Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-9-тармағына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 14-1-бабының 2-тармағына, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 тіркелген, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығымен бекітілген, Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларының 4-тармағына сәйкес, Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақтөбе облыстық мәслихатының 2019 жылғы 2 тамыздағы № 455 "Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6330 тіркелген, 2019 жылғы 7 тамызда электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген шешіммен айқындалған, Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және алушылар санаттарының тізбесі, осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың сессия төрағасы |
А. Айтжанов |
Облыстық мәслихаттың хатшысы |
С. Калдыгулова |
Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 қазандағы № 565 шешіміне қосымша | |
Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 2 тамыздағы № 455 шешіміне қосымша |
Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және алушылар санаттарының тізбесі
1. Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және алушылар санаттарының тізбесі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 тіркелген, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығымен бекітілген, Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларына сәйкес әзірленді.
2. Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне алу үшін (қайтарымсыз және қайтарылмайтын негізде) әлеуметтік көмек түріндегі бастапқы жарна сомасының 90% мөлшерінде;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне алу үшін әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау (ақылылық, қайтарымдылық, мерзімділік шарттарымен бюджеттік заңнама талаптарына сәйкес бюджеттік кредит түрінде) түріндегі бастапқы жарна сомасының 50% мөлшерінде айқындалады.
Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 (бір) миллион теңгеден аспайды.
3. Тұрғын үй сертификаттарының алушылар санаттары:
1) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
2) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
3) толық емес отбасылар;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттiк ұйымдарда қызмет ететін қажетті мамандар.