Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № С-49/7 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 8 қаңтарда № 8287 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/8 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 24.11.2023 № С-8/8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес, Көкшетау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Көкшетау қалалық мәслихатының "Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 6 сәуірдегі № С-20/4 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6593 тіркелген, 2018 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Көкшетау қалалық
мәслихатының сессия
төрағасы
Б.Бегалин
      Көкшетау қалалық
мәслихатының хатшысы
Ж.Абишев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Көкшетау қаласының әкімдігі


  Көкшетау қалалық мәслихатының
2020 жылғы 24 желтоқсандағы
№ С-49/7 шешімімен
бекітілді

Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 16.05.2022 № С-17/13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен; 23.12.2022 № С-25/10 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Көкшетау қаласының әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмiрде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша Көкшетау қаласы әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндерi – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мереке күндерi;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбiр мүшесiне келетiн үлесi;

      6) өмiрдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкiлеттi орган – "Көкшетау қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелiк комиссия – ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен әлеуметтік көиек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеу жіргізу және қорытындылар дайындау үшін құрылатын комиссия;

      9) шектi шама – әлеуметтiк көмектiң бекiтiлген ең жоғары мөлшерi.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді ай сайын көрсетіледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабымен, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасымен, 11-бабының 2) тармақшасымен, 12-бабының 2) тармақшасымен, 13-бабының 2) тармақшасымен, 17-бабымен көзделген әлеуметтік қолдау шаралары, осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 23.12.2022 № С-25/10 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмек мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға бір рет көрсетіледі:

      1) Халықаралық әйелдер күніне - 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай - ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға;

      2) Жеңiс күнiне - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      еңбек ардагерлеріне: Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне; "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға; Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға; 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына)

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      3) Қазақстан халқының бiрлiгi мерекесi - 1 мамыр:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына және саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге;

      4) Республика күніне - 25 қазан:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға;

      ең төмен және төмен зейнетақы мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлерге;

      5) Тәуелсіздік күніне - 16 желтоқсан:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан адамдарға.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 07.10.2022 № С-22/11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.04.2023 № С-2/13 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      7. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қолдаудағы адамдарды қоспағанда, мұқтаж санаттардың бірі бойынша төленеді:

      1) кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға (азаматтарға), өтініші бойынша бір рет отбасының бір мүшесіне:

      күндізгі бөлімде оқитын колледж студенттеріне төлеміне оқу құнының мөлшерінде;

      жоғары медициналық оқу мекемелерінде оқитын және өтініш берген кезде соңғы 12 ай ішінде Ақмола облысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен студенттерге білім алу құны мөлшерінде;

      кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға (азаматтарға), 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      2) тұлғаларға (отбасыларға) кірісті есепке алмай бір рет:

      әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға (адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауру, қатерлі ісіктер) арнайы ем немесе симптом терапия алатындарға медициналық мекеменің анықтамасы негізінде, аурудың бір түрі бойынша 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      босату туралы анықтаманы ұсыну арқылы, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жеңілдіктер бойыншаҰлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен кететін станциядан госпитальдау орнына дейін және қайта келуін, растайтын құжаттар негізінде жол жүру құнының мөлшерінде;

      табиғи зілзала, өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) өмірлік қиын жағдай туындағаннан кезден бастап 3 айдын ішінде, табиғи зілзала, өрт фактісін растайтын құжаттың негізінде 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан адамдарға жолдама құны мөлшерінде Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу, бірақ 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен артық емес.

      3) әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың табысы есепке алынбай мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      амбулаторлық емделуде жатқан туберкулез ауруымен ауыратын адамдарға- медициналық мекеменің анықтамасы негізінде 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай тағайындалады, тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде медициналық мекеменің анықтамасы негізінде төленеді;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық төлемдер шығындарына 100 % мөлшерінде.

      Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар негіздеме болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;

      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне елеулі зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiленген бір шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 14.04.2023 № С-2/13 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың жергілікті атқарушы органы келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Көкшетау қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      Әлеуметтік көмекті төлеу әлеуметтік көмекті тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-күніне ай сайын жүзеге асырылады.

      12. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Көкшетау қаласының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      13. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады