Учаскелiк комиссиялар туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы әкімдігінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 169 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2020 жылы 20 сәуірде № 5485 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі № 327 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 26.09.2023 № 327 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө бұйрығымен бекітілген Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарының 8-тармағына сәйкес Алматы облысының әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған учаскелiк комиссиялар туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Алматы облысы әкімдігінің "Атаулы әлеуметтiк көмекті алуға өтiнiш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу жөнiндегi учаскелiк комиссиялар туралы Ережені бекіту туралы" 2015 жылғы 16 ақпандағы № 81 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3103 тіркелген, 2015 жылдың 27 науырызында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. "Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны Алматы облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Алматы облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөліміне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің орынбасары Б. Байжұмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Баталов
     
      КЕЛІСІЛДІ
      Алматы облыстық мәслихатының
      хатшысы Дүйсембінов С.М.

  Алматы облысы әкімдігінің қаулысына қосымша

Учаскелiк комиссиялар туралы ереже

1. Жалпы ереже

      1. Осы учаскелік комиссиялар туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) бекітілген Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарының 8-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      уәкілетті орган – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия.

      Сонымен қатар, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асырады, ал учаскелік комиссия әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізеді.

      3. Учаскелік комиссиялар (бұдан әрі - Комиссиялар) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссиялар өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарымен ұйымдастырады.

      4. Комиссиялар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, осы Ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын басшылыққа алады.

2. Комиссиялардың міндеттері мен функциялары

      5. Комиссиялардың негізгі міндеті уәкілетті органға, ал ауылдық жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) немесе жергілікті өкілетті органдар бекітетін әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек көрсету, олардың атаулылығын арттыру жөніндегі қызметіне жәрдемдесу болып табылады.

      6. Комиссияның негізгі функцияларына:

      1) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу (бұдан әрі – тексеру);

      2) қажетіне қарай атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына зерттеу жүргізу үшін қажетті жетіспейтін мәліметтерді алу үшін тиісті органдарға сұрату жіберу;

      3) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамның (бұдан әрі – өтініш беруші) материалдық жағдайын тексеру актісін жасау;

      4) ұсынылған құжаттардың және/немесе тексеру нәтижелерінің негізінде Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын ескере отырып Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек немесе атаулы әлеуметтік көмек берудің қажеттілігі немесе қажеттіліктің жоқтығы туралы қорытындыны дайындау жатады.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      7. Уәкілетті орган, ал ауылды жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округтың әкімі учаскелік комиссияның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар (отырыс өткізуге арналған жеке бөлме беру, нормативтік құқықтық актілермен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету) жасайды.

      8. Комиссияның құрамы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, кооперативтердің, үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері, халықтың, ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдерінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құрылады.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан кем болмауы тиіс.

      9. Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы Ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуы үшін дербес жауаптылықта болады.

      10. Комиссия отырысының өткізілетін күні туралы өтініш берушіні хабардар етуді, отырыстың күн тәртібі бойынша ұсыныстар даярлауды, Комиссия отырысына қажетті құжаттар, материалдар мен оны өткізгеннен кейін хаттаманы рәсімдеуді комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      11. Өтініш беруші Комиссияның отырысына қатыса алады.

      12. Комиссия:

      жұмыспен қамту орталығынан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар және (немесе) атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер өтініш берушінің материалдық жағдайын тексерудің нәтижелері негізінде қорытынды дайындап, оны жұмыспен қамту орталығына немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді;

      құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, Қағидаларға сәйкес адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы немесе мұқтаждығының жоқтығы туралы қорытынды әзірлейді және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне жібереді.

      13. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      14. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып саналады.

      15. Комиссияның қабылдаған шешімі қорытынды түрінде ресімделеді, өтініш беруші онымен танысып, қол қояды.

      16. Өтініш беруші Комиссияның қорытындысына уәкілетті органға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануына болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады