"Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығына өзгеріс енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 2 сәуірде № 20273 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.04.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабы 2-тармағының 2-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 18 наурыздағы № 3 хаттамасының 11-тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 2020 жылғы 23 наурыздағы отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20164 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2020 жылғы 26 наурызда жарияланған) мынадай өзгеріс енгiзілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелеріне, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамына және "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Н. Мұқышевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2020 жылғы 1 сәуірі
№ 118 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 109 бұйрығымен
бекітілген

Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету қағидалары

1-тарау. Төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі

      1. Төтенше жағдай кезеңінде келесі мемлекеттік қызметтерді көрсету "Электрондық үкімет" веб-порталындағы (бұдан әрі - Портал) "Электрондық өтініш" сервисі (бұдан әрі - Сервис) арқылы, осы Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) қосымшаға сәйкес толтырылған, сондай-ақ, интернет-ресурс арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылады:

      1) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;

      2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау;

      3) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау;

      4) жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік төлем тағайындау;

      5) жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау;

      6) қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау;

      7) мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

      8) мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету;

      9) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

      10) мүгедектерге кресло-арбалар беру;

      11) мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету;

      12) үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      13) медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      14) оралман мәртебесін беру немесе ұзарту;

      15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

      16) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      17) көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      18) бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау;

      19) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау;

      20) мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау;

      21) өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру немесе ұзарту;

      22) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру;

      23) ақталған адамға куәлік беру;

      24) "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

      25) жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдем көрсету.

      2. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді алуға Сервис арқылы өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті алушы тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (бұдан әрі - Стандарт) сәйкес өтінішті толтырады, сондай-ақ тиісті Стандарттың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың сканерленген нұсқаларын қамтитын электрондық файлдарды қоса береді және электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі - ЭЦҚ) қол қояды.

      Бұл ретте тиісті Стандарттың 9-тармағында көрсетілген өтініш электрондық файл түрінде өтініш берушінің қолтаңбасынсыз қоса беріледі.

      3. Өтінішті алушы (адресат) мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сәйкес көрсетіледі - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) тиісті филиалы, жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменті (бұдан әрі - Департамент).

      4. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған өтініш Портал арқылы Мемлекеттік корпорация филиалының, жергілікті атқарушы органның немесе Департаменттің электрондық құжат айналымы жүйесіне жіберіледі.

      5. Мемлекеттік корпорацияның филиалы, жергілікті атқарушы орган және Департамент 2 жұмыс күні ішінде электрондық өтінішті көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының тиісті аудандық немесе қалалық бөліміне, қаланың немесе ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, халықты жұмыспен қамту орталығына, Департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне (бұдан әрі - МӘС бөлімі) жібереді.

      6. Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы 2 жұмыс күні ішінде тиісті Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттардың сәйкестігін тексереді.

      7. Сұрақтар туындаған кезде Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы электрондық өтініште көрсетілген телефон нөмірі немесе электрондық пошта арқылы көрсетілетін қызметті алушымен байланысады.

      8. Келіп түскен құжаттар Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес келген жағдайда Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы тиісті ақпараттық жүйеде электрондық іс макетін (МӘС актісін) қалыптастырады.

      9. Келіп түскен электрондық іс макетін (МӘС актісін) көрсетілетін қызметті берушілердің қарауы осы Қағидаларда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне (техникалық мүмкіндік болған жағдайда) sms-хабарлама арқылы жіберіледі не Сервис арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне немесе ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама ұсынылған жағдайда хабарлау процесін қайта болдырмау үшін көрсетілетін қызметті алушыға электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жауап берілмейді.

      11. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне шағымдануы тиісті мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен реттеледі.

2-тарау. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібінің ерекшеліктері

1-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      12. Егер көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі - атаулы әлеуметтік көмек) алушы болса, тікелей байланысты болдырмау мақсатында көрсетілетін қызметті алушыға атаулы әлеуметтік көмек жаңа кезеңге автоматты түрде өтінішсіз ұзартылады.

      13. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға алғаш рет жүгінген жағдайда, тікелей байланысты болдырмау үшін учаскелік комиссия байланыс құралдары арқылы көрсетілетін қызметті алушыға және (немесе) отбасына зерттеу жүргізеді.

      14. Мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушыға байланыс құралдары арқылы электрондық түрде жіберіледі.

      15. 12-14-тармақтармен реттелмеген атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың өзге де мәселелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларында айқындалады.

2-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      16. Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеуді МӘС бөлімдері "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес куәландырылатын адамды мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақылап тексеріп, бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай жүргізеді.

      17. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзім ішінде және төтенше жағдай уақытында келген адамдарға мүгедектіктің, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері төтенше жағдай орын алған кезеңде автоматты түрде ұзартылады.

3-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдем көрсету" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      18. Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу тұрғылықты жер бойынша "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай:

      1) еңбек қызметін растайтын (бар болса);

      2) білімі, біліктілігі, арнайы білімдерінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы (бар болса) құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.

      19. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.

      20. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оған лайықты жұмыс таңдауда жәрдем көрсетеді.

      21. Халықты жұмыспен қамту орталығы осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген мерзімде жұмыс іздеп жүрген адам үшін лайықты жұмыс таңдап бермеген жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері көрсетілген мерзім аяқталған соң бір жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры немесе ол уәкілеттік берген адам ЭЦҚ арқылы қол қоятын, жұмыс іздеп жүрген адамның құжаттары қоса берілген жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім жобасын қалыптастырады және оны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - "Еңбек нарығы" ААЖ) арқылы жібереді.

      22. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган "Еңбек нарығы" ААЖ арқылы алынған ақпараттың дәйектілігін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде тексеруді жүзеге асырады.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам "Еңбек нарығы" ААЖ-да жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешімге электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қояды.

      23. Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдемдесудің 18-22-тармақтарда реттелмеген мәселелері "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 259 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 13 шілдеде № 17199 болып тіркелген) бекітілген Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.

4-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны және еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлемді жүзеге асыру тәртібінің ерекшеліктері

      24. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын адамдарға төтенше жағдай кезеңінде төлемдер бұдан бұрын белгіленген мүгедектік тобына және (немесе) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне сәйкес төтенше жағдай режимі аяқталған айды қоса алғанға дейін төленеді.

3-тарау. Халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі

      25. Төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтық:

      атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға;

      тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

      тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге;

      мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға;

      халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздарға ұсынылады.

      26. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде жасайды.

      27. Азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтың құрамын жергілікті атқарушы органдар экономикалық мүмкіндіктерге байланысты, бірақ екі айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде айқындайды.

      28. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 22 қаулысында айқындалған өнім берушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасайды.

      29. Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алу үшін осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген адамдардың шоттарына ақша аудару арқылы азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ете алады.

      30. Өнім берушілер мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес адресатқа дейін жеткізуді жүзеге асырады.

  Төтенше жағдай кезеңінде
әлеуметтік-еңбек саласындағы
кейбір мемлекеттік қызметтерді
көрсету және халықтың
жекелеген санаттарын
азық-түлік және тұрмыстық
жиынтығымен қамтамасыз ету
қағидаларына қосымша

"Электрондық үкімет" веб-порталының "Электрондық өтініш" сервисі арқылы әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініштің электрондық нысаны

      ЖСН ___________________________________________________________________________

      Тегі ____________________________________________________________________________

      Аты ____________________________________________________________________________

      Әкесінің аты_____________________________________________________________________

      E-mail __________________________________________________________________________

      Пошта адресі (көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты адресі)

      ________________________________________________________________________________

      Телефон ________________________________________________________________________

      Мемлекеттік қызметтің атауы ______________________________________________________

      Өңір____________________________________________________________________________

      Қабылдаушы ____________________________________________________________________

      Мазмұны _______________________________________________________________________

      Өтінішке қоса берілген құжаттардың тізбесі:

Р/с №

Құжаттың атауы

Құжаттағы парақтардың саны

Ескертпе

1




2





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады