Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 24.11.2023 № С-8/8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Көкшетау қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Көкшетау қалалық мәслихатының "Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № С-49/7 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8287 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
6 тармақтың 4) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"4) Республика күніне - 25 қазан:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға;
ең төмен және төмен зейнетақы мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлерге;";
6-тармақ келесі мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) Тәуелсіздік күніне - 16 желтоқсан:
"Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан адамдарға.";
7 тармақтың 2) тармақшасының бірінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, туберкулез, қатерлі ісіктер) денсаулық сақтау ұйымдарының есебінде тұрған, медициналық мекеменің анықтамасы негізінде, аурудың бір түрі бойынша 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";
7 тармақтың 2) тармақшасының бесінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан адамдарға жолдама құны мөлшерінде Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу, бірақ 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен артық емес.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы | Д.Акимов |