"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 192 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 18 мамырдағы № 70 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 25 мамырда № 20713 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 75) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 192 қаулысына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17374 болып тіркелген, 2018 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидаларында:

      1-тармақтың он тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "дүлей күш жағдайларының туындауы кезінде өткізілетін іс-шаралар шеңберінде, оның ішінде төтенше оқиғаларды және олардың салдарларын алдын алуға және жоюға бағытталған, сондай-ақ тез арада қалпына келтiрудi талап ететiн тетiктердiң, агрегаттардың, жабдықтардың, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етулердің, қосалқы бөлшектердiң және материалдардың сынуы, iстен шығуы туындағанда (растау құжаттары болған кезде), электр энергетикалық объектілердегі, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн коммуникациялық жүйелердегi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріндегі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 876 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесіне кіретін ерекше маңызды мемлекеттік объектілердегі, сондай-ақ өнеркәсіп салаларының және қызмет түрлерінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10310 болып тіркелген "Қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 353 бұйрығына сәйкес қауіпті өндірістік объектілер ретінде сәйкестендірілген объектілердегі апаттарды жою үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;";

      2-тармақтың 15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) тапсырыс беруші - бөлімшелері, филиалдары, өкілдіктері, ведомстволары арқылы Ұлттық Банк, сондай-ақ Ұлттық Банктің құрылымына кіретін ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы Ұлттық Банкке тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;";

      6-1-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) өздері мен тапсырыс беруші арасында бұрын жасалған сатып алу туралы шарттары бойынша міндеттемелерін орындамаған жеткізушілердің, сондай-ақ сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті жеткізушілердің дерекқорын (бұдан әрі - дерекқор) жүргізуді жүзеге асырады.

      Сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындамағандарға тауарды жеткізбеген, қызметтерді көрсетпеген және жұмыстарды орындамаған, оның ішінде толық көлемде орындамаған, олармен сатып алу туралы шарттар біржақты тәртіппен бұзылған жеткізушілер жатады.

      Дерекқор барлық тапсырыс берушілер үшін бірыңғай болып табылады және сатып алу порталын енгізгенге дейін Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:

      "6-2. Сатып алу порталының операторы Қағидалардың 176-1 және 192-1-тармақтарына сәйкес тапсырыс берушілер жіберетін ақпаратты алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны шартты бұзу және әлеуетті жеткізушіні шарт жасасудан жалтарған деп тану күнін көрсете отырып, дерекқорға орналастырады.

      Жеткізуші немесе әлеуетті жеткізуші туралы ақпарат өзі мен тапсырыс беруші арасындағы шарт бұзылған не ол шарт жасасудан жалтарған деп танылған күннен бастап 2 (екі) жыл өткеннен кейін дерекқордан алып тасталады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Қағидалардың 17-тармағында көзделген тәсілдермен жүзеге асырылатын сатып алулар Қағидаларда көзделген тәртіппен электрондық сатып алу арқылы да жүргізіледі.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Тапсырыс беруші сатып алу тәсілін осындай сатып алуды тапсырыс берушінің атынан тапсырыс беруші филиалының, өкілдігінің жүзеге асыру талабы кезінде оның филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жылдық көлеміне орай айқындайды.";

      159, 159-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "159. Шартты тікелей жасасу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті жеткізушіге жазбаша шақыру жібереді, онда мына мәліметтер:

      1) сатып алуды ұйымдастырушының атауы және орналасқан жері;

      2) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атаулары және тапсырыс беруші бекіткен техникалық ерекше нұсқамасы;

      3) өткізілетін сатып алудың мәні болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сома туралы мәліметтер;

      4) маңызды талаптарын, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімін, санын (көлемін) көрсете отырып, сатып алу туралы шарттың жобасы;

      5) Қағидалардың 158-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда әлеуетті жеткізушінің, оның қосалқы мердігерлерінің (бірлескен орындаушыларының) (олар тартылған кезде) Қағидалардың 50-тармағының 2) және 9) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерінің тізбесі;

      6) Қағидалардың осы тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген), электрондық құжат нысанындағы, олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын рұқсаттар (хабарламалар) (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, жеткізуші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін жібереді) беру туралы талап қамтылады;

      Шартты тікелей жасасу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті жеткізушіге шақыру жіберуі сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады.

      159-1. Шақыру жіберу күнінің алдындағы 2 (екі) жыл ішінде өзі мен тапсырыс беруші арасында бұрын жасалған сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тапсырыс берушімен шарт жасасудан жалтарған факті болған әлеуетті жеткізушіге шақыру жіберілмейді.";

      161, 162-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "161. Қағидалардың 158-тармағының 13) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, шартты тікелей жасасу тәсілімен өткізілетін сатып алудың мәні болып табылатын тауарды жеткізуді, жұмысты орындауды, қызметті көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші шақыру алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей сатып алуды ұйымдастырушыға мынадай құжаттарды қоса бере отырып, сатып алуға қатысуға жазбаша келісімін жібереді:

      1) әлеуетті жеткізушінің жарғысына сәйкес сенімхатсыз қол қоюға құқығы бар әлеуетті жеткізушінің бірінші басшысын қоспағанда, жазбаша келісімге қол қойған тұлғаға сатып алуға қатысуға берілген сенімхат;

      2) әлеуетті жеткізуші ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы және техникалық ерекше нұсқамасы;

      3) сатып алу туралы шарттың талаптарымен жазбаша келісу;

      4) ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға ұсынысы;

      5) Қағидалардың 158-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда, әлеуетті жеткізушінің (қосалқы мердігерлердің (бірлескен орындаушылардың) олар тартылған кезде) Қағидалардың 50-тармағының 2) және 9) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;

      6) Қағидалардың осы тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген), электрондық құжат нысанындағы, олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын рұқсаттар (хабарламалар) (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті жеткізуші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін жібереді).

      162. Шартты тікелей жасасу тәсілімен өткізілетін сатып алудың мәні болып табылатын тауар жеткізуді, қызмет көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші Қағидалардың 158-тармағының 13) тармақшасына сәйкес сатып алуды жүзеге асыру кезінде шақыру алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей сатып алуды ұйымдастырушыға мынадай құжаттарды қоса бере отырып, сатып алуға қатысуға жазбаша келісімін жібереді:

      1) жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

      2) тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың нотариат куәландырған көшірмесі және техникалық паспорттың көшірмесі;

      3) шақырту алған күннен ерте берілмеген, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;

      4) тұрғын үйдің ағымдағы жай-күйінің фототүсірілімін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген жылжымайтын мүлік объектісін (баспананы) бағалау туарлы есептің нотариат куәландырған көшірмесі;

      5) әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысы;

      6) неке қатынастарының бар екенін растайтын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, жұбайының (зайыбының) нотариат куәландырған келісімін не неке қатынастарында тұрғаны туралы фактінің жоқ екені туралы мәліметтер көрсетілген өтінішті немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе жесір екенін растайтын куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі.";

      мынадай мазмұндағы 162-1-тармақпен толықтырылсын:

      "162-1. Шартты тікелей жасасу тәсілімен электрондық сатып алуды жүргізу кезінде әлеуетті жеткізуші сатып алуды ұйымдастырушыға Қағидалардың 161 және 162-тармақтарында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, әлеуетті жеткізуші басшысының немесе ол уәкілеттік берген өзге адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған сатып алуға қатысу туралы растаманы жібереді.";

      163-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "163. Шартты тікелей жасасу тәсілімен сатып алуды жүргізу кезінде сатып алуды ұйымдастырушы тапсырыс берушінің бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген өзге адам бекітетін сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы ресімдейді.

      Электрондық сатып алуды жүргізу кезінде сатып алу қорытындысы туралы хаттама сатып алу порталында орналастырылады.";

      167-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) әлеуетті жеткізуші белгіленген мерзімде сатып алуға қатысуға жазбаша келісімін жібермеген не шартты тікелей жасасу тәсілімен өткізілетін сатып алуға қатысудан бас тартқан;";

      мынадай мазмұндағы 176-1-тармақпен толықтырылсын:

      "176-1. Тапсырыс беруші сатып алу порталының операторына дерекқорға орналастыру үшін әлеуетті жеткізушінің шарт жасасудан жалтарған деп танылған күнін көрсете отырып, тендер және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен өткізілген сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті жеткізуші туралы ақпаратты жібереді.";

      мынадай мазмұндағы 192-1-тармақпен толықтырылсын:

      "192-1. Тапсырыс беруші сатып алу порталының операторына дерекқорға орналастыру үшін шартты бұзу күнін көрсете отырып, өзі мен тапсырыс беруші арасында жасалған сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жеткізуші туралы ақпаратты жібереді.";

      Қағидаларға 2-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      Қағидаларға 4-қосымша осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді.

      2. Қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Ақпарат және коммуникациялар департаменті - Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2020 жылғы 18 мамырдағы
№ 70 қаулысына
1-қосымша
  "Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің,
оның ведомстволарының, оның
құрылымына кіретін
ұйымдардың және дауыс
беретін акцияларының
(жарғылық капиталға қатысу
үлестерінің) елу және одан да
көп пайызы Қазақстан
Республикасының Ұлттық
Банкіне тиесілі немесе
оның сенімгерлік
басқаруындағы заңды
тұлғалардың және олармен
үлестес заңды тұлғалардың
тауарларды, жұмыстарды және
көрсетілетін қызметтерді
иеленуі қағидаларына
2-қосымша
  Бекітілді
____________________________
(тапсырыс берушінің шешімі,
қабылданған күні мен
нөмірі көрсетіледі)

Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекше нұсқамасы

      (әрбір лотқа жеке беріледі)

      Сатып алудың атауы _______________________ ___________________

      Лоттың № _____________ лоттың атауы _____ _____________________

      Техникалық ерекше нұсқамада қажетті ерекшеліктерді, жоспарларды, сызбаларды, эскиздерді қоса алғанда, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің толық сипаты және талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық сипаттамалары беріледі. Сондай-ақ жеткізілетін тауарлар (орындалатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) сәйкес болуы тиіс ұлттық стандарт, мемлекетаралық немесе халықаралық стандарттар (олар бар болса), кепілдік мерзімі көрсетіледі.

      Тауарларға берілетін техникалық ерекше нұсқамада функционалдық, техникалық, сапалық сипаттамаларын сипаттау функционалдық шектерді, техникалық сипаттама өлшемдерін, тауардың нысанасын қамтитын тиісті бөлімдерге бөлінеді.

      Техникалық ерекше нұсқамада тауарларды жеткізу кезінде қажетті ілеспе жұмыстар, көрсетілетін қызметтер (құрастыруды, ретке келтіруді, оқытуды, тауарларды тексеруді және сынақтан өткізуді қоспағанда) және оларды көрсету орны, тауардың шыққан жылы, кепілдік мерзімі көрсетілуі тиіс.

      Көрсетілетін қызметтерге берілетін техникалық ерекше нұсқамада техникалық және сапалық сипаттамаларын сипаттау тиісті бөлімдерге бөлінеді, олар техникалық сипаттама өлшемдерін және қызмет көрсетуді тағайындауды қамтиды. Көрсету сапасы осындай жұмыстарды, қызметті көрсететін қызметкердің біліктілігіне байланысты болатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметті сатып алған жағдайда техникалық ерекше нұсқамада қызметкердің оған жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті кәсіби дайындық деңгейін және профилін, жұмыс стажын айқындайтын оған қойылатын талаптардың сипаты беріледі.

      Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы талап ететін жұмыстарды сатып алуды жүзеге асырған кезде техникалық ерекше нұсқаманың орнына белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама қоса беріледі. Бұл ретте Ұлттық Банкте қорғалуы тиіс мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген сызбалар (схемалар) сатып алу туралы шартқа және құпия ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қойылғаннан кейін жеңімпаз деп танылған әлеуетті жеткізушіге беріледі.

      Жұмыстарға арналған техникалық ерекше нұсқамада құрылыс алаңының, географиялық, инженерлік-геологиялық және басқа да ерекше табиғи жағдайлардың қысқаша сипаты, инфрақұрылым мен коммуникацияның болуы, жергілікті ресурстардың сипаты, стандарттар мен техникалық нормативтер жүйесі, сондай-ақ объектіні пайдалануға беру кезінде қайшылықтарды болдырмайтын объектінің толық құрамы, аумақты инженерлік дайындау, өндіріс технологиясы мен жабдық, инженерлік қамтамасыз ету, пайдаланылатын материалдар мен конструкциялар, объектіні жарақтандыру және басқалары жөніндегі талаптар көрсетілуі тиіс. Тиісті нормативтік-техникалық құжаттамаға жасалатын сілтемені көрсетуге рұқсат беріледі.

      Әлеуетті жеткізуші белгіленген талаптарға сай келетін техникалық ерекше нұсқаманы ұсынады.

Тапсырыс беруші бөлімшесінің басшысы

Тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)";

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2020 жылғы 18 мамырдағы
№ 70 қаулысына
2-қосымша
  "Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің,
оның ведомстволарының, оның
құрылымына кіретін
ұйымдардың және дауыс
беретін акцияларының
(жарғылық капиталға қатысу
үлестерінің) елу және одан да
көп пайызы Қазақстан
Республикасының Ұлттық
Банкіне тиесілі немесе
оның сенімгерлік
басқаруындағы заңды
тұлғалардың және олармен
үлестес заңды тұлғалардың
тауарларды, жұмыстарды және
көрсетілетін қызметтерді
иеленуі қағидаларына
4-қосымша

Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау өлшемшарттарын қолдану және олардың маңыздылығы шамасын есептеу әдістемесі

      1. Осы әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау өлшемшарттарын қолдану және олардың маңыздылығы шамасын есептеу әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) тендер тәсілімен сатып алуды жүзеге асырған кезде әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау үшін әзірленді.

      2. Тендер қатысушыларының өтінімдері бағалануы тиіс.

      3. Тапсырыс беруші тендер тәсілімен сатып алуды жүргізген кезде тендердің талаптарында әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалаудың мына:

      1) құндық (тендерлік баға ұсынысы);

      2) құндық емес (өткізілетін сатып алудың мәні болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары және (немесе) сатып алынатын тауарларды пайдалануға шығыстар, оған техникалық қызмет көрсету және жөндеу, кепілдік міндеттемелер, технологиялық шешімдер және (немесе) жұмыстарды озық материалдармен орындау, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасына әсер ететін басқа өлшемшарттар) өлшемшарттары белгіленеді.

      4. Тапсырыс беруші бағалау өлшемшарттарын белгілеу қажеттілігін дербес айқындайды және олардың маңыздылығы шамасын көрсетеді.

      Тендер талаптарында көзделген бағалаудың барлық өлшемшартының маңыздылығы шамасының сомасы 100 (бір жүз) балл болады.

      Бағалаудың құндық өлшемшарты маңыздылығының шамасы 60 (алпыс) балдан төмен емес мөлшерде белгіленеді.

      5. Қажет болған кезде, неғұрлым сапалы тауарлар, жұмыстар, қызметтер ұсынатын тендер қатысушысын анықтау үшін тапсырыс беруші техникалық ерекше нұсқамада әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалаудың мынадай құндық емес өлшемшарттарын көздейді:

      1) әлеуетті жеткізушіде жүргізілетін сатып алудың мәні болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында ұқсас сипаттағы тауар жеткізуге, жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге байланысты жұмыс тәжірибесінің болуы, оның болуын растайтын құжаттардың көшірмелерін (мысалы, шарттардың, тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді қабылдау-өткізу актілерінің, сондай-ақ жүк құжаттарының, шот-фактуралардың және басқа да құжаттардың көшірмелерін) қоса бере отырып;

      2) тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары және (немесе) сатып алынатын тауарларды пайдалануға шығыстар, оларға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, кепілдік міндеттеме - тапсырыс беруші техникалық ерекше нұсқамада өзіне басымды болып табылатын көрсеткіштің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен мәнін көрсетеді.

      6. Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалаудың жиынтық өлшемшарттары Әдістемеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау кестесінде әрбір лот бойынша құндық және құндық емес өлшемшарттар бойынша балдарды қосу арқылы анықталады.

      7. Неғұрлым жоғары балл жинаған әлеуетті жеткізушінің ұсынысы тендер жеңімпазы деп айқындалады.

      Тендер жеңімпазынан кейін неғұрлым жоғары балл жинаған әлеуетті жеткізушінің ұсынысы басымды деп айқындалады.

      8. Тендер жеңімпазымен сатып алу туралы шарт бағалау өлшемшарттарын және олардың көрсеткіштерін ескере отырып жасалады.

  Әлеуетті жеткізушілердің
өтінімдерін бағалау
өлшемшарттарын қолдану
және олардың маңыздылығы
шамасын есептеу әдістемесіне
қосымша
  Нысан

Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау кестесі

      _______________________________________________________________

      (тендер (лот) тәсілімен сатып алудың атауы)

Өлшемшарттың атауы

Белгіленген балл

Әлеуетті жеткізушінің атауы

Әлеуетті жеткізушінің атауы

1

2

3

4

5

1

Құндық өлшемшарт (тендерлік баға ұсынысы)




2

1-құндық емес өлшемшарт




3

2-құндық емес өлшемшарт




4

3-құндық емес өлшемшарт




5

Жиынтық баға

100



  Әлеуетті жеткізушілердің
өтінімдерін бағалау кестесінің
нысанына қосымша

Әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау кестесін толтыру бойынша түсіндірме

      1. Балл есептеу бағалаудың әрбір өлшемшарты бойынша жүзеге асырылады.

      2. Құндық өлшемшарт бойынша бағалау (тендерлік баға ұсынысы) техникалық ерекше нұсқамада кемінде 60 (алпыс) балл мөлшерінде белгіленеді.

      Ең төменгі тендерлік баға ұсынсын ұсынған әлеуетті жеткізушіге құндық өлшемшарт үшін көзделген балдың ең жоғарғы саны белгіленеді.

      Басқа тендерлік баға ұсыныстарын бағалау үшін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Бi = (Цmin / Цi) *Вз,

      мұнда,

      Бi - i-әлеуетті жеткізушінің есептеген балы;

      Цmin - әлеуетті жеткізушілер ұсынған тендерлік баға ұсыныстарының жалпы санынан ең төменгі тендерлік баға ұсынысы;

      Цi - i-әлеуетті жеткізушінің тендерлік баға ұсынысы;

      Вз -техникалық ерекше нұсқамада құндық өлшемшарт үшін белгіленген маңыздылық шамасы (кемінде 60 (алпыс) балл).

      3. Құндық емес өлшемшарт бойынша өтінімдерді бағалау үшін техникалық ерекше нұсқамада Әдістеменің 5-тармағының талаптарын ескере отырып 40 (қырық) балдан аспайтын мөлшерде өлшемшарт белгілейді.

      4. Өлшемшартты бағалаған кезде ең жоғары мәні озық болып табылатын, ең жоғары көрсеткіш ұсынған әлеуетті жеткізушіге ең жоғары балл саны (мысалы, кепілдік міндеттемені бағалаған кезде) белгіленеді.

      Басқа тендерлік баға ұсыныстарын бағалаған кезде есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Бi = (Пi/Пmax)*Вз,

      мұнда,

      Бi - і-әлеуетті жеткізушінің есептеген балы;

      Пi - і-әлеуетті жеткізуші ұсынған көрсеткіш;

      Пmax - әлеуетті жеткізушілер ұсынған ұсыныстардың жалпы санының ең жоғары көрсеткіші;

      Вз - құндық емес өлшемшарт үшін техникалық ерекше нұсқамада белгіленген маңыздылық шамасы.

      5. Өлшемшартты бағалаған кезде ең төмен мәні озық болып табылатын, ең төменгі көрсеткіш ұсынған әлеуетті жеткізушіге ең жоғарғы балл саны беріледі.

      Басқа тендерлік баға ұсыныстарын бағалау үшін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Бi = (Пmin /Пi) *Вз,

      мұнда,

      Бi - і-әлеуетті жеткізушінің есептеген балы;

      Пmin - әлеуетті жеткізушілер ұсынған тендерлік ұсыныстардың жалпы санының ең төменгі көрсеткіші;

      Пi - i-әлеуетті жеткізуші ұсынған көрсеткіш;

      Вз - құндық емес өлшемшарт үшін техникалық ерекше нұсқамада белгіленген маңыздылық шамасы.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады