Қарғалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № 532 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 6 қаңтарда № 7940 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 11 сәуірдегі № 159 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 11.04.2024 № 159 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Қарғалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қарғалыауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. "Қарғалы аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді оны ресми жариялағаннан кейін Қарғалы аудандық мәслихатының интернет – ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қарғалы аудандық
мәслихатының сессия төрағасы
А. Байменшина
      Қарғалы аудандық
мәслихатының хатшысы
Н. Заглядова

  Қарғалы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № 532 шешіміне қосымша

Қарғалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 03.12.2021 № 77 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарғалы ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілген байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерінде.

      Аз қамтылған отбасының (азаматардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі–уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №226 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20498 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

      Ескерту. 3 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 26.06.2023 № 44 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсалатын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі мен аз қамтылған отбасының (азаматардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының арасындағы жергілікті өкілді орган белгілеген айырма ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бiр бөлмелi пәтерден немесе жатақханадан бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      Ескерту.Шешімнің орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 26.06.2023 № 44 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 27.12.2023 № 113 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі –Мемлекеттік корпорациясы) немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы 2020 жылғы 16 қазандағы №539 "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21500 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 26.06.2023 № 44 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлігін күтіп ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырылады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау бойынша төлем ай сайын тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-шы күніне жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 26.06.2023 № 44 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсетуден тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде бас тартады.

      Ескерту. Қосымша 10 тармақпен толықтырылды - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 26.06.2023 № 44 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады