Қызылорда облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 14 желтоқсандағы № 156 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 15 желтоқсанда № 7907 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21 шілдедегі № 592 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 21.07.2022 № 592 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті мен Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының өтініштерді қарауды бақылау бөлімдері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 560 қаулысына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қызылорда облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Т. Райғаниевке жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облысының әкімі Г. Абдыкаликова

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2020 жылғы 14 желтоқсаны
№ 156 қаулысымен бекітілген

Қызылорда облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті

Жалпы ережелер

      1. Қызылорда облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген және Қызылорда облысы әкімі аппаратының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының тәртібін регламенттейді.

      2. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды (бұдан әрі - қабылдау) Қызылорда облысы әкімі аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде (бұдан әрі - қоғамдық қабылдау бөлмесі) мына лауазымды адамдар жүзеге асырады:

      1) Қызылорда облысы әкімі және оның орынбасарлары;

      2) Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы және оның орынбасарлары;

      3) Қызылорда облысы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;

      4) Қызылорда облысы әкімі аппаратының алдын ала жазылу бойынша қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті өзге де қызметкерлері.

      3. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдері әкім аппаратының құрылымдық бөлімшелері басшыларының, сондай-ақ әкім аппаратының қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті өзге де қызметкерлерінің қабылдауына келіскен жағдайда оларды көрсетілген лауазымды адамдар олар өтініш жасаған күні қабылдауды жүргізеді.

      Қызылорда облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау тәртібі

      4. Қабылдауға жазуды қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер күн сайын жұмыс күндері жұмыс уақытында түскі үзіліспен "электрондық үкімет" веб-порталындағы электрондық құжаттар, қағаз форматтағы, оның ішінде қолма-қол түскен өтініштер немесе қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне ауызша нысанында, сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөлмесінің Call-орталықтарына келіп түскен өтінімдер негізінде жүргізеді.

      5. Мәселенің мәні баяндалмаған жеке қабылдау туралы өтініш қаралмайды, бұл туралы өтініш берушiге хабарланады.

      6. Қызылорда облысының әкімі мен оның орынбасарларының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдау, әкім бекіткен кестеге сәйкес айына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

      Сондай-ақ қабылдау "Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес есеп беру кездесуі өткізілгенге дейін бір күн бұрын және есеп беру кездесуі өткізілгеннен кейін өткізіледі.

      7. Лауазымды адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда), қабылдау күндері көрсетілген қабылдау кестесі қазақ және орыс тілдерінде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің үй-жайларында көзге оңай түсетін жерлерде, сондай-ақ облыс әкімінің ресми сайттарында ілінеді.

      8. Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары қабылдауды әкімнің қабылдау өткізілетін күні көрсетілген тиісті тапсырмасы бойынша бекітілген кестеден тыс жүзеге асыра алады.

      9. Қабылдаудың алдында жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі (бұдан әрі - арыз беруші) өзінің жеке басын куәландыратын құжатты, ал басқа тұлғалардың атынан өтініш жасаған кезде - олардың мүдделерін білдіру өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетеді.

      10. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 наурыздағы № 390-16 қ қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

      Қажет болған жағдайда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау аудармашының қатысуымен жүргізіледі.

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдауда берген өтініштері, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда оларды қараудың өзге ережелері көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      11. Қабылдау өтініштердің кезегі тәртібімен жүргізіледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, барлық санаттағы мүгедектер, жүкті әйелдер, "Алтын Қыран" ордендерімен марапатталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы бар адамдар кезектен тыс қабылданады.

      12. Арыз берушілердің келісімімен Қызылорда облысы әкімінің және оның орынбасарларының қабылдауы бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      13. Коронавирус пандемиясына немесе азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты басқа да жағдайларға орай шектеу шаралары енгізілген жағдайда қабылдау бейнеконференцбайланыс арқылы ғана жүзеге асырылатын болады.

      14. Мына:

      жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша;

      бұрын қабылданған немесе сол мәселе бойынша өтінішіне жауап берілген тұлғаларды қабылдауға жазу жүзеге асырылмайды.

      15. Уақытша еңбекке жарамсыздық, қызметтік іссапар және басқа да жағдайлардың себебі бойынша қабылдау жүргізу мүмкін болмаған жағдайда қабылдаушы адам қабылдауға жауапты қызметкерді жеке қабылдау өткізілгенге дейін кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын немесе қабылдау өткізілетін күні хабардар етеді.

      16. Қабылдау күнінде қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қосымша өтініштер мен басқа да ілеспе құжаттарды дұрыс ресімдеуге (қажет болған жағдайда) көмектесетін заң консультанттары, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер тартылуы мүмкін (еріктілерді қабылдау күндері ғана тартуға болады).

      17. Қабылдауды Қызылорда облысының әкімі өткізген кезде Қызылорда облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) аумақтық бөлімшелері өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етеді.

      18. Егер көтерілетін мәселе орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің құзыреті шегінен шығып кеткен жағдайда, онда тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының атына орталық аппарат өкілдерінің бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуына сұрау салу жіберіледі.

      19. Орталық мемлекеттік орган өкілдерінің қабылдауға қатысуы бойынша сұрау салу жіберілгеннен кейін арыз беруші 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберілген сұрау салу туралы және қабылдауға жазу туралы өтінішті қараудың ұзартылғаны туралы хабардар етіледі.

      20. Мемлекеттік органдардың Қызылорда облысы әкімінің бірлескен қабылдауына қатысудан бас тарту фактілері туралы ақпарат 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жіберіледі.

      21. Қабылдау арыз берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      22. Қабылдау барысында қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері арыз берушілерге Қызылорда облысы әкімі аппаратының қызметкерлерін шақыра алады немесе тиісті лауазымды адамдармен қабылдау уақыты мен орнын келіседі.

      23. Қабылдау нәтижелері тапсырмаларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетіліп хаттамаланады. Хаттамалық тапсырмалар өтініштерге қоса тіркеледі.

      24. Азаматтарды қабылдау бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау мәселелері бойынша өтініштерді тіркеу және қарау тәртібі

      25. Қабылдауға жазу туралы келіп түскен барлық өтініштерді қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері құжат айналымының электрондық жүйесінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде тіркейді және Бөлімге алдын ала қарауға жібереді.

      26. Қызылорда облысы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен Бөлім қабылдау басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күн бұрын, материалдарды жинағаннан және талдағаннан кейін әкім аппараты басшысының атына қабылдау күнін белгілеу немесе бас тарту туралы ұсыныспен анықтамалық ақпарат дайындайды.

      27. Қабылданған шешімнің қорытындысы бойынша Бөлім Қызылорда облысының әкімі және оның орынбасарлары қабылдайтын адамдардың тізімін қалыптастырады және оны қабылдау кестесіне енгізу үшін қоғамдық қабылдау бөлмесіне жібереді.

      28. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жауапты қызметкері бекітілген тізімдерді қабылдау кестесіне кезектілік тәртібімен бөледі.

      29. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жауапты қызметкері өтініш тіркелген кезден бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірмей арыз берушіге қабылдау уақыты мен күні немесе қабылдаудан дәлелді бас тарту көрсетілген жауапты жолдайды.

      30. Мәселенің сипаты барынша пысықтауды талап ететін күрделі болған жағдайда Бөлімнің қорытындысы негізінде арыз берушіге өтінішті қарау мерзімін өтініш тіркелген кезден бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге ұзарту туралы хат жіберіледі.

      31. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің уәкілетті қызметкерлерінің Қызылорда облысы әкімінің және оның орынбасарларының қабылдауын ұйымдастыру, қабылдауды өткізу тәжірибесін талдау және қорыту үшін қажетті материалдарды ұсыну туралы талаптары Қызылорда облысы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелері және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері үшін міндетті болып табылады.

      Қабылдау қорытындысы бойынша тапсырмалардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру

      32. Қабылдау қорытындысы бойынша дайындалған хаттамалық тапсырмаларды бақылауды тікелей Бөлім жүзеге асырады.

      33. Арыз берушіге түпкілікті дәлелді жауап қабылдаудан келіп түскен өтінішті бақылаудан алу үшін негіз болып табылады.

      34. Қабылдау барысында арыз берушілер берген өтініштер электрондық құжат айналымы жүйесінде тіркеледі. Өтініштерге "жеке қабылдаудан" деген белгі қойылады.

      35. Қабылдаудан түсетін өтінішті қарауды оны бұрын шешкен қызметкерге тапсыруға жол берілмейді.

      36. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері арыз берушілердің қанағаттану деңгейіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуі тиіс; консультация алған және жеке қабылдауға жазудан бас тартқан арыз берушілерге іріктеліп телефон байланысы арқылы сауал жүргізіледі.

      37. Бөлім Қызылорда облысы әкімі аппаратының мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп:

      1) Қызылорда облысы әкімінің және оның орынбасарларының азаматтарды қабылдау шеңберіндегі жұмысын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді;

      2) арыз берушілерді қабылдауға тартылған жауапты лауазымды адамдардың, оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың, прокуратура және сот билігі органдарының аумақтық бөлімшелерінің жауапты лауазымды тұлғаларының қатысуын (келісім бойынша);

      3) арыз берушімен кері байланысты (қажеттілігіне қарай);

      4) қоғамдық қабылдау бөлмесі шеңберінде, оның ішінде: төтенше жағдай, төтенше ахуал режимдерін; эпидемиологиялық сипаттағы карантиндік шараларды енгізуге; халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін техногендік апаттар мен өзге де апаттармен байланысты шектеу шаралары қабылданған жағдайда жұмыс істейтін call-орталықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

      38. Қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысының нәтижелері туралы Қызылорда облысының әкімін, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімін тұрақты негізде (тоқсанына бір реттен сиретпей) хабардар ету қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады