Кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу сомасының шекті мөлшерін, сондай-ақ банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу жөніндегі талап қолданылмайтын кәсіпкерлік субъектілерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 150 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 95 бірлескен қаулысы мен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 24 желтоқсанда № 21901 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі БҰЙЫРАМЫН:

      1. Кәсіпкерлік субъектілерінің күнтізбелік ай ішінде банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу сомасының мынадай шекті мөлшері бекітілсін:

      1) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 000 000 (жиырма миллион) теңге;

      2) орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 120 000 000 (бір жүз жиырма миллион) теңге;

      3) ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 000 000 (бір жүз елу миллион) теңге.

      2. Осы бірлескен қаулының және бұйрықтың 1-тармағында белгіленген кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттардан күнтізбелік ай ішінде қолма-қол ақшаны алу сомасының шекті мөлшері мынадай кәсіпкерлік субъектілеріне:

      1) микрокәсіпкерлік субъектілеріне;

      2) ауылшаруашылық азық-түлік өнімін, акваөсіру (балық аулау) өнімін сатып алуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;

      3) осы бірлескен қаулыға және бұйрыққа қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлерімен тамақ өнімдерін, сусындарды, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардан олардың қолма-қол ақшаны алуы кезінде екінші деңгейдегі банктерге және Ұлттық пошта операторына және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қолданылмайтыны айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қолма-қол ақша айналысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы бірлескен қаулыны және бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен қаулыны және бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бірлескен қаулы және бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы бірлескен қаулының және бұйрықтың осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі осы бірлескен қаулы және бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде олардың көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы бірлескен қаулының және бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына және жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрі
__________Р. Даленов

Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
__________Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2020 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 150 бірлескен қаулысына
және
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2020 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 95 мен бұйрығына
қосымша

Тамақ өнімдерін, сусындарды, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық қызмет түрлері

Экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуіш коды Атауы

47.11

Мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату

47.21

Мамандандырылған дүкендерде жеміс-жидектер мен көкөністерді бөлшек саудада сату

47.22

Мамандандырылған дүкендерде ет және ет өнімдерін бөлшек саудада сату

47.23

Мамандандырылған дүкендерде балық, шаян тәрізділерді және былқылдақ денелілерді бөлшек саудада сату

47.24

Мамандандырылған дүкендерде нан-тоқашты, ұннан жасалған және қантты кондитерлік өнімдерді бөлшек саудада сату

47.29

Мамандырылған дүкендерде тамақ өнімдерін өзге бөлшек саудада сату

47.73

Мамандандырылған дүкендерде фармацевтикалық тауарларды бөлшек саудада сату

47.74

Мамандандырылған дүкендерде медициналық және ортопедиялық тауарларды бөлшек саудада сату


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады