Электрондық хаттаманың толықтығын, құрылымын және сапалы жаңғыртуын қамтамасыз етуге қойылатын техникалық талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 2020 жылғы 6 тамыздағы № 19 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 17 тамызда № 21096 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодексінің 133-4-бабының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Электрондық хаттаманың толықтығын, құрылымын және сапалы жаңғыртуын қамтамасыз етуге қойылатын техникалық талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Жергілікті соттардың жұмысын үйлестіру бөлімі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы
      Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің
      (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)
      Басшысы Н. АХМЕТЗАКИРОВ

  Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының жанындағы
соттардың қызметін
қамтамасыз ету департаменті
(Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты аппараты)
басшысының бұйрығымен
бекітілген 2020 жылғы 6 тамызы № 19

Электрондық хаттаманың толықтығын, құрылымын және сапалы жаңғыртуын қамтамасыз етуге қойылатын техникалық талаптар

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы электрондық хаттамаға қойылатын техникалық талаптар оның толықтығын, құрылымын және сапалы жаңғыртуын қамтамасыз ететін (бұдан әрі - Талаптар) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚР АПК) және электрондық құжатқа қойылатын талаптарды, оны тіркеуге беру және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда өткізілетін сот отырыстарының электрондық хаттамасына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Электрондық хаттама деп сот ісін жүргізу мақсатында сот талқылауының барысын дәл белгілеу үшін, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізуде нақты деректерді анықтау мақсатында пайдаланылатын сот талқылауының аудио-, бейнежазбасы танылады.

2 тарау. Электрондық хаттаманың толықтығын, құрылымдауын және сапалы жаңғыртуын қамтамасыз ететін техникалық талаптар

      3. Электрондық хаттама Қазақстан Республикасы соттарының сот отырыстарын тіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы жасалған цифрлық аудио-, бейнетіркеуден (бұдан әрі - АБК АБТ) тұрады.

      4. АБК АБТ сот отырысын өткізу барысында алынған аудио-, бейне материалдарды жазудың, өңдеудің және сақтаудың біртұтас жүйесі болып табылады.

      5. Электрондық хаттама жасалған кезде сот отырысы залының жергілікті компьютерінде сақталады. Электрондық хаттаманың көшірмесі де облыстық деңгейдегі негізгі және резервтік серверде сақталады.

      6. Сот отырысының барысын тіркеуді, аудио-, бейнежазбаны сақтауды және жоюды, электрондық хаттаманы жасау кезінде аудио-, бейнежазбаға қолжетімділікті қамтамасыз ететін аудио-, немесе бейнежазба құралдарын қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №12457 тіркелген).

      7. АБК АБТ электрондық хаттамасының толықтығы, құрылымы және сапалы жаңғырту үшін:

      1) техникалық бекітуді жүзеге асыратын, хатшының жергілікті компьютеріне сот отырысы залында орнатылған микрофондардан дыбысты және бейнекамералардан бейнежазбаны үздіксіз цифрлық жазу;

      2) сот отырысы хатшысымен электрондық хаттаманы одан әрі қарауды оңайлату үшін процеске қатысушыға сөз беру уақытын белгілеу мүмкіндігі;

      3) оптикалық дискіге немесе сыртқы электрондық тасымалдаушыға электрондық хаттаманы жазу мүмкіндігі;

      4) жергілікті компьютерден облыстық деңгейдегі серверге және жергілікті-есептеу желісі арқылы деректерді өңдеудің резервтік орталығына электрондық хаттаманы беру;

      5) келесі ақпаратты қамтитын шаблондар негізінде сот отырысының қысқаша хаттамасын автоматты түрде жасау:

      сот отырысын өткізу орны;

      сот отырысының басталу және аяқталу күні мен уақыты;

      істің нөмірі

      істің мәнінің қысқаша сипаттамасы;

      сот құрамы;

      сот отырысына қатысатын іс тараптары;

      процеске қатысушылардың дәлелдемесі түрінде ұсынылған қосымша материалдарда;

      процеске қатысушылардың сөз сөйлеген уақыт белгілері;

      электрондық хаттаманы құрайтын аудио және бейне файлдардың атауы, олардың мөлшері мен MD5 хэширлеу алгоритмі арқылы есептелген бақылау сомасы;

      6) тіркелген ақпаратты жазу режимінде де, сақтау режимінде де өзгерістер мен бұрмалаудан қорғау;

      7) компоненттердің жұмысқа қабілеттілігін аппараттық бақылау;

      8) сот отырысы залында орнатылған микрофондардан көп арналы аудио жазбаны қамтамасыз етеді.

      8. Электрондық хаттама серверлерде атауы автоматты түрде қалыптастырылатын және істің нөмірінен, сот талқылауын жүргізу күні мен уақытынан тұратын файлдар түрінде сақталады. Файлдар келесі форматтарға сәйкес келеді:

      1) бейне кодтау - MPEG4, XVID, WEBM, F1.V;

      2) дыбысты кодтау - MP3, Lame, AAC, WAV;

      3) бейне ажыратымдылығы кемінде 640х320.

      9. Электрондық хаттаманың аудио бөлігі АБК АБТ-ның сот отырысы залында орнатылған әрбір микрофонынан жазылған жазбаны сақтайды. АБК АБТ судьялар мен сот отырысының хатшыларына әрбір жеке аудио файлды басқалардан тәуелсіз тыңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. АБК АБТ автоматты түрде барлық микрофондардан (микширленген аудио файл) жазбаларды біріктіретін аудио файлды, сондай-ақ сот отырысы залының бейне жазбасын және барлық микрофондардан жазбаны біріктіретін аудио-,бейне файлды қалыптастырады. Микширленген аудио-,бейнефайл электрондық хаттаманы жасау кезінде АБК АБТ қолданатын кодтау пішімдерін қолдайтын кез келген мультимедиалық құрылғыда ойнатылады.

      10. Сот отырысы аяқталғаннан кейін электрондық хаттаманың ажырамас бөлігі ретінде оны сәйкестендіру және бүтіндігін тексеру үшін жеткілікті ақпаратты көрсететін оның қысқаша мазмұнының сипаттамасы автоматты түрде қалыптастырылады. Электрондық хаттама интеграциялау арқылы сот органдарының ақпараттық жүйесіне беріледі және істің басқа да электрондық материалдарымен бірге сақталады.

      11. Сот отырысы хатшысының электрондық хаттамаға қол қоюы сот органының ақпараттық жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңбаны (бұдан әрі - ЭЦҚ) куәландыру жолымен жүзеге асырылады.

      12. Бірінші және апелляциялық сатылардағы сот отырысының судьялары мен хатшыларына электрондық хаттамаға қол жеткізу сот органдарының ақпараттық жүйесінің ісіне электрондық ақпараттық-есептік құжаттан ұсынылады.

      13. Сот талқылауына қатысушының өтініші бойынша сот оған сот органдары ақпараттық жүйесінің "Сот кабинеті" сервисі арқылы электрондық хаттамамен танысу үшін рұқсат береді.

      Сот процесінің аудиожазбасын беру жүктеуге, сондай-ақ сот талқылауына қатысушы ұсынған оптикалық ақпарат тасығышқа немесе электрондық тасығышқа, оның ішінде ыңғайлы пайдалану үшін қызмет ететін бағдарламалық қамтамасыз етуді орналастыру арқылы жүзеге асырылады.

      14. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда АБК АБТ пайдалана отырып құрылған электрондық хаттамалар облыстық деңгейдегі тиісті мамандандырылған негізгі және резервтік серверлерде сақталады.

      15. Электрондық хаттаманы сақтау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12457 тіркелген) сот отырысының барысын тіркеуді, аудио-, бейнежазбаларды сақтауды және жоюды, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізуді қамтамасыз ететін аудио-бейнежазба құралдарын техникалық қолдану тәртібін ескере отырып, істің барлық сақталу мерзімі ішінде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады