Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормаларын, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы

Жаңа

Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 маусымдағы № 444 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 1 шілдеде № 7557 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының 8-бабы, 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес Қазалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормалары, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. "Қазалы ауданы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің Қағидаларын бекіту туралы" Қазалы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 19 ақпандағы № 388 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 5397 нөмірімен тіркелген, "Қазалы" газетінде 2016 жылы 16 наурызда және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылы 20 сәуірде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазалы аудандық мәслихатының кезектен тыс LXI сессиясының төрағасы А. САРАБЕКОВ
      Қазалы аудандық мәслихат хатшысы К. НАЗЫМБЕКОВ

  Қазалы аудандық мәслихатының
  2020 жылғы 25 маусымы
  № 444 шешіміне қосымша

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормалары, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары

1. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар мен олардың шекті толу нормалары

      1. Қазалы ауданы аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін мынадай арнайы орындар мен олардың шекті толу нормалары айқындалсын:

      1) жиналыстар, митингілер ұйымдастыру және өткізу үшін:

      Әйтеке би кенті, "Жанқожа батыр" кесенесі, Қазалы мөлтек ауданы №135 учаскесі (Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығы) шекті толу нормасы – 400 адамға дейін;

      Әйтеке би кенті, Қ.Пірімов көшесі №1 "Жеңіс" саябағының батыс беткейіндегі бас қақпасының алды, шекті толу нормасы – 150 адамға дейін;

      Қазалы қаласы, Қорқыт Ата көшесінің бойындағы "Орталық алаң", шекті толу нормасы – 150 адамға дейін;

      Аранды ауылдық округі, Қожабақы ауылы, Т.Емешұлы көшесіндегі Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының "Қожабақы ауылдық мәдениет Үйі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының алды, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Бозкөл ауылдық округінің Бозкөл ауылы, Қ.Өтепбергенов көшесі №25 мекен жайындағы Бозкөл ауылдық округі әкімі аппаратының "Бозкөл ауылдық мәдениет Үйі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының ауласы (орталық саябақ), шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев ауылы, Ақтан батыр көшесі №20 "А" мекен жайдағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ішкі аумағы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Алға ауылдық округінің Ү.Түктібаев ауылы, Б.Әбдіразақов көшесіндегі №49 мекен жайындағы Алға ауылдық округі әкімі аппаратының "Үрмәш Түктібаев ауылдық клубы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының алды, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Қарашеңгел ауылдық округінің Жалаңтөс батыр ауылы, Ә.Төлеубаев көшесі №3 мекен жайындағы орталық алаң, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Өркендеу ауылдық округінің Жанкент ауылы, Қорқыт ата көшесі №25 б мекен жайындағы ауылдық жастар алаңы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Майлыбас ауылдық округінің Ақсуат ауылы, А.Иманов көшесінің бойындағы орталық саябақ, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Сарбұлақ ауылдық округінің Сарбұлақ ауылы, Сарбұлақ көшесі бойындағы тағзым алаңы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Қызылқұм ауылдық округінің Кәукей ауылы, Ғ.Мұратбаев көшесі №10 мекен жайындағы Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының "Кәукей ауылдық клубы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының алды, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Майдакөл ауылдық округінің Бекарыстан би ауылы, Е.Тілеубаев көшесі №16 мекен жайындағы "Тәуелсіздік" алаңы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Басықара ауылдық округінің Басықара ауылы, Ү.Түктібаев көшесінің бойындағы "Орталық алаң", шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Құмжиек ауылдық округінің Қ.Пірімов ауылы, Т.Ізтілеуов көшесінің бойындағы орталық саябақ, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Сарыкөл ауылдық округінің Абай ауылы, Зейнолла Шыраев көшесінің бойындағы "Тағзым" алаңы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Бірлік ауылдық округінің Бірлік ауылы, Тәуелсіздік көшесі бойындағы орталық саябақтың алды (солтүстік беткейі), шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Тасарық ауылдық округінің Тасарық ауылы, Тасарық көшесі бойындағы тағзым алаңының алды, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Көларық ауылдық округінің Ақтан батыр ауылы, Орталық алаңының алды, Әйтеке би көшесі жағы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Арықбалық ауылдық округінің Жанқожа батыр ауылы, Әйтеке би көшесі бойындағы орталық саябақ, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Ақжона ауылдық округінің Майдакөл ауылы орталық көшесі №27-А учаскесі, "Тағзым алаңы" ескерткішінің алды, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін;

      Шәкен ауылдық округінің Шәкен ауылы, Шәкен көшесінің бойындағы "Тағзым" алаңы, шекті толу нормасы – 100 адамға дейін.

      2) демонстрациялар, шерулер ұйымдастыру және өткізу үшін:

      "Жеңіс" саябағынан бастап Қ.Пірімов көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін, шекті толу нормасы - 300 адамға дейін.

      Бейбіт жиналыстарға қатысушылардың болжамды саны бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормаларынан асып кетпеуі тиіс.

      2. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады.

      3. Жаппай жерлеу орындарында, теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда, қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда, магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда пикеттеуді өткізуге тыйым салынады.

2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі

      4. Бейбіт жиналыстарды бейбіт жиналыстар өткізілетін күні жергілікті уақыт бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды. Пикеттеу ұзақтығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде, дәл сол бір объектіде күніне 2 сағаттан аспауға тиіс.

      5. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін Қазалы ауданының әкімдігі бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.

      6. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде, дәл сол бір уақытта, дәл сол бір объектіде екі және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді.

      7. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда тазалықты сақтауы және тәртіпті қолдауы, қалалар мен елді-мекендердің абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулеттік нысандар, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермеуі, сонымен қатар "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 2-тармағы және 6-бабының 2-тармағында белгіленген міндеттерді сақтауы тиіс.

      8. Ішкі істер органдары өзінің құзыреті шегінде бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақтауды, адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауды, жол қозғалысын реттеуді, өрт қауіпсіздігін, жаппай тәртіпсіздіктің және топтасып бағынбаушылықтың жолын кесуді қамтамасыз етеді.

      9. Денсаулық сақтау ұйымдары өзінің құзыреті шегінде бейбіт жиналыстарды өткізу кезіндегі науқастарды қабылдауды және медициналық көмек көрсетуді жүзеге асырады.

      10. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға және қатысушыларға мыналарға тыйым салынады:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, жаппай тәртіпсіздіктерге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билікті басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

      2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін орындауы кезінде олардың қызметіне кедергі келтіруге;

      4) өзімен бірге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық нұқсан келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген нәрселерді (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

      5) алкоголь өнімін, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

      6) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

      7) және жасағаны үшін жауапкершілігі қолданыстағы заңнамаларда белгіленген өзге де құқыққа қарсы әрекеттер.

      11. Бейбіт жиналыстарды тоқтату үшін мыналар негіздер болып табылады:

      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатердің төнуі, мүлікке, оның ішінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орынның шекті толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтіру;

      2) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзуға үндеулер;

      3) бейбіт жиналыстарды өткізу нысанын өзгерту;

      4) Заңның 17-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайлар басталғанда;

      5) ұйымдастырушының бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуы;

      6) бейбіт жиналыс өткізу уақытының өтуі.

      Қазалы ауданы әкімдігінің өкілі бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан не оларға қатысушылардан бейбіт жиналыстарды өз еркімен тоқтатуды талап етеді және бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талапты орындау үшін уақыт белгілейді.

      Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейбіт жиналыстарды мәжбүрлеп тоқтату жөнінде қажетті шараларды қолданады.

      12. Мемлекеттік органдардың, Қазалы ауданы әкімдігінің, олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

3. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      13. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар мүмкіндігіне қарай сыртқы электрлік жарықтандыру қондырғылармен, электр желілеріне қосылатын нүктелермен, қоқысқа арналған құтылармен, ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен қамтылуы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтерге сәйкес абаттандырылған болуы қажет.

      14. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.

      15. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткізу үшін арнайы орындарда жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың, қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлғаның, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қаржыландыруына тыйым салынады.

      16. Қазалы ауданы әкімдігінің келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға тыйым салынады.

4. Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары

      17. Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары мынадай болып айқындалсын:

      1) жаппай жерлеу орындарының іргелес аумақтың шекарасынан - 300 метр;

      2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 500 метр;

      3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан – 400 метр;

      4) қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 400 метр;

      5) магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 400 метр.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады