда тиісті дәрігерлік көмек шақыру жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті;

      6) иттер мен мысықтарды тұрғын үйлердің маңында серуендету кезінде 23.00. мен 07.00. сағат аралығында тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті;

      7) иттер мен (немесе) мысықтар қоғамдық орындарды ластаған жағдайда нәжісті және олардың өзге де тіршілік әрекет ету өнімдерін дереу алып тастауға міндетті.

      9. иттерді тұмылдырықтарда және қысқа мойын жіптерде, өздігінен шешіліп кетуін болдырмайтын, иелері ғимараттардың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де иттер басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалысқа және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруға болады. Сонымен бірге иттер адамдардың және автокөліктердің өтуіне кедергі болмауы керек.

      10. Мыналарға рұқсат етілмейді:

      1) құтырма ауруына қарсы егілмеген және паразитарлық ауруларға (эхинококкоз және токсоплазмоз) тексерілмеген иттер мен мысықтарды серуендетуге;

      2) иттер мен мысықтарды рұқсат етілген немесе осы мақсаттарда арнайы бөлінген орындардан басқа, балалардың аулалық алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емделу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және тұрғындар жаппай демалатын өзге де орындарда, тыйым салатын белгілер орнатылған орындарда серуендетуге;

      3) иттермен және мысықтармен (көру қабілеттілігі бойынша мүгедектігі бар адамдарды жетелеуші иттерден басқа) дүкендерге, қоғамдық тамақтану ұйымдарына, медициналық, мәдени, спорттық және жалпыға білім беру мекемелеріне (арнайы ұйымдастырылған шараларға барудан немесе иттермен, мысықтармен бірге баруға арналған мамандандырылған мекемелерге (ұйымдарға) барудан басқа) баруға;

      4) жетектеп жүрген кәмелет жасындағы тұлғаларсыз 12 жастан кіші тұлғаларға, иттердің үш айға дейінгі күшіктерінен және иттердің декоративтік тұқымдарынан басқа, иттерді серуендетуге;

      5) алкогольдік, есірткі мас күйіндегі адамдарға иттерді серуендетуге;

      6) иттер мен мысықтарды жағажайларда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде, тоғандарда, бұрқақтарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға және жуындыруға;

      7) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өткізілетін жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, сондай-ақ көру қабілеттілігі бойынша мүгедектігі бар адамды жетелеуші иттерден басқа иттермен бірге болуға жол берілмейді.

4-тарау. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою

      11. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асырады (бұдан әрі - Ұйымдар).

      12. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмысына медициналық тексеруден өткен, құтыруға қарсы егу жасалған, жүйке аурулары және наркологиялық диспансерлерде тіркелмеген тұлғалар жіберіледі. Аулау бригадасы Ұйымның эмблемасы бар жеке қорғану құралдарымен және арнайы киіммен жабдықталады.

      13. Аулауға иелері ғимараттардың жанында байлауда қалдырып кеткен иттер мен мысықтардан басқа, қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, шағын бақтарда және басқа да орындарда) серуендетуші тұлғасыз жүрген қаңғыбас иттер мен мысықтар жатады.

      14. Қанғыбас иттер мен мысықтарды аулау, облыстың жергілікті атқарушы органымен келісіліп Ұйым басшысымен бекітілген кестесі бойынша, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері арқылы жүзеге асырылады. Өтініштер журналыда міндетті түрде тіркеліп, мыналар көрсетіледі:

      1) аулау себебі;

      2) өтініш беруші туралы мәліметтер (азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды тұлғаның аты, өкілдің толық аты, мекен-жайы, байланыс телефоны);

      3) жануардың түрі;

      4) жануардың мекендеу ортасы (мекен-жайы және мекен-жайының толық сипаттамасы);

      5) жануардың сипаттамасы;

      6) аулаудың себебі туралы ақпарат (қауып алу, агрессия).

      15. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімге жергілікті атқарушы органдар көздеген уақытша ұстау изоляторында немесе үй-жайларында ұсталады.

      16. Талап етілмеген иттер мен мысықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес эвтаназияға жатады.

      17. Иттер мен мысықтардың өлекселерін жою мал қорымдарында (биотермиялық шұңқырларда) немесе арнайы биологиялық қалдықтарды (өртейтін) жоятын құрылғыларда (инсинераторларда крематорларда) жүзеге асырылады.

      18. Иттер мен мысықтардың өлекселерін (қалдықтарын) тастауға және оларды мал қорымынан тыс жерлерге рұқсатсыз көмуге жол берілмейді. Өлген жағдайда Ұйымдарға хабарласып иттер мен мысықтардың өлекселерін (қалдықтары) жоюға өткізіледі. Өлген иттер мен мысықтардың өлекселерін шығару тегін жүргізіледі.

      19. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау аумақтарда тұратын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері, адамгершілік қағидаттар сақтала отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады және өткізіледі.

      20. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды тасымалдау барысында мертігуін болдырмайтын немесе денсаулығына басқа да зиян келтірмейтін әдістермен жүргізіледі.

      21. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды жануарлардың өлексесімен бірге тасымалдауға жол берілмейді.

      22. Заң талаптарына сәйкес иттер мен мысықтарды меншiк иесiне қайтарған кезде иттер мен мысықтарды ұстап алған адам және иттер мен мысықтарды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен иттер мен мысықтарды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.

      23. Ұсталған иттер мен мысықтарды қайтару және (немесе) беру туралы Ұйымға өтініш берген кезде, иелер немесе өтініш беруші:

      1) жеке куәлік;

      2) ит пен (немесе) мысықтың ветеринариялық паспорты (бар болса) және (немесе) иесі бар фотосурет;

      24. Иттер мен мысықтарды қорғау жөніндегі ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктерге, жеке және заңды тұлғалардың ұйымдарына беру кезінде тіркеу туралы куәлiк және келісімшартқа қол қою түпнұсқа сенімхаты беріледі.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      25. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін иттер мер мысықтардың иелері "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 406-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады