"Қадағалап ден қою шараларын колдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 272 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 26 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 сәуірде № 20264 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қадағалап ден қою шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 272 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17789 болып тіркелген, 2018 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қадағалап ден қою шараларын қолдану қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қадағалап ден қою шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы (бұдан әрі - Банктер туралы заң), "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы (бұдан әрі - Ипотека туралы заң), "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы (бұдан әрі - Сақтандыру қызметі туралы заң), "Қазақстанның Даму Банкі туралы" 2001 жылғы 25 сәуірдегі (бұдан әрі - Даму Банкі туралы заң), "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы (бұдан әрі - Кепілдік беру қоры туралы заң), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі - Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі (бұдан әрі - Мемлекеттік реттеу туралы заң), "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі (бұдан әрі - Кредиттік бюролар туралы заң), "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі (бұдан әрі - Төлемдер туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункті арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаны және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаны қоспағанда), банк холдингіне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, сақтандыру брокеріне, сақтандыру холдингіне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына, олардың басшы қызметкерлеріне, Қазақстанның Даму Банкіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға, сақтандыру тобының құрамына кіретін ұйымдарға, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларына, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар актуарийге, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы, банк холдингі, сақтандыру холдингі белгілері бар тұлғаларға қадағалап ден қою шараларын қолдану тәртібін белгілейді.

      2. Қадағалап ден қою шаралары Банктер туралы заңның 45-1-бабының 2-тармағында, Ипотека туралы заңның 5-4-бабында, Сақтандыру қызметі туралы заңның 53-1-бабының 2-тармағында, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 3-3-бабының 2-тармағында, Даму Банкі туралы заңның 28-бабында, Кепілдік беру қоры туралы заңның 3-1-бабының 2-тармағында, Кредиттік бюролар туралы заңның 11-бабының 3-тармағында, Төлемдер туралы заңның 24-бабының 4-тармағында көзделген негіздемелер бойынша, сондай-ақ уәкілетті органның алқалы органы Мемлекеттік реттеу туралы заңның 13-5-бабына сәйкес уәжді пайымдау қабылдаған жағдайда қолданылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Күшіне енгізу тәртібі Мемлекеттік реттеу туралы заңның 13-5-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көзделген уәжді пайымдау негізінде қолданылған қадағалап ден қою шарасын қоспағанда, қадағалап ден қою шарасы осы қадағалап ден қою шарасы қолданылған тұлғаға жіберілген күнінен бастап күшіне енеді.";

      19-тармақтың 1) тармақшасының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке немесе заңды тұлғаны банкпен, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен, банк холдингімен, сақтандыру холдингімен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға деп тану туралы талап қамтылатын, оны қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға алған күннен бастап орындалатын жазбаша нұсқаманы қоспағанда, уәжді пайымдау негізінде жазбаша нұсқама нысанында қолданылған қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды орындау Мемлекеттік реттеу туралы заңның 13-5-бабы 4-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес күшіне енген күнінен бастап басталады;".

      2. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады