"Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 11-бабының 4-1) тармақшасына , "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6, 27, 37-баптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2016 жылғы 23 қыркүйектегі және 2016 жылғы 21 желтоқсандағы қорытындылары негізінде Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және VІ шақырылған Атырау облыстық мәслихаты кезекті ХХХIV сессиясында ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:
1. Атырау қаласының келесі құрамдас бөліктеріне атаулар берілсін:
1) Сарықамыс-2 шағын ауданындағы № 1 көшеге - Ғибатолла Абдоловтың есімі;
2) Сарықамыс-2 шағын ауданындағы № 2 көшеге - Исламғали Баймұқашевтың есімі.
2. Мыналар:
1) Балықшы шағын ауданындағы Мұса Баймұханов өткелі – Білге қаған өткелі;
2) Балықшы шағын ауданындағы Дина Нұрпейісова өткелі – Тоныкөк өткелі;
3) Балықшы шағын ауданындағы Жұмекен Нәжімеденов көшесі – Алтын Орда көшесі;
4) Балықшы шағын ауданындағы Наурыз өткелі – Сығанақ өткелі болып қайта аталсын.
3. Осы бірлескен қаулы мен шешімнің орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С. Шапкеновке және Атырау облыстық мәслихатының заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы А. Абдоловқа жүктелсін.
4. Осы бірлескен қаулы мен шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және олар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Н. Ноғаев |
Сессия төрағасы | І. Баймұханов |
Мәслихат хатшысы | Ө. Зинуллин |