Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 19 қазандағы № 101 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қазанда № 21508 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы", "Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы", "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.06.2023 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      2020 жылғы____________________

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 19 қазандағы
№ 101 қаулысымен
бекітілді

Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.06.2023 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі − Инвестициялық қорлар туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі − Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу, инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды келісу шарттары мен тәртібін белгілейді.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) басқарушы компания, көрсетілетін қызметті алушы – уәкілетті орган берген лицензия негізінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      2) биржалық ивестициялық пай қоры (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) – пайлары қор биржасында айналыста болатын индекстік инвестициялаудың аралық ивестициялық пай қоры

      3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – "Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу, инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметі;

      4) пай – инвестициялық пай қорындағы оның иесінің үлесін, инвестициялық пай қоры жұмыс істеуін тоқтатқан кезде оның активтерін және (немесе) Инвестициялық қорлар туралы заңда белгіленген жағдайда өзге де мүлікті өткізуден алынған ақшаны алу құқығын, сондай-ақ Инвестициялық қорлар туралы заңда айқындалған инвестициялық пай қоры қызметінің ерекшеліктеріне байланысты өзге де құқықтарды растайтын, шығарылымы құжатталмаған нысандағы атаулы эмиссиялық бағалы қағаз;

      5) портал – "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамының веб-порталы;

      6) өтініш – инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу және (немесе) инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер және (немесе) толықтыруларды келісу үшін өтініш;

      7) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.12.2023 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу шарттары мен тәртібі

      4. Басқарушы компания инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу және инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды келісу үшін уәкілетті органға Инвестициялық қорлар туралы заңның 20-бабының 1 және 1-4-тармақтарында көрсетілген құжаттарды ұсынады.

      5. Басқарушы компания талап етілетін құжаттармен қоса инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу және инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды келісу үшін өтінішті уәкілетті органға электрондық нысанда портал арқылы еркін түрде жібереді.

      Уәкілетті орган мемлекеттік қызметті Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесіне сәйкес көрсетеді.

      6. Инвестициялық пай қорының қағидалары қазақ және орыс тілдерінде жасалады және Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес инвестициялық пай қоры қағидаларының құрылымына сәйкес ресімделеді.

      Уәкілетті орган 2023 жылғы 1 шілдеге дейін тіркеген инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды келісу қажет болған кезде, басқарушы компания инвестициялық пай қоры қағидаларының электрондық нысанын ұсынады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.12.2023 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6-1. Биржалық ивестициялық пай қорының (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) қағидалары уәкілетті органға биржалық ивестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеуге өтінішті жіберу күніне дейін қор биржасымен алдын ала келісілуге тиіс.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.12.2023 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Хат-хабарларды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті органның қызметкері өтініш келіп түскен күні оны қабылдауды, тіркеуді және мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты бөлімшеге (бұдан әрі – жауапты бөлімше) орындауға жіберуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құжаттарды қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      8. Жауапты бөлімшенің қызметкері өтініш тіркеген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған кезде жауапты бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушыға жібереді.

      Басқарушы компания уәкілетті органның уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды портал арқылы электрондық нысанда жібереді.

      9. Ұсынылған құжаттардың толық болу және (немесе) қолданыс мерзімінің аяқталмау фактісі анықталған жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды және пайлардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы хаттың жобасын дайындайды.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешімі, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарланған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша уәкілетті орган хат (куәлік) не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту береді.

      Жауапты бөлімшенің қызметкері мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне қол қойғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны уәкілетті компанияға "жеке кабинетіне" уәкілетті органның уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық нысанда жібереді.

      10. Мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы ақпарат мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингтеу автоматты режимде жаңартылады.

      11. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган басқарушы компанияға электрондық нысанда:

      Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес пайлардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті және инвестициялық пай қорының қағидаларын (инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеген кезде);

      өзгерістер мен толықтырулар ескерілген инвестициялық пай қорының қағидаларын (инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен толықтыруларды келіскен кезде);

      Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті (басқарушы компания ауысқан кезде және инвестициялық пай қорының қағидаларына тиісті өзгерістер енгізу кезінде) жібереді.

      12. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеуден бас тартады:

      1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      2) инвестициялық пай қорының қағидаларында, оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда және келісуге ұсынылған өзге де құжаттарда қайшы келетін немесе дәйексіз мәліметтердің болуы;

      3) басқарушы компания қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

      13. Уәкілетті орган:

      1) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген кезде;

      2) инвестициялық пай қорының келісуге ұсынылған қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар туралы қайшы немесе жаңылыстыратын мәліметтер бар болған кезде инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды келісуден бас тартады.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      14. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды уәкілетті органның жоғары лауазымды адамы, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

      Шағым уәкілетті органға және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған уәкілетті органның лауазымды адамына беріледі.

      Егер Инвестициялық қорлар туралы заңда, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгіну сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жүзеге асырылады.

      15. Уәкілетті органның басшысына жіберілетін шағымда заңды тұлға атауын, пошталық мекенжайын, шығыс нөмірін және күнін көрсетеді.

      Шағымды қабылдаған уәкілетті орган қызметкерінің тегі мен аты-жөнін, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орнын көрсете отырып, уәкілетті органның кеңсесінде оны тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) уәкілетті орган басшысының шағымның қабылданғанын растау болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шағым тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралады.

      "Жеке кабинетте" портал арқылы өтініш берген жағдайда, шағымдану тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген телефондар арқылы алуға болады.

      Шағым портал арқылы жіберілген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға "жеке кабинетінен" өтініш туралы ақпарат қолжетімді болады, ол уәкілетті органның өтінішті өңдеу (жеткізу, тіркеу, орындалуы туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып отырады.

  Инвестициялық пай қоры
пайларының шығарылымын
мемлекеттік тіркеу
қағидаларына
1-қосымша

"Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы

Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрлерінің атауы

1) инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу;
2) инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу.

1.

Уәкілетті органның атауы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – уәкілетті орган).

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

Барлық кіші түрі бойынша:
бағалы қағаздар орталық депозитарийінің веб-порталы (бұдан әрі - портал)

3.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімі

Пайлардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу кезінде: 15 (он бес) жұмыс күні ішінде;
Инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу кезінде: күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде.

4.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Барлық кіші түрі бойынша:
Электрондық (толық автоматтандырылған).

5.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Кіші түрі бойынша:
Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік және инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеген жағдайда инвестициялық қор қағидалары электрондық нысанда;
өзгерістер мен (немесе) толықтырулар ескерілген инвестициялық пай қорының қағидалары (инвестициялық пай қорының өзгерістері мен (немесе) толықтыруларды келісу кезінде);
Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (басқарушы компанияны ауыстырған және инвестициялық пай қорының қағидаларына тиісті өзгерістер енгізу кезінде) не мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың осы тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздемелер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін ұсыну нысаны: электрондық.

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан өндіріп алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны өндіріп алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет ақысыз көрсетіледі.

7.

Жұмыс кестесі

Жұмыс кестесі:
1) порталдың – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты болатын техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш жасаған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) және "Мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Мерекелер туралы заң) сәйкес өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін жіберу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады);
2) уәкілетті органның – Кодекске және Мерекелер туралы заңға сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі - жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

8.

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

Кіші түрлер бойынша:
пайлардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін:
1) ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісімі бар, еркін нысанда жасалған, уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған өтініш;
2) басқарушы компанияның жарғысына сәйкес оның директорлар кеңесi немесе акционерлерiнiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi жалғыз акционерi) қабылдаған инвестициялық пай қорын құру туралы шешiмнiң көшiрмесi (электрондық нысанда);
3) қордың директорлар кеңесі, басқарушы компанияның жарғысына сәйкес оның директорлар кеңесi немесе акционерлерiнiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленетін жалғыз акционерi) бекiткен инвестициялық пай қорының қағидалары (электрондық нысанда);
4) егер басқарушы компанияның Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетiн, оның қызметiнiң, басқарушы компанияның құрылымдық бөлiмшелерi мен қызметкерлерiнiң инвестициялық пай қорын құру, оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және жұмысын тоқтату жөнiндегi қызметiнiң талаптары мен тәртiбiн регламенттейтiн iшкi құжаттары бұған дейін уәкiлеттi органмен келiсiлмеген болса, көрсетiлген құжаттар (электрондық нысанда).
Инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу үшін:
1) ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісімі бар, еркін нысанда жасалған, уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған өтініш;
2) өзгерістер мен (немесе) толықтырулар (өзгерістер мен толықтыруларды келісу кезінде) ескерілген қор қағидалары –инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды келіскен жағдайда (электрондық нысанда);
3) қор қағидаларына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілген орган отырысының шешімінің (хаттама) көшірмесі немесе хаттамасының үзінді көшірмесі (электрондық нысанда).
Уәкілетті орган заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерекқорынан алады.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негіздері

1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) инвестициялық пай қорының қағидаларында, оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда және келісуге ұсынылған өзге де құжаттарда қайшы келетін немесе дәйексіз мәліметтердің болуы;
3) басқарушы компания қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

10.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге талаптар

Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары және мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылған.
Көрсетілетін қызметті алушының порталдағы "жеке кабинеті" арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі жөніндегі бірыңғай байланыс орталығынан мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Порталда іркіліс не техникалық ақаулар анықталған жағдайда бірыңғай байланыс орталығына жүгіну қажет.
Бірыңғай байланыс орталығы: 8 800 080 86 68.

  Инвестициялық пай қоры
пайларының шығарылымын
мемлекеттік тіркеу
қағидаларына
2-қосымша

Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік

      20 __ жылғы "___" _________                                     Алматы қаласы

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

      __________________________________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      (инвестициялық пай қорының толық атауы және орналасқан жері)

      _________________________________________________________________ құрылған

      __________________________________________________________________________

      (басқарушы компанияның атауы)

      пайлар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүргізді.

      Осы шығарылым пайларына халықаралық сәйкестендіру нөмірі (ІSІN коды)

      ___________________________________________________________________ берілді.

      Пайлар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстыру себебі (пайлар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстырған жағдайда толтырылады):

      __________________________________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      Уәкілетті адам _____________________________________________________________

      (қолы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы) (тегі, аты-жөні)

  Инвестициялық пай қоры
пайларының шығарылымын
мемлекеттік тіркеу
қағидаларына
3-қосымша

Инвестициялық пай қоры қағидаларының құрылымы

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.12.2023 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Инвестициялық пай қорының қағидалары:

      1) инвестициялық пай қорының толық және қысқартылған атауын;

      2) инвестициялық пай қоры басқарушы компаниясының толық атауын және орналасқан жерiн;

      3) инвестициялық пай қоры кастодианының толық атауын және орналасқан жерiн, оның құқықтары мен мiндеттерін;

      4) инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясына және кастодианына аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдардың толық атауын;

      5) инвестициялық декларацияны;

      6) инвестициялық декларацияның талаптарына сәйкес инвестициялық пай қорының активтерiн келтiру тәртiбi мен мерзiмдерiн;

      7) инвестициялық пай қоры жұмыс iстейтiн мерзiмді, не оның мерзiмсiз жұмыс iстеуi туралы нұсқауды;

      8) инвестициялық пай қорының активтерiн сенiмгерлiк басқару шартын;

      9) инвестициялық пай қорының пайларына инвестициялау кезiнде инвесторлардың тәуекелдерi сипатын;

      10) инвестициялық пай қоры басқарушы компаниясының құқықтары мен мiндеттерiн;

      11) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында немесе пайдың номиналды құны көрсетілетін өзге валютада көрсетілетін бастапқы орналастыру кезеңiнде инвестициялық пай қоры пайының номиналды құнын;

      12) инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға өтінімдер беру және орындау талаптары мен тәртібін;

      13) инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың құқықтары мен міндеттерін;

      14) инвестициялық пай қоры активтерінің құнын және пайдың есептік құнын есепке алу және анықтау тәртібін;

      15) пайларды орналастыру кезінде олардың есептік құнына үстемақыны қолдану талаптары және есептеу тәртібін;

      16) басқарушы компанияның және инвестициялық пай қорының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, осы қордың активтері есебінен төлеуге жататын өзге де адамдардың шығыстары мен сыйақыларының түрлерін, оларды анықтау тәртібі мен ең жоғары мөлшерлерін;

      17) басқарушы компания немесе кастодиан инвестициялық пай қорының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі одан әрі қызметін жүзеге асыра алмағанда немесе одан бас тартқан жағдайда, оларды ауыстыру талаптары мен тәртібін;

      18) инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды тоқтата тұру талаптары мен тәртібін;

      19) инвестициялық пай қоры жұмысының тоқтатылғаны туралы ақпарат жарияланатын баспа басылымының атауын көрсете отырып инвестициялық пай қорының жұмыс істеуін тоқтату, оның ішінде қор жұмысын тоқтату кезінде пайларды сатып алу талаптары мен тәртібін;

      20) пай ұстаушылардың сұратулары бойынша есептерді ұсыну талаптары мен тәртібін;

      21) пай ұстаушылардың алдында инвестициялық пай қоры, оның қағидалары мен ондағы өзгерістер, қордың таза активтері құнының және пайдың есептік құнының өзгергені, пайдың орналастырылғаны және сатып алынғаны туралы, сондай-ақ инвестициялық пай қорының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін адамдар, олардың қызметі туралы ақпаратты жария ету талаптары мен тәртібін;

      22) инвестициялық пай қорының байланыс телефондарының нөмірлерін, орналасқан жерін көрсете отырып пайларын орналастыру және сатып алу бойынша басқарушы компания өкілдерінің тізбесін қамтиды.

      2. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының қағидалары, Инвестициялық пай қорының Қағидалар құрылымының (бұдан әрі – Қағидалар құрылымы) 1-тармағында көзделген мәліметтерден басқа, мыналарды:

      1) пайды сатып алуға өтінім беру және орындау талаптары мен тәртібін;

      2) пайларды сатып алуды тоқтата тұру талаптары мен тәртібін;

      3) басқарушы компания пайды сатып алу кезінде оның есептік құнымен жеңілдікті қолдану талаптары және есептесу тәртібін;

      4) басқарушы компанияның инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер мен толықтыруларды енгізуі талаптары мен тәртібін;

      5) пай ұстаушылардың тапсырысы бойынша пайларды басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруындағы ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларына алмастыру талаптары, басқарушы компанияның және қор кастодианының, сондай-ақ орталық депозитарийінің пай алмасу рәсімдерін жүргізуі талаптары мен тәртібін;

      6) "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және инвестициялық пай қорының қағидаларында белгіленген тәртіппен инвестициялық пай қоры туралы ақпарат жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді қамтиды.

      3. Жабық инвестициялық пай қорларының қағидалары Қағидалар құрылымының 1-тармағында көзделген мәліметтерден басқа, мыналарды:

      1) пайлар бойынша дивидендтер есептеу, төлеу талаптары мен тәртібін;;

      2) инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақырту және өткізу талаптарын, мерзімдерін және тәртібін, күн тәртібін, жалпы жиналыстың кворумын, жалпы жиналыстағы өкілдікті айқындау тәртібін, дауыс беру, дауыстарды санау, жалпы жиналыс хаттамасын ресімдеу тәртібін қамтиды.

      4. Биржалық инвестициялық пай қорының (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) қағидалары Қағидалар құрылымының 1-тармағында көзделген мәліметтерден басқа, мыналарды:

      1) биржалық инвестициялық пай қоры (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) қор биржасының толық атауын және орналасқан жерiн;

       2) биржалық инвестициялық пай қоры (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) маркет-мейкерінің толық атауын және орналасқан жерiн, оның құқықтары мен мiндеттерін;

      3) қор биржасының сауда жүйесінде биржалық инвестициялық пай қорының (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) пайларымен мәмілелер жасасу тәртібін;

      4) қор биржасы өткізетін ұйымдастырылған сауда-саттықта биржалық инвестициялық пай қорының (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) маркет-мейкері жария түрде жариялайтын пайларды сатып алу (сату) бағасының бір пайдың есептік бағасынан ең жоғары ауытқу шамасын айқындау тәртібін қамтиды.

      Қағидалар құрылымының 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген мәліметтер, сондай-ақ биржалық инвестициялық пай қорының (Exchange Traded Fund) (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) маркет-мейкері сауда-саттық күні ішінде жасайтын, оған қол жеткізіеннен кейін сол күні оның маркет-мейкер міндеті тоқтатылатын қор биржасының ұйымдасқан сауда-саттықта пайлармен өткізетін мәмілелердің көлемі туралы, сондай-ақ сауда-саттық күні ішінде маркет-мейкердің міндетін орындау кезеңі туралы ережелерді көздеуге тиіс.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады