Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңының 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 280 бұйрығына сәйкес, Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары бекітілсін.
2. "Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:
осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;
осы қаулыны Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. С. Батановқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Павлодар облысының әкімі | Б. Бакауов |
Павлодар облысы әкімдігінің 2019 жылғы "27" қарашадағы № 338/3 қаулысымен бекітілді |
Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Павлодар облысы әкімдігінің 28.11.2024 № 285/2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыcымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңы 7-бабының 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) № 280 бұйрығына сәйкес әзірленді және Павлодар облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры (бұдан әрі – өңірлік тұрақтандыру қоры) - Павлодар облысының аумағында агроазық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры;
2) Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту - азық-түлік тауарларын сақтау мерзімдері өткенге дейін сату немесе кейін жаңа сақтау мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен азық-түлік тауарларының осындай көлемін жеткізумен азық-түлік тауарларын сақтау мерзімдері өткенге дейін өнім берушіге қайтару;
3) Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану - тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
4) Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру -азық-түлік тауарларын сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларын өңірлік тұрақтандыру қорында орналастыру және сақтау;
5) Ауылшаруашылық тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші) - ауылшаруашылық өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) Сатып алу интервенциялары – мамандандырылған ұйымдардың Павлодар облысы бойынша бағалар төмендеген және/немесе Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
7) тауарлық интервенциялар-бағалардың өсуі кезінде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;
7-1) тіркелген баға-өндіруге, сақтауға, табиғи кемуге (кептіруге), межелі жерге дейін жеткізуге жұмсалған шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнының 10 (он) пайызынан аспайтын маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;
7-2) форвард-сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;
8) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің азық-түлік тауарларын түпкілікті тұтынушыларға өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес сатылады.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысының әкімі Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
5. Павлодар облысы әкімінің орынбасары комиссия төрағасы болып табылады, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалық басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте Комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуға тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін айқындау;
3) Қағидаларға сәйкес қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін айқындау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін айқындау жөніндегі мамандандырылған ұйымның ұсыныстарын қарау.
8. Павлодар облысының әкімдігі Комиссияны құру және жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін "Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық - инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу шараларын қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
9-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін "Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) мамандандырылған ұйыммен үш жылдық мерзімге тұрақтандыру қорының ауыспалы активтері туралы міндеттемелерді заттай және ақшалай түрде көрсете отырып, қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатын жергілікті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.
Егер мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен бағамен жүзеге асырылса, онда соманы қайтару сатып алу мен өткізу бағаларының айырмасын шегерумен жүзеге асырылады.
9-2. Тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған мамандандырылған ұйымның үстеме және коммуналдық шығындары азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырмашылық есебінен жыл сайын жабылады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың тізбесін (бұдан әрі-мамандандырылған ұйым) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
11. Мамандандырылған ұйым Басқармаға үлгілік қағидаларының қосымшасына сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынады.
Басқарма Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және Сауда және интеграция министрліктеріне электрондық құжат айналымы арқылы үлгілік қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынады.
2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру тәртібі
12. Павлодар облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандырудың мынадай тетіктерін іске асыруда:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру.
12-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қаржыландыру көзі Павлодар облысының әкімдігі бөлетін, соның ішінде бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген ақшалай қаражат болып табылады.
12-2. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық (ядрица) жармасын, ұнтақталған күрішті (дөңгелек дәнді), күнбағыс майын, бірінші сұрыпты бидай ұнын және ақ ұнтақ қантты өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны бекіте отырып, форвардты қолдана отырып жүзеге асырылады.
Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді және қарақұмық (ядрица) жармасын, ұнтақталған (дөңгелек дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сұрыпты бидай ұнын және ақ ұнтақ қантты өндіру үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлеу және өнімді жеткізгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу талаптарымен жүзеге асырылады"
12-3. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын көкөніс өнімінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс (қалалық немесе жалпы), республикалық маңызы бар қала, астана халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.
12-4. Мамандандырылған ұйым форвардтық шарттар шеңберінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді қаржыландыруды жүзеге асырады:
2023 жылғы 10 қаңтарға дейін 2023 жылғы ерте егіннің көкөніс өнімдерін өндіру және 2023 жылғы көктем-жаз кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі егіннің көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылғы қыс-көктем кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 тамызға дейін 2024 жылғы ерте егіннің көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылғы көктем-жаз кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін 2024 жылғы күзгі егіннің көкөніс өнімдерін өндіру және 2025 жылғы қыс-көктем кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін.
2024 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру мынадай мерзімдерде жүзеге асырылады:
келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін.
келесі жылдың қыс-көктем кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін.
12-5. Мамандандырылған ұйым сатуды бастағанға дейін көкөніс өнімдерін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтауға кеткен шығындарды есептеу жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі осындай сақтау түрлерінің орташа сақтау құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.
12-6. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйымның облыс кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қыс-көктем кезеңі - ақпан, наурыз, сәуір; көктем-жаз кезеңі - мамыр, маусым, шілде) немесе ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету қажет болған басқа кезеңде қалыптастыратын кесте негізінде жүзеге асырылады.
12-7. Мамандандырылған ұйымдар Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке шыға отырып, ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
12-8. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары Қазақстан Республикасының "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Заңы 18 және 19-баптарына сәйкес оны сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.
13. Үлгілік қағидалармен регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (бөлшектері) осы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында айқындалады.
1-параграф. Тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі
14. Өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
15. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану тетіктерін іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік теңгерімі (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарлық қозғалысы, қорлардың болуы), егіс алқаптары (жоспарлы), болжамды өнім, өткен күнтізбелік жыл үшін қалыптасқан бағалар туралы мәліметтер және өзге де мәліметтер негізінде тұрақтандыру қорына сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесі айқындайды.
15-1. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.
16. Өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесінен қалыптастырылады.
17. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы "Мемлекеттік статистика туралы" Заңы 19-бабының 1-тармағы негізінде Статистикалық жұмыстар жоспарға сәйкес Павлодар облысының мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстауды ескере отырып қалыптастырылады.
18. Комиссия Павлодар облысының әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
19. Павлодар облысының әкімдігі Комиссияның ұсынымы негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.
20. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, соның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу жолымен жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді сатуды тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын сатуға маманданған көтерме жеткізушілерден (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.
21. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер мен басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына (өндіріс көлемі мен азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауар айналымы, қорлардың, бағалардың болуы) тұрақты талдау жүргізеді, тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интервенциялары туралы шешім қабылдайды.
21-1) мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.
22. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен жүзеге асырады.
23. Мамандандырылған ұйым агроазық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда және баға деңгейі көтерілген жағдайда, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешімді 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды.
24. Мамандандырылған ұйым тұрақтандыру қорын уақытылы жаңарту мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын сақтау мерзімдерін тұрақты негізде қамтамасыз етеді.
25. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдері өткенге дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе жаңа сақтау мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен азық-түлік тауарларының осындай көлемін кейін жеткізумен, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдері өткенге дейін өнім берушіге қайтару жолымен жүзеге асырылады.
26. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары үшін өткізуді, азық-түлік тауарларын жаңартуды мамандандырылған ұйым өзінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда нысандары, сондай-ақ шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін қайта өңдеуші кәсіпорындары арқылы жүзеге асырады.
27. Бұл ретте қайта өңдеуші кәсіпорын өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы Павлодар облысының әкімдігі бекіткен оның шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның қайта өңдеуші кәсіпорынмен жасасқан өткізу туралы шартында көрсетіледі.
28. Басқарма мамандандырылған ұйыммен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы тауарлық интервенцияларды жүзеге асыратын сауда нысандарының орналасқан жері туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты халыққа жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
29. Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік теңгерімі (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарлық қозғалысы, қорлардың болуы), егіс алқаптары (жоспарлы), болжамды өнім, өткен күнтізбелік жыл үшін қалыптасқан бағалар туралы мәліметтер, өзге де деректер негізінде Комиссия анықтайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз беру шартын жасасу арқылы қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылылық шарттарында жүзеге асырылады.
29-1. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз берілген кезде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) пайызы ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыруға жіберіледі.
30. Бағаны тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бекітілген төмендетілген бөлшек/көтерме бағаларды белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі.
31. Комиссия қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін айқындайды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне мынадай бірыңғай талаптар (өлшемдер) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) төлеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) болуы;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуінің болуы.
32. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.
33. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынады. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету: кепіл, банк кепілдігі, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдігі/кепілгерлігі түрінде беріледі.
34. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалатын қарыз шартында белгіленеді.
34-1. Қарыз беру шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйымның келісімі бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кестесін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну бойынша міндеттемелері қарастырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шартының талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау қарыз шарты елеулі түрде бұзылған деп танылады.
35. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
36. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.