Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидасын бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 45-282/VI шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2019 жылғы 20 желтоқсанда № 5306 болып тiркелдi

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5 тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына сәйкес, Сайрам аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Сайрам ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидасы бекітілсін.

      2. Сайрам аудандық мәслихатының 2019 жылғы 6 наурыздағы № 38-244/VI "Сайрам ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін және мөлшерін бекіту туралы" (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде 2019 жылғы 15 наурызда № 4932 нөмiрiмен тiркелген және 2019 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешiмiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. "Сайрам аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді "Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы шешімді оны ресми жариялағаннан кейін Сайрам аудандық мәслихатының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      мәслихат сессиясының төрағасы К. Балатаев
      мәслихат хатшысы Ж. Мұсаханұлы

  Сайрам аудандық
мәслихатының 2019 жылғы
"29" қарашадағы № 45-282/VI
шешіміне қосымша

Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидасы туралы

      1. Осы ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5 тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік сала мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      уәкілетті орган – "Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.

      3. Осы Қағида Сайрам ауданының аумағында тұрақты тұратын және жұмыс істейтін тұлғаларға таратылады.

      4. Әлеуметтік қолдау (бұдан әрі коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау) жылына бір рет беріледі.

2. Әлеуметтік қолдауды ұсыну тәртібі

      5. Коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету бюджет қаражаты есебінен, алушылардан өтініштер талап етілмей, мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына 2 АЕК (ең төменгі екі айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік қолдауды тағайындау уәкілетті органмен мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының бірінші басшылары бекіткен жиынтық тізімдер негізінде жүзеге асырады.

3. Ұсынылатын әлеуметтік қолдауды тоқтату үшін негіздемелер

      7. Әлеуметтік көмек:

      1) Сайрам ауданынан тыс ауылдық жерде тұру;

      2) негізгі жұмыс орны бойынша әлеуметтік қолдау алушының лауазымдарын қоса атқару;

      3) әлеуметтік қолдауға құқығы бар лауазымдар тізіліміне сәйкес келмеу;

      4) ағымдағы жылы әлеуметтік қолдау тағайындалған кезде, жыл ішінде екінші рет жүгіну жағдайларында көрсетілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады