Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 9 желтоқсандағы № 44/476-VI шешімі. Түркістан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 21 қаңтарда № 5382 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 92-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес Түркістан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:

      1. Қоса беріліп отырған Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережесі бекітілсін.

      2. "Түркістан облыстық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді "Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы шешімді ресми жарияланғаннан кейін Түркістан облыстық мәслихатының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Түркістан облыстық мәслихаты
      сессиясының төрағасы С. Ибадуллаев
      Түркістан облыстық
      мәслихатының хатшысы К. Балабиев

  Түркістан облыстық
мәслихатының 2019
жылғы 9 желтоқсандағы
№ 44/476-VI шешіміне
қосымша

Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезiнде жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылдың 9 шілдедегі Су Кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алудың тәртібін анықтайды.

      2. Ереже халықты орталықтандырылмаған сумен жабдықтау бойынша тәулігіне елу текше метрге дейінгі көлемде қызметтерді жүзеге асыратын және өз мұқтаждықтары үшін жеке және заңды тұлғаларға таралады. 

      3. Ережелерде келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау (бұдан әрі – ауызсумен жабдықтау) - ауызсуды алуды, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды және су тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін технологиялық процесс;

      2) орталықтандырылмаған сумен жабдықтау-суды шығындау орындарына бермей, жинауға арналған, жалпы пайдалану үшін ашық немесе жеке пайдаланылатын құрылыстар;

      3) су жинағыш құрылыс - суды тұтынушыларға жеткізу мақсатында су жинайтын құрылыстар мен құрылғылардың кешені.

      4) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында жер асты суларын алу үшін құрылған тереңдігі көлденең кесігінен үлкенірек тік тау-кен қазындысы;

      5) шегендеу құрылысы - табиғи жолмен шығып жатқан жер асты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетіне шығарылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс.

2. Орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алуға қойылатын талаптар

      4. Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-сумен жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, сондай-ақ орталықтандырылмаған су көздерінің ауыз су сапасы өзінің құрамы мен қасиеті бойынша "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 26 бұйрығымен бекітілген "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес болуы тиіс.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облыстық мәслихатының 24.10.2024 № 13/177-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      5. Арнайы су пайдалануға мынадай су тарту құрылысжайларын: шахталы және құбырлы сүзгiлi құдықтарды, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау үшiн пайдаланылмайтын су тұтқыш қабаттың үстiңгi бетінің бiрiншiсінен тәулiгiне барлық жағдайда елу текше метрден көп емес су алынып, деңгейi мәжбүрлi төмендетiлмей жұмыс iстейтiн шегендеу құрылысжайларын пайдалану кезiнде рұқсат талап етiлмейдi.

3. Жергілікті атқарушы органдарының су пайдалануды міндетті тіркеу тәртібі

      6. Халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен облыстың жергілікті атқарушы органы су пайдалануды міндетті түрде тіркеп, тұтастай алғанда осы су объектілеріне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысы болғанда тікелей жер үсті және жер асты су объектілерінен су алуға құқылы.

      7. Су пайдалану міндетті тіркеуді су объектісінің орналасқан жері бойынша "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су пайдалануды міндетті тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 18 сәуірдегі № 19-02/183 бұйрығымен бекітілген облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су пайдалану міндетті тіркеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7678 болып тіркелген) сәйкес тиісті жергілікті атқарушы орган жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады